​КҮН ТӘРТІБІНДЕ – ШАРУАШЫЛЫҚ ЖАЙЫ

Жезқазған қаласының қоғамдық кеңесі 2021 жылдың алғашқы отырысын онлайн форматында өткізді. Күн тәртібінде қоғамдық кеңестің биылғы жылғы жұмыс жоспары мен коммуналдық салаға қатысты берілген ұсыныстардың орындалысы тыңдалған жиынға қала басшысы Қайрат Әбсаттаров қатысты.

Қоғамдық кееңстің жұмыс жоспарына бүгінде мысты өлкеде өзекті деген қаланы көгалдандыру мен абаттандыру, мектептердегі педагог мамандардың тапшылығын жоюдың жол картасын жасау мәселелері қамтылыпты. Одан бөлек, өңір ақсақалдарының өтініші бойынша мұсылмандардың қабірстанын күтіп ұстау, жерлеу рәсімін өткізуді ұйымдастыру да жоспарға енгізіліпті. Жоспарды таныстырған қоғамдық кеңестің төрағасы Сағындық Қожамсейітов қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапановқа сөз кезегін берді.

Ол өз кезегінде қоғамдық кееңс тарапынан жүктелген міндеттемелердің орындалысы туралы баяндады. Жезқазған қаласында иесіз қалған электр желілері мен жылу, ыстық су мен ауызсу құбырлары барын бұған дейін де жазған едік. Оларды тиісті мекеменің балансына өткізуге қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі жауапты. Аталған жұмысты аяқтау мерзімі де белгіленген. Дегенмен, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны Бекболатсай мен Қостанкелді елдімекеніндегі құбырларды өз балансына алудан бас тартқан. Кәсіпорынды сенімгерлікпен басқаратын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығына хат жаздық дегенді алға тартқан Қайрат Бапанов ұзындығы 25 шақырым болатын электр желісін маусымға дейін электр желілері кәсіпорны балансына өткізетініне сендірді.

Қаланың көшелері мен жолдары да күтіп ұстауды қажет ететіні белгілі. Осы мақсатқа жылда қомақты қаржы қарастырылады. Мсыалы, биылғы жылға қала бюджетінен 190 млн бөлініп отыр. 2020 жылы аталған бағыттағы жұмыстар тиісінше атқарылмай, конкурста мердігер атанған «Құсайын жолдары» ЖШС тапсырыс беруші қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі сотқа берген. «Жұмысты жасадық», «жасамадың» деген тараптардың тартысына қандай нүкте қойылатынын болжау мүмкін болмай отыр. 2021 жылдың қаңтары мен ақпанында қаладағы 53 көшенің жолдарын қардан тазартып, тұз бен құм себу жұмыстары «Инабат Строй Гарант» ЖШС-ға жүктеліпті. Бүгінде кәсіпорында 53 жұмыскер барын жеткізген ЖШС атқарушы директоры Мұратбек Мылтықбаев өзіне тиесілі арнайы техниканың жоқтығын мойындады. Техниканы жалға алатынын айтқан ол бұрынғы қалалық автокөлік жолдары басқармасының техникасын пайдаланып жүргенін де мойындады.

Осы ретте қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев өз жұмысын тоқтатқан қалалық автокөлік жолдары басқармасының техникасы неге уақытылы мемлекеттің меншігіне өтпей, талан-таражға түскенінің себебін сұрады. Сұраққа толыққанды жауап бермесе де тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Есетов алдағы күндері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен техниканы жинастыруға сөз берді.

Алдағы уақытта қоғамдық кеңестің мүшелері әр мемелекеттік мекеменің конкурстық комиссиясы құрамына енгізілсе деген ұсынысыны білдірген төраға жаңадан тартылып жатқан ауыз су желісін іске қосу туралы ақпарат ұсынуды қала әкімінің орынбасары Қайрат Бапановтан сұрады. Жиын соңында сөз алған қала әкімі қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелердің барлығы орынды екенін тілге тиек ете келе, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей байланысты мәселелерді шешуде күш біріктіру қажеттігін айтты.

Диана ОРАЗАЛИНА

23:01
743

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020