ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС, ҚОМАҚТЫ ЖОСПАР

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров тұрғындар алдында есеп берді. Пандемия шектеулеріне байланысты кездесу онлайн форматында «Дидар» телеарнасы мен әлеуметтік желілер арқылы өтті.

Тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ аспас бұрын қала басшысы 2020 жылды қортыныдылап, болашаққа бағамдаған ілкімді істер туралы баяндап берді.

–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру» — деп атап өтіп, жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтетіндігін жеткізді. Жезқазған қаласының әкімдігі бұл маңызды міндеттерді орындауға тың қарқынмен кірісті. Биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Ел тарихындағы бұл маңызды кезеңге орай іс-шаралар ұйымдастырылып, нақты жобалар жүзеге асырылмақ. Тұтастай алғанда қаланың экономикалық көрсеткіштері қалыпты, бұл бізге дамудың жаңа көкжиегін айқындауға мүмкіндік береді. Біздің жоспарларымыз барлық салаларда нақты шараларды жүзеге асыруға, әрбір адамның өмірінің жақсарғанын сезінуіне бағытталған. Ол жоспарлардың біршамасы биыл «Жезқазғаннның 70 жылдығына – 70 игі іс» жобасы аясында бастау алмақ, – деп сөзін бастаған Қайрат Бектайұлы Жезқазғанда қолға алынатын әрбір жобада тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерілетініне сендірді.

Жалпы, жыл қорытындысы бойынша қала экомикасының барлық бағыттарында өсу қарқыны байқалған. Атап айтқанда өнеркәсіпте 16% — ға, инвестиция тарту 20%-ға, ауыл шаруашылығы 13%-ға, құрылыс 16%-ға, сауда 25% — ға артқан. Жұмыссыздық деңгейі 0,1 пайызға төмендеп, 4,7% — ды құраса, орташа айлық 187 086 теңгеден 219 737 теңгеге өсті. Қаланың 2020 жылғы бюджеті 106,9% — ға орындалды, оның ішінде кіріс бөлігі 1,9 млрд.теңгеден асып 27,6 млрд. игерілді. 2021 жылдың бюджеті 22,4 млрд. теңге сомасында бекітіліп, қаланың әлеуметтік және экономикалық саясатын іске асырудың негізгі бағыттары айқындалды. Индустриялық-инновациялық даму картасы аясында іске қосылған 9 инвестициялық жобаның нәтижесінде 652 жұмыс орны ашылған.

450 млн теңге көлеміндегі инвестиция тарту арқылы салынып жатқан құрылыс материалдары зауыты тағы 30 жұмыс орнын құрады деп көзделуде. Биыл жалпы инвестиция көлемі 18,1 млрд.теңгеге 3 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашатын жобалардың қатарында концентраттарды гидрометаллургиялық өңдеу тәжірибелік зауыттың, өнеркәсіптік реагент өндірісіне негізделген химиялық зауыт пен биоэлектростанцияның құрылысы бар. Жалпы 2021 жылы 39,1 млрд.теңге инвестиция салынады деп күтіледі.

Әр салаға жеке-жеке тоқталып, өткен жылы жеткен жетістіктерді тізбектеген әкімінің қала экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған ауқымды жоспарлары көптің өкөңілінен шықты. Мысалы, енді бізде ауыл

шаруашылғында мал басын көбейтіп қана қоймай, оның өнімін өндеу қолға алынады. Сонымен бірге, өсімдік шарушалығына да баса назар аударылмақ. Нақтырақ айтқанда, жылыжай салынып, егістік алқаптарының аумағын 200 га дейін ұлғайтылмақ. Шаруашылықтың өркен жаюы үшін Жезді су қоймасын Талап суару жүйесінің магистралды каналымен қоса қайта жаңартылмақ. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларынан кеңде емес жезқазғандық кәсіпкерлер алдағы күндері де мемлекеттік «Бизнестің жол картасы», "Қарапайым заттар экономикасы", «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік алмақ. Жұмыссыз тұрғындардың қатарын сирету мақсатында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде қаладағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың саны 371-ге кеміген. Жезқазғандықтардың өмір сүру сапасын арттыру, сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, мәдениет пен өнерді дамыту бағытында атқарылған шаруаларға да кеңінен тоқталған Қайрат Әбсаттаров коммуналдық саланы жаңғырту, оның ішінде қала көшелері мен аулаларын абаттандыру, жол жөндеу мен тозығы жеткен ауыз су, жылу мен кәріз желілерін жаңарту, ауыз судың сапасын арттыру мен газдандыру, жарықтандыру, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру, экологиялық ахуалды жақсартып, жасыл желектерді көбейту мәселелерін шешу күнтәртібінен түспейтінін жеткізді.

Қала басшысына байланысқа шыққан тұрғындар сан алуан сұрақ қойып, ұсыныс білдіріп жатты. «Инстаграм» әлеуметтік желісінде қойылған сауалдарға тиісті мекеме мен кәсіпорын басшылары жауап берді. Уақыттың тығыздығына байланысты «Whatsapp» мессенжеріне келіп түскен сұрақтардың түгеліне дерлік жауап беру мүмкін болмады. Дегенмен, әр тұрғынның өтініші мен тілегі жерде қалмайтынына сендірді. Оларға жеке жауап беріледі екен. Тікелей эфирге қоңырау шалған тұрғындардың алғашқысын Жезқазғанның туристік әлеуетін арттыру жоспары қызықтырды.

– Туристік кластерді дамыту бойынша өңірдің киелі және тарихи жерлері бойынша туристік маршруттар әзірленді, оларға Жошы хан мен Алаша хан, Домбауыл, Теректі әулие кесенелері және басқалары кірді. Негізгі туристік маршрут картасына Ұлытаудың тарихи-мәдени мұрасына бару мүмкіндігі бар 8 тарихи ескерткішті енгізу көзделуде. Жылына 3 мың турист келеді деп жоспарлануда, – деп жауап берген қала басшысына Мадина Алдажанова деген тұрғын Бекболатсай елді-мекенінің жағдайы алаңдатты. Аталған ауданда ауыз жол, су, жарық пен кәріз, жылу жүйесінде бірқатар мәселелер бар. Оларды шешу әрине уақыт пен қаржыны талап етеді. Дегенмен, сең қозғала бастағандай. Жезқазғанды газдандырудың жоспарына сәйкес Бекболатсай елді-мекені ІІ кезекте тұр. Болман көшесін асфальттеу де биылға межеленген. Қаланың 91-92 орамдары мен шағын аудандарда ауыстырылады деп жоспарланған 1946 шамның ішінде Бекболатсай елді-мекені де кірген. Жылу жеткіліксіздігі мәселесі де өз шешімін табатын күн алыс емес. 2021 жылы 11 жылу магистралінің құбырларын жаңартылады.

Жезқазғанда Ұлы Абай ескерткішінің жоғы да айтылды. Осы ретте, әкім «Наурыз» саябағында руханият аллеясы ашылатынын, онда бас ақынның

еңселі ескерткіші орнатылатынын жеткізді. Бүгінде конкурстық рәсімдер басталып та кетіпті.

Әкім есебі барысында құрылысы тұралап қалған Гагарин көшесіндегі балабақша мен көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы қайта жанданатынынан, 60 үй ауласы заманауи талаптарға сай абаттандырылып, онда балалар ойын алаңы мен дала тренажерлері орнатылатынынан, болашақта 4 балабақша бой көтеріп, ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үй салынатынынан хабардар болған тұрғындар Қайрат Әбсаттаровтың жұмысына оң бағасын беріп, алғыс білдіріп жатты.

Есебін Алаш қайраткері Ә.Бөкейханның «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін ілмеген кісі, көш басын да алып жүре алмайды» деген сөзден түйіндеген қала әкімі туған жерідің әр тасы ыстық екенін тілге тиек етіп, Жезқазғанның жарқын келешегі жолында бірлесе аянбай еңбек етуге шақырды.

12:16
1055

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020