​ҰЛЫТАУДЫҢ ҰЛАНЫ – ЖҮРСІН АҚЫН

Жыл он екі айдың бәрі де жақсы. Әйтсе де ақпан айы мен үшін нағыз ақындар айы сияқты көрінеді. Неге десеңіз ақпанның тоғызында Мұқағали Мақатаев дүние есігін ашыпты. Дәл осы күн – Ғалым Жайлыбайдың туған күні. Араға екі-үш күн салып, нақтылап айтсақ ақпанның он екісінде Жүрсін Ерман 70 жасқа келіп тұр. Қазақтың маңдайына біткен ғажап ақындарды сыйлаған бұл ақпанды ақындар айы демегенде не дейсіз?! Қалың ел Мұқағалидың 90 жылдығын дүрілдетіп тойлап жатыр. Ғалымның жырлары жатқа оқылып, жалпақ жұртқа жетуде. Ал 70 жасқа толған Жүрсін Ерман туралы айтылар әңгіме, шертер сыр тіптен көп. Әсіресе, үш жүздің басын қосқан Ұлытауда «Жүрсін ағамыз 70-ке келді» деп желпініп жүрген жастар жетерлік. Шынында да тұлғасы бөлек, жыры арынды, жаратылысынан дарынды ақынды тек жерлестері ғана емес, тұтас қазақ атын ардақтап, мақтан тұтады. Оған лайық жырлары бар ел қадірлесе, қадірлейтіндей өнегелі ісі, өшпес үлгісі қандай?! Өшкенді жағып, жаңартқандай қазақ айтысын өткен ғасырдан жетектеп жеткізгенінің өзі де неге тұрады.

Ұлытаудың заңғарынан Алатауға тіл қатқан Жүрсінді қанша білемін, танимын деген жанның өзі оның бір қырынан бір қыры терең екенін, бір жырынан бір жыры екпіндеп асып түсетінін аңғармайды емес. Сегіз қырлы деген сөздің өзі Жүкеңе аздық ететіндей. Оны өзге емес өз басымнан да айта аламын. Ұлытаудың ұлы болып, Жүрсіннің жырларын іздеп оқитын жанның бірі ретінде оны қанша білдім десем де, мұхиттың жиегінде ғана жүзгендей күй кешемін. Неге десеңіз мұхиттан да терең ол. Ойы зеңгір көктің де ар жағында. Оның көлеміне де, өлеңіне де ой да, бой да жетпейді. Десе де сонау жылдар елесі көз алдыма келгенде балғын балалық кезде, жұлқынған жігіттік шақта Жүрсіннің қатарластарымыздан жүрісі де, тұрысы да, сөйлеген сөзі, өзі де бөлек екені байқалып-ақ тұратын. Ең алғаш оның жазған жырларын сол кездегі Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінен оқығаным ойға оралады. Бітім-болмысы бөлек, жүрекке жылы тиетін, тілге жеңіл жұп-жұмыр өлеңнің соңында Жүрсін Молдашов деп қол қойылған. Жүрсін ақынның жырлары аудандық газеттің әр нөмірінен сол кездерде көрініп тұрды. Кейінірек Жүрсіннің өзін көрдік. Сөзі жатық жігіттің өзі батыл, шымыр екен. Тұла бойында қайрат-күш «Ассалаумаликум» деп сәлемдескеннің өзінде-ақ салалы саусақтарынан сезілетін. Ашық алақан айдай әлемнің алаңы сияқты. Батыл жігіт күрескенмен күресе алатын, тірескенмн тіресе алатын, батырлығы да байқалды. Содан ба, бәлкім, сәлемнің өзін сәндеп беретінбіз. Ондағымыз – өз алақанымызды аяғанымыз шығар. Кейінірек білдік, Жүрсіннің әкесі Молдаш Ұлытау өңіріндегі жамбасы жерге тимеген алып балуанның бірі екен. Кешегі берісі Қажымұқан, әріс сонау Қобыланды мен Тілеулі батырдың ұрпағы. Тектіліктің де тамыры тереңде екендігін байқай беріңіз. Міне, осындай бойында күші бар, ойында жыры бар жігіт біздің мектептің, Ұлытау 11 жылдық мектебінің, біздің сыныптасымыз Бақытжамалмен бас қосты. Бақытжамал да ажарына көркі сай, сөйлесе сөзі, салса әні таңқалдырар нағыз Ұлытаудың аруы деп мақтанатынбыз. Осылайша Жүрсін ақынмен аралас-құралас күй кештік. Мұның бәрі де біз бүгінгі білетін Жүрсіннің алға басқан әр қадамының сол кездің өзінде-ақ аршын да алымды болуын қалыптастырғандай. Осы ретте Жүрсініннің ағасы елімізге белгілі, қаламы қарымды журналист Көбейсін Еңсебаев туралы бір ауыз сөз айтудың да қисыны келіп тұр. Көбекең, нақтылап айтқанда Жүкеңнің ағасы ғана емес, қалам ұстатқан, журналистік жолға салған ұстазы да. Жүрсіннің ұстазы Көбекең маған да газеттегі жол өлшеуіш (строкамер) құралымен газет беттеуді үйреткен журналист болып қалыптасуыма жол ашқан жан. Демек, Жүкең екеумізді журналистік жолға салған – Көбейсін Еңсебаев.

Республикалық басылымдарда да Жүрсін жырлары жарық жұлдыдай жарқырай көрінді. Жезқазған теледидарында Жүрсін мен Бақытжамал көрерменнің көзайымына айналды. «Қыран құс биікке самғайды» дегендей Жүрсін Алматының төрінен жыр оқыды. Оның жырларына қазақтың «Осы қалай» деген мықты ақындары ден қойды. Жаңа жырларымен қатарластарын таңқалдырып, аға ақындар да оны мойындады. Бұл жайлы осыдан 20 жыл бұрын Қарағанды қаласында жерлесіміздің 50 жасқа толған тойы республикалық деңгейде аталып өтті. Дүбірлеген айтыс болды. Айтыстың соңында қазылар алқасының құрамындағы қазақтың аймаңдай ақындары Қадір Мырзаәлі мен Тұманбай Молдағалиев сахна төріне көтерілді. Екеуі де шешіле сөйлеп сала берді. Қазақтың Қадір ақын «Мына Жүрсін Алматыға келіп, ақын-жазушылардың ортасында ой тастады. Еркін жүріп ойқастады. Ай, бір жас келді. Сөмкемізді көтерсе де, қасымызда жүргені жақсы дедік. Жырларын оқыдық. Сүйсіндік. Жыр бәйгесінде Жүрсіннің шаңында қалып қоярмыз-ау деп көңілге алаң кірді. Шынында да солай болды. Бүгін, міне, біз, Тұманбай екеуміз осы Жүрсінінің соңынан ердік. Ол біздің емес, біз оның сөмкесін көтеріп кеткендейміз. Бұл неліктен? Бұл — ақынның ақынды мойындауы деңіздер. 50-ге келген Жүрсіннің шашасына шаң жұқпасын» деген еді. Дәл осындай пікірді Тұманбай ағамда тамсана айтты. Міне, таланттыны таланттардың танығаны деген осы шығар. Десе дегендей Жүрсіннің жырлары ойға, философияға құрылады. Көңіліңдегіні дөп басады. Жалғыз мен емес, жыр сүйер қауымның біразы Жүкеңнің «Қасымның үйі» деген өлеңін жарияланған күні-ақ жаттап алды.

Дүлділім еді жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Біздің үй соның іргесінде еді, — деген Жүкеңнің жыры ақын біткенді жалт қаратты. Шынында да ақынға қамқорлық, ақынға қолдау қашанда қажет екеніне көптің назарын бір аудартты. Мұның ар жағында сонау Қасымның кезеңінен бері ақын біткеннің сыбағадан қағажу қала беретіні қалай деген сауал жатқандай.

Жүрсін жырларының оқыған адам бір жасап, тыңайып қалады. Бәзбіреулер сияқты ежіктеп, еліктеп жазбайды. Жүрсін тек Жүрсінше жазады. Содан да шығар, оның жырлары өзгелерден дараланып, бөлектеніп, көріктеніп, көркем көрінетіні. Көбен көргенің көңілге түйіле бере ме? Осыны біз ой елегіне салып көрдік пе? Көрсек те байыбына жеттік пе? Ал ол Жүрсін жазған жырында былай өрбиді:

Арбаса нәпсі ібіліс,

Алаңдап қалам ұлып іш.

Көңілге неге сыймайсың,

Көзіме сыйған құбылыс.

Ал қараңыз. Мынау сансыз ғаламда көзің көргеннің бәрін көңілің қабылдай ала ма? Мүмкін емес. Көзбен көргеніңнің, көңіліңе орныға қоюы, не ғайбыл. Міне, ақынның саған да, маған да, оған да салар ойы – осы. Бұл озық ойлы ақынның өзгелерден оқ бойы дара тұрғанын көрсетеді. Бүгінде жазба ақынның сан жарысында жүлде алған ақпан айының басында туған Мұқағали атындағы сыйлықтың екі мәрте иеленген Жүрсін Ерман дегенде қалың қауым «Қазақ айтысының атасы» деп те ажарландыра түседі. Айтыстың туын көтеріп, өлмес жырларды өңгеріп, жетпістің желкенін желбіреткен Жүрсінді кім білмейді десек те, оның Ұлытаудың ұлы екенін бүгінгі де, келешек ұрпақ та кеудесін керіп тұрып, мақтана айтарына ешкімнің де еш күмәні жоқ деп батыл айта аламыз. Үш жүздің басын қосқан Ұлытаудың ұлы Жүрсін ақынға «Жетпісің жүзге жалғассын, Жүке!» дейді елі. Бала-шағасының қызығына кенеліп, қалың елдің алғысына бөлене беруін біз де қалаймыз. Лайым тілегіміз қабыл болғай! Жетпісің құтты болсын, Жүке, дейік...

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ

Жезқазған

09:12
362

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020