​ҮЛКЕН ЖОЛДАН ҮМІТ КӨП

Республикалық деңгейдегі Қызылорда-Жезқазған автожолының құрылысына қатысты әңгіме жыл сайын көтеріледі. Бірақ, әлі нақты нәтижелі іс болмай отыр. Өткен жылы жол құрылысының жобасына қатысты қаламызда және Талап елді мекенінде қоғамдық тыңдау өткізілген болатын. Осындай шара Қызылорда жағында да өткізіліп, жиналған жұртшылыққа жолды қайта жаңғыртудың жобасы таныстырылды. Автожолдың бойында мал өсірумен айналысып отырған шаруа қожалықтары аз емес. Соған орай жол бойындағы көпірлер мен суағарлар, мал айдап өтетін жерлер тұрғындар назарына ұсынылып, нақтыланды. Сең қозғалғандай болған осы шаралардан соң көпшілік қауым жол құрылысының басталуын тағатсыздана күтіп, үлкен үмітпен қарауда. Сонымен, стратегиялық маңызы зор күре жолды жаңғырту жөніндегі құрылыс жұмыстары қашан басталмақ? Біз тиісті орындарға сұрау салып, осы мәселені нақтылауға тырысқан едік.

«Қызылорда – Павлодар – Успенка және Ресей шекарасы» деп аталатын республикалық маңызға ие бұл автомобиль жолының дұрысталуы қос өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасының өркен жаюына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Үлкен жолдың жаңғыруы оңтүстік өңірдің еліміздің орталық және солтүстік облыстарымен тікелей қарым-қатынасты жақсартып, автокөлікпен жүк тасымалдауды барынша жандандырады. Мәселен, қазір Қызылорда жағының көліктері Нұр-Сұлтанға 1917 шақырым қашықтықты еңсеріп жететін болса, Жезқазғанға дейінгі жоба ойдағыдай жүзеге асар болса, жол 817 шақырымға қысқарады екен. Ал, жолдың қазіргі жай-күйі туралы жүрген жандар қынжыла айтқанда жылағың келеді. Күз бен көктемнің жаңбырлы лайсаң кездері мен қысқы боран-шашында жолда қалып бейнет шегушілер қаншама. Қашықтығы 420 шақырым болатын автожолдың, әсіресе біздің Қарағанды облысына қарайтын 216 шақырымының басым бөлігі мүлдем сын көтермейді. Мәселен, жолдың тең ортадағы 120 шақырымдай бөлігіне қиыршық тас төселмеген, ой-шұңқырын айтпағанда, батпақтап қалатын жаман жерлері көп. Ал, Қызылорда жағына қарайтын 127 шақырымына асфальт төселген болса, жолдың 60 шақырымы қиыршық таспен нығыздалған. Сонымен қоса, Қызылорда жолшылары жыл сайын өздеріне тиесілі бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырады екен. Бергі бөлігінде мұндай жүйелі жұмыстар онша атқарылмайды. Құлатүзбен өтетін күре жолдың бойында ұялы телефон байланысы ұстамайды. Көлігі сынып жолда қалғандарға көмек жасап, паналататын автокемпинг те жоқ. Сондықтан, «Бір жол бар — алыс, алыс та болса жақын, бір жол бар – жақын, жақын да болса алыс» демекші, бұл бағытпен беймезгіл кезде жүруге әркім тәуекел ете бермейді.

Жалпы, Жезқазған – Қызылорда автожолын қайта жаңғырту Үкімет деңгейінде 2002 жылдан бері көтеріліп, жоспарланып келеді. Бірақ, бір жылдары әлемдік экономикалық дағдарыс, тағы бірде Батыс Еуропа – Батыс Қытай автобаны сияқты басқа бір маңызды жобалардың кіріп кетуінен үнемі кейінге шегеріліп келеді. Әлі есімде, 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жезқазғанға келген сапарында «Байқоңыр» қонақүйінің мәжіліс залында бірге жүрген ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Мен ол кезде «Орталық Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі едім. Сауал беру орайы келген соң осы Қызылорда – Жезқазған жолы қашан салынатыны туралы сұрадым. Сол жолы Елбасы ең әуелі ел экономикасына аса қажетті магистральдардың қолға алынатынын, біртіндеп бұл жолға да кезек келетінін байыппен түсіндірді. «Болашақта Қызылордаға теміржол да тартылады» дегенді қосып айтқан еді. Шүкір, сол жолы айтылған теміржолдың ел игілігіне айналғанына да 6-7 жылдың жүзі болды. Ал, жылда айтылғанмен автожолға қол жетпей келеді. Ішектей созылып, елді үміттендірумен ғана шектеліп келе жатқан осы жобаның арғы жағын айтпай-ақ берідегісін қозғар болсақ, «2014 жылы Қызылорда – Жезқазған автожолының құрылысына жобамен мемлекет 10 млрд. теңге қаражат бөлетін болды. Жолды қайта жаңғыртуды 2015 жылы бастау жоспарлануда, қазір тендерге түсетін қуатты мердігер іздестірілуде» деген хабар таратылғанда жұртшылық тағы бір қуанып қалған еді. Содан бері зәрезап болып қалғандықтан ба, биыл басталып қалар деген хабарды тағы естігенімізбен, әлі де бас киімімізді аспанға атып қуануға ерте болар деп отырған жай бар. Дегенмен, Қызылорда жағы жақында есеп-қисаптарын алға тартып, жол құрылысының биыл басталатыны туралы бір хабар жариялады.

Осыған орай, біз Жезқазған – Қызылорда жолын жаңғыртуға байланысты жағдайды толық анықтап, жоба барысын нақтылау мақсатымен «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Ұлан Әліповпен хабарласқан едік.

– Қазірде Қызылорда-Жезқазған жолын қайта жаңғырту жобасы жөніндегі жобалау-сметалық құжаттары жасалып, аяқталуға жақындады. ЖСҚ толық біткен соң жоба Үкіметтің үйлестіру кеңесіне ұсынылады. Жобалық-сметалық құжаттар алдағы наурыз айының ішінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алады деп күтілуде. Жолдың қайта жаңғырту жүргізілетін барлық 10 учаскесі бойынша мердігерлерді анықтау үшін конкурс өткізіледі. Мердігерлер анықталған соң құрылыс басталады. Әр лотқа бөлінген учаскелер бойынша құрылыс жұмыстарын жолдың екі жағынан бірдей қатар жүргізу жоспарланып отыр, — дейді Ұлттық компания басшысы.

– Ұлан Тоқтарбайұлы, қаржы көлемі мен қаржыландыру көзі белгіленді ме? Сондай-ақ, жол құрылысын жүргізу қанша мерзімге созылады?

– Техникалық-экономикалық негіздеу бойынша 412 шақырым Қызылорда-Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғыртудың болжамдық құны 200 млрд. 126,6 млн. теңге. Жобаны Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Құрылысты жүргізу мерзімі 2021 жылдан бастап 3 жылға жоспарлануда. Қайта жаңғыртылған жол екінші дәрежелі деңгейінде болады.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басшысының осы тұрғыдағы нақты жауабын естіген соң көңілге сенімділік орнағандай болды. Тек енді анау-мынау дағдарыс салқынын тигізбесін дейік. Сәтін салып, Қызылорда жолы салынып жаңа жағдайға жететін болса, Нұр-Сұлтан арқылы еліміздің солтүстік облыстарымен қатар Ресей аймағына да төтелеп жетіп, жүк тасымалы көлемін арттыруға қолайлы мүмкіндік туады. Жол – тіршіліктің қозғаушы күші емес пе. Олай болса, осы автожол арқылы Жезқазған өңірінің де қарым-қатынасы жанданып, экономикалық тынысы мен сауда-саттығына жаңаша леп келері анық. Сондықтан, үлкен жолдан үмітіміз көп.

Амандық РАХҰЛЫ

22:04
1253

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020