​МЫС БҰЛАҒЫНА – ЖАРТЫ ҒАСЫР

Тәуелсіздігімізбен бірге өркендеп, қанатын кеңге жайған «Қазақмыс» корпорациясы еліміздегі түсті металлургияның көшбасшысы екені белгілі. Оның құрамындағы басты буындардың бірі Жезқазған мыс қорыту зауытының ел экономикасын дамытудағы алатын орны зор. Өткен жылдың қорытындысында «Қазақмыс »  корпорациясы» ЖШС 258,360 мың тонна катод мысын өндірді. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 745 тоннаға артық. Сонымен қоса, 5 950 килограмм алтын құймасы, 262 184 кило түйіршіктелген күміс өндіріп, жоспарды асыра орындады. Осы көрсеткіштерде Жезқазған мыс қорыту зауытының қомақты үлесі бар. Биылғы жыл Жезқазған металлургтері үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы екпінді еңбек дәстүрі кеңінен өріс алса, зауыттың алғашқы мыс балқымасын алғанына осы аптада 50 жыл толады. Біз осы айтулы оқиғалар қарсаңында арнайы барып, мыс бұлағын ағызған өндірістің тіршілік тынысымен танысқан едік.

Алғашқы мыс балқымасын бергеніне жарты ғасыр толып отырған қуатты өндіріс ошағының тарихына сәл тоқталып өтсек артық болмас. Жезқазған мыс қорыту зауытының құрылысы 1966 жылдан бастап жүргізілген болатын. Құрамында штейнге бай кремнийлі мыс концентратын электр қуатымен балқытуға негізделген зауыт технологиясын Кеңес одағының сол кезеңдегі ең озық ғылыми-зерттеу институттары саналатын «Вниицветмет», «Гинцветмет», «Гипрохим» мамандары жасаған. Бас жобалаушысы ретінде әрі негізгі жұмыс көлемін Гипроцветмет орындаған еді. Жаңа зауыттың металлург кадрлары Одақтағы түстіметаллургияның салалас кәсіпорындарынан, соның ішінде Алмалық, «Печенганикель», Балқаш, Норильск кен-металлургия комбинаттары мен Пышма мыс-электролит зауытының мектептерінен жақсы тәжірибе жинақтап келіп іске кіріскен-ді. Мыс қорыту зауытының бірінші кезегі 1971 жылы іске қосылып, 23 ақпан күні тұңғыш мыс балқымасы алынды. Жаңа зауыттағы тұңғыш катод мысы В. Азановтың ауысымында алынса, алғашқы қара мысты Ж. Ыбыраевтың ауысымында аға конверторшы С. Елемесов балқытты. Сондай-ақ, 1973 жылдың 21 ақпанында электр пеші іске қосылып, алғашқы штейн конверторға құйылды. Ал, 1977 жылы желтоқсан айында күкірт қышқылы цехының төртінші жүйесі пайдалануға беріліп, зауыт толық қуатына көшті. Еліміздегі түсті металлургияның алып өндірісінің шежіресі осылайша жазылып, заман көшімен бірге бүгінге дейін сәтімен жалғаса түсуде.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, жарты ғасыр ішінде мыс қорыту зауыты талай өркенді өзгерістерді бастан өткеріп, биік белестерді артқа тастады. Экономикалық дағдарыс қыспағынан тоқтап қалған кезін де көрдік. Негізінен өндірісте әр жылдарға тән іргелі қайта құрулар мен жаңғырулар болды. Жезқазғанның аты сары алтындай сапалы мысымен әлем елдеріне танылды. Мыспен қатар мұнда ілеспе өнім ретінде алтын, күміс және сирек металдар да өндіріледі. Кенді өңірдің өсу жолымен өзектес кәсіпорынның ырғақты жұмысы арқасында мысты қала тұрғындарының дені осы салада еңбек етіп, өсіп жетілуде. Зауыт қабырғасында балқыту ісінің небір майталман шеберлері шыңдалып, металлургтердің тәжірибеге бай іргелі мектебі қалыптасты. Өндірістегі жақсы дәстүрлер жалғасып, қанат жайып келеді. Елужылдыққа байланысты екпіндей келген журналистерді қарсы алған мыс қорыту зауытының аппарат басшысы Силар Қияқбаев металлургтер арасында еңбек әулеттерінің орны айтарлықтай елеулі екенін атап өткен еді. Айтса айтқандай, зауыт басшылығы бүгінде өндірістегі 18 еңбек әулетінің есімдерін құрметпен атайды. Олардың арасында жалпы еңбек өтілі 65 жылдан асатын Доспановтар әулетін бүгінде екінші және үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, озат балқытушы Әбдірашит Қойшыбекұлы бастап отыр. Ал, зауытта ағайындылардың бесеуі бірдей еңбек ететін Дүйсенбаевтар әулетінің төртеуі – Арыстанбек, Жасұлан, Ибрагим, Гүлнара балқыту цехында істесе, Эльмира мысты электролиздеу цехында аппаратшы-гидрометаллург болып жұмысын абыроймен атқаруда. Бұл әулеттің жалпы еңбек өтілі 82 жыл. Сондай-ақ, еңбек өтілдері 63 жылдан асатын Демесіновтер әулеті, 71 жылдық өтілі бар Төкіровтер, 94 жыл еңбек өтілі бар Черноусовтар, өтілдері 101 жыл болып ғасырға ұласқан Қордашевтар әулеті сияқты зауыт тарихымен бірге жасасып келе жатқан майталмандар қатары мұнда аз емес. Озаттардың біразының еңбек тынысына цехта болғанда одан әрі қаныға түстік.

Балқыту цехы — зауыттың күрделі де басты буындарының қатарында. От ойнатып, мыс балқытқан кәнігі металлургтер шоғырланған бұл цехта бүгінде 418 адам еңбек етеді екен. Негізгі қызметі бас инженерлік болған Елмұрат Әбуов цех бастығының міндетін атқарып отыр. Келген шихтаны тоқтаусыз балқыту үдерісі осында жүзеге асады. Штейнді конверторлау жолымен қара мыс алынатын өндірістің бұл басты буынына электро пеші, конвертор учаскелері мен анод бөлімшесі қарайды. Балқытылған қара мыс анод бөлімшесінде тазартылып, сапасы 99,4% деңгейіне жеткізілген соң электролиз цехына жөнелтіледі. Ол жақта мыс құрамындағы күміс, алтын сияқты бағалы металдар айрылып алынып, түпкілікті өнім – сапалы мыс нарыққа жол тартады. Балқытушылар ұжымы өткен жылдың жоспарлы тапсырмасын ойдағыдай орындапты. Сонымен қатар, жабдықтарды жаңарту мен жөндеуге қатысты да ауқымды жұмыстар атқарылған. Кен-термикалық пешіне күрделі жөндеу жүргізіліпті. Ауысымда жүрген балқытушылардың бірі Нұрболат Искаков жұмыс орнында кездесті. Ол осыдан үш жыл бұрын ҚарМТУ-дің металлургия факультетін бітіріп келген жас мамандардың бірі екен. Тәжірибелі металлург Марат Елекеновтың тәлімгерлігімен мыс балқытудың қыр-сырын ойдағыдай үйреніп, қазір 4-ші разрядты балқытушы болып жүр. Цехта тәжірибелі мамандар көп. Солардың бірі басқару пуьтінің операторы Қарлығаш Орынбаева 29 жылдан бері жұмыс істейді. Пештің қуаты, конвертордың қызу мөлшері, анодтың шығуы сияқты балқыту үдерісіне қатысты барлық көрсеткіштер мен ақпараттар осы басқару операторы арқылы жинақталып, соған орай жедел шешімдер жасалады.

От-жалынға оранып, қара мысты тазартып қалыпқа құюмен айналысып жатқан анод бөлімшесі еңбеккерлерінің де жұмысын көзбен көрдік. Қарбалас қимылға берілген жандардың көп тілдесуге мұршасы да жоқ. Жұмыстың әр сәтіне байланысты мұнда уақыт тығыз, әркім өзіне тиесілі міндетін мұқият атқаруы керек. Осыған орай анодшылардың еңбек тынысы жайлы бөлімше бастығы Айдар Анарбековпен әңгімелестік. Ол зауыттағы еңбек жолын 2002 жылы электропеште балқытушы болып бастапты. Одан соң тәжірибе жинақтай келе аға шебер сияқты жолдардан өтіп, анод бөлімшесін басқарғанына екі жарым жылдай болған екен. Өз саласындағы жұмыс жағдайларын бес саусақтай жетік білетіні аңғарылады. Мұнда негізінен балқытылған металды қалыпқа құюшылар мен кран машинистері еңбек етеді. Бөлімшедегі 112 еңбеккер қатарында өз ісінің шеберлері мен озаттар аз емес. Айдар Әуелханұлы олардың біразының есімдерін аса ризашылықпен атап өтті. Балқытушылар бригадирі Марат Елеукенов, балқытушылар Болат Айдаболов, Берік Ақпанбетов, Бейбіт Ахметбеков, металл құюшылар Қанат Алиакпаров, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Кенжемұрат Қазбеков, кран машинистері Ибрагим Токиров, Болат Бегімбеков, жас мамандар Мадияр Байқоңыров, Сұлтан Ботжанов сияқты алғы шептен көрініп жүрген екпінді еңбек иелері баршылық. Бұлардың барлығының ортақ мақсаты анодтағы қара мысты тазартып шақпақ мысқа айналдыру, тиісті қалыпқа құйып таза мыс алу үшін өндірістің келесі буынына тоқтаусыз жөнелтіп отыру. Осы міндетін шағын ұжым шашаусыз атқаруда.

Жалпы саусақтың саласындай тармақталып, бір-бірімен тығыз байланысып жатқан зауыт өндірісінің қай жеріне барсаңыз да қарбалас тіршілік пен қайнаған еңбекті көресіз. Барлығы ақаусыз жұмыс істеп, сапалы өнім өндіруге тығыз жұмылған. Он жылдай тоқтап тұрған екінші пеші 2019 жылдың қарсаңында іске қосылғаннан бері мыс зауыты толық қуатында жұмыс істеп тұр. Осыған орай жаңа жұмыс орындары ашылып, қосымша адамдар алыныпты. «Қазақмыс» корпорациясының инвестициялық жобаларына сәйкес жыл сайын өндіріс технологияларын жетілдіріп, жабдықтарды жаңартуға қатысты біршама жұмыстар атқарылуда. Алдағы үлкен міндеттердің бірі ретінде күкірт қышқылы цехын қайта жаңарту жобасын айтуға болады. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда өңірдің экологиялық ахуалы жақсара түседі деп күтілуде. Іргелі ұжым алдағы уақытта да белгіленген межелерінің абыроймен орындаларына толық сенімді.

Амандық РАХҰЛЫ

Суретте: Балқыту цехының майталмандары.

08:54
1055

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020