​1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ: РАХМЕТ САҒАН, ОТАНЫМ!

1941 жылғы 28 тамыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі алқасының «Еділ бойында тұратын немістердің қоныстарын аудару» туралы жарлықта: «Мыңдаған лаңкестер мен тыңшылар бар, олар Германиядан келетін хабар бойынша жарылыстар ұйымдастыруды көздейді, яғни КСРО-ға қарсы бағытталған әрекет жасауда» деп керсетілген екен. Осы жарлық негізінде Еділ өңірі мен Поволжья аудандарын жайлаған 1 млн 120 мың неміс сол жылдың күзінде күштеп көшіріліп, «сенімсіз халықтар» қоныстанған арнайы аудандарға орналастырылды.

Туған жері Саратов облысынан Сібірге көшірілгендердің қатарында Николай Ауэрдің де отбасы бар. Бүгінде зұлмат жылдарды қорқынышты түсінде көретін Николай Ивановичтің көңілі дархан даладай қазақ халқы мен жеріне айтар алғысы зор.

–Кең байтақ қазақ жерінде тумасам да, бұл – менің туған жерім. Осы жерде мен бақытымды тауып, бейбіт те, алаңсыз өмірдің дәмім тарттым, – деп бір деген кейіпкеріміз қиындығы көп өткен шаққа оралғысы келмейтінін айтты. Ерте есейген Николай Ивановичтің әкесін күштеп көшіру кезінде отбасынан бөліп, Татарстанға жіберген. Қара жұмысқа жегілген әкесі көп ұзамай аштық пен суықтан қаза болады. Отбасына түскен қиындық бұнымен тоқтамады. Олар ұзақ жылдар бойы тергеліп, есепте тұрғаны тағы бар. Анасы мен бауырларына қарайласқан Николай Ауэр мұнай құбырын салуға Жезқазған қаласына 1980 жылы жолдамамен келген. Зейнеткерлікке шыққанға дейін мұнай құбыры басқармасында қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметтерге дейін жеткен ол жары Галина Александровнамен бірге ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді.

–Жасы болса 85-ке келді. Әйелі Галинаның қайтыс болғанына үш жылдан асты. Құдай қосқан көршім болғасын қарайласып тұрамыз. Екеуінің де артық сөзі жоқ. Еңбекқор, ортасында сыйлы болды. Балалары Иван мен Катя да көз алдымызда өсті. Олар – өте тәрбиелі. Оқыған-тоқыған. Әкесі мен шешесін көшіріп алғысы келгенмен, екеуі де үзілді-кесілді бас тартқан. Қазір жанымыз ашып, «жалғыз қалдыңыз, балалардың жанына барсаңыз қайтеді» деп үгіттейміз. Бірақ, Николай Иванович Жезқазғанды қимайды, – деген көршісі Гүлсағат Шәменқызынан бүгінде тарихи отанына қайтқан балалары әкесін көшіріп әкете алмай жүргенін білдік.

– Қазақ жеріне депортанцияланған немістердің саны 500 мыңдай деп болжанады. Оларды мал таситын вагонмен қайда әкелгендерін де айтпай сайын далаға тастап кеткенінен де хабардармыз. Сонда түрі де, тілі де, діні де бөлек біздің ата-бабамызды қазақ халқы жатсынбады. Бауырына басты. Қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, бізді қырылып қалудан аман алып қалды. Сол үшін біз, біздің ұрпақ та Сіздерге қарыздар. Осы қамқорлықты мен де, менің отбасым да сезінді. Сондықтан, өмірімнің жарқын күндері өткен Жезқазғаннан алыс кете алмаймын. Жезқазған менің – үйім. Мен мұнда жалғыз емеспін. Менің 90 мыңға жуық туысым бар, – деген Николай Ауэр Қазақстанда тұрып жатқан немістердің жағдайы жаман емес екендігін алға тартты. Шындығында, 140 ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған қазақ жерінде кемсіту, қысым көрсету жат қылық.

–Алысқа бармай-ақ Жезқазғанды мысал еткім келіп отыр. Жезқазған-Ұлытау аймағында 2150 неміс тұрады. Бізге ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді сақтау және тілімізді кейінгі ұрпаққа мұра етуге жағдай жасау мақсатында құрылған «Возрождение» неміс ұлттық мәдени орталығы жұмысының алға басуына мол мүмкіндіктер қарастырылған. Қалалық әкімдіктің қолдауымен үлкен кабинет тегін берілді. Мұнда аптасына үш рет үлкен топ, жекенбі күні балалар неміс тілінде сөйлеу мен жазуға дағдыланады, ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға бойлайды, – деген Николай Иванович барша неміс ұлты атынан өздеріне жасалған барлық жақсылық үшін алғыс айтып, қасиетті қазақ жеріне, қазақ халқына бас иді. 

Диана ОРАЗАЛИНА

13:26
693

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020