ӨҢІР ТАРИХЫНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

Тіршілігінде Жезқазған-Ұлытау өңірінің қатпар-қатпар тарихына үңіліп, ел жадынан өшіп бара жатқан беймәлім тұстарын қайта жаңғырту жолында тынымсыз ғұмыр кешкен туған жердің патриоты, белгілі өлкетанушы әрі музей ұйымдастырушысы Сүтемген Бүкіровтің есімін елі ұмытпайды. Бір өзі бір энциклопедияға татитын Сүтекең үнемі іздене жүріп, кенді өңірдің өткен тарихы мен танымал тұлғаларының өміріне қатысты кез-келген сирек деректерді қызыға жинайтын. Есті сөз білетін көнекөз қариялардан естіген әңгімелерінің бүге-шігесін анықтап, жалықпай жазып алатын. Осыған орай ол артында көптеген құнды мұралар қалдырды. Өңір шежіресінің шырақшысына айналған абзал жанның туғанына биыл 100 жыл толғалы отыр.

Өлкетануда өшпес із қалдырған

Сүтемген ағаның ата-бабалары қазіргі Жезқазған қаласы орнаған жердегі Наушабай бойын қоныс қылыпты. Сарысу болысына қараған осы жерде Сүтемген Тақабайұлы 1921 жылы 8 мамырда дүниеге келген. Сол кездегі замандастары сияқты еңбекке ерте араласады. Ресми құжаттар бойынша еңбек жолын 1937 жылы өзі оқыған мектепте аға пионер вожатыйы болып бастаған. Бір жылдан кейін Қарсақбай аудандық «Қызыл кенші» газетіне жұмысқа тұрады. Газет редакторы, белгілі журналист Әбілқасен Әміралинның баулуымен білімге, жазуға құштар жас жігіт шыңдала түседі. Ол «Қызыл кеншіде» 1938 жылдан 1946 жылға дейін тілші болып істегенде шығармашылыққа бет бұрумен қатар, тарихи мұраларды зерделеп, соны деректерді жинақтауға барынша ден қояды. Өлкетану жолындағы өрелі істері осылайша басталған еді.

Жезқазғанның болашағы жайлы ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың мақалалары мен ғылыми еңбектерін үлкен қызығушылықпен оқитын. Үлкен Жезқазғанның құрылысы мен болашағы туралы Қанекеңнің тұжырымдарына сүйеніп өзі де ойлы мақалалар жазды. Сүтекең өндіріс кәсіпорындарының да еңбек тынысының дәмін татқан адам. Ол газеттен кейін «Қазмысқұрылыс» тресіне келіп, өндіріс шеберінен бастап цех бастығы, партия ұйымы хатшысының орынбасары қызметтерін атқарып, жиырма жылдай қайнаған құрылыс пен құрылысшылардың белортасында жүрді. Өндірістен қол үзбей жүріп құрылыс техникумының кешкі бөлімшесінде оқып, техник-технолог мамандығын алған болатын. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. Өлкетанудағы өрелі ізденістеріне де уақыт таба білді. Қай кезде болмасын қолынан қаламы мен қойын кітапшасын тастамай, өзін қызықтырған деректерді жазып алу дағдысынан жаңылған жоқ. Туған өлке қойнауындағы тарихи және мәдени маңызы бар ескерткіштерді қорғау, археологиялық мұраларды зерттеу мәселесін көтеріп, оған ұдайы атсалысып жүрді. Соның нәтижесінде кейінде «Жезқазғандағы тарихи-археологиялық ескерткіштер», «Жезқазған мешіттері» атты кітапшалар шығарды.

Айтулы қаламгер, ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбек өзінің «Күңгір-күңгір күмбездерді» жазуға дайындық барысында Сүтемген ағадан көп мәлімет алғанын, мәлімет болғанда олардың ең бір сүйектілерін алғанын сүйсіне айтып, ол кісі туралы былайша пікір білдіргені бар: «Сүтекең туған өлкесінің тірі шежіресі еді. Киелі де қасиетті Ұлытау өңірінің екі ғасырлық тарихын кішкентай көкірегіне сидырған алып қойма еді. Сүтекең пайымы, Сүтекең дерегі біз түгіл, кешегі Қанекең (Сәтбаев), Әлекеңдерге (Марғұлан) нағыз компас іспетті болғандығы белгілі. Ұлытау-Жезқазған жақтан жол іздегендерге, жоқ іздегендерге Сүтемген аға бағытынан тайдырмас бағдаршам қызметін атқарғандығын ғылымның өлкетану атты ауқымы кең саласымен айналысатындардың ешқайсысы да жоққа шығармаса керек». Ақселеу ағамыздың бұл айтқандарын бүгінде мұражай қоры мен архив мұрасына айналған сарғыш хаттар да айғақтап тұрғаны анық. Сол хаттардың бір-екеуін алға тартсақ былай деп сыр шертеді.

Жолдас Сүтемген!

Сізден сұрайтын бір өтініш бар. Қазір жазып жатқан кітапқа Жезқазған кенін кіргізу керек еді, бірақ қолда ашық мәлімет болмаған соң бөгеліп отырмыз. Ол мәліметтің барлығы Жезқазған музейінде, 1945-1949 жылдары менің тапсыруым бойынша Н.В.Валукинский қазып тапқан археологиялық мәліметтер. Оның көбі Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл түбінен табылған.

1. Көзе сауыттар, солардың сынығы. Әсіресе үскі ернеулері, өрнектелген сауыттың сынықтары.

2. Мыс, темірден, күмістен жасалған өрнекті заттар, аспап-қарулар, солардың сынықтары.

Осыларды суретке түсіріп жіберуді сұраймын.

Әлкей Марғұлан, 2 март 1972 ж.

Әлекеңнің 1974 жылдың 3 ақпанындағы мына бір хатында сондай тағы бір өтініш жасалғанын көреміз.

Ардақты Сүтемген!

Көп сәлем. Жаңа жылдың түсуімен құттықтап, жылы көңіл білдіргеніңе зор алғыс айтамын...

… Күзді күні Алматыда жолыққанымда менің жазып жатқан кітабыма Жезқазған мәдениетінен бірнеше фотолар керек екенін айтқан едім. Бір ай шамасында кітапті баспаға беру үшін сол фотолар қатты керек болғалы тұр, бұдан былай кешеуілдетуге болмайды. (Одан әрі ғалым Әлкей Марғұлан не керек екенін тізбелеп жазып, оларды суретке түсіру жайын тәптіштеп түсіндіреді).

Міне, Жезқазған қаласының мемлекеттік архивіндегі Сүтекеңнің 289-шы мұрағат қорына және тарихи-археологиялық музейдегі мұраларға зер салған адам мұндай маңызды хаттар мен қызықты деректерді көптеп кездестірері анық. Өлкетанушы С.Бүкіровтің авторлығымен облыстық, республикалық газеттер мен журналдарда жарияланған құнды дүниелер қатары да аз емес. Ол еңбектері тарихи деректерді таразылап жүргендердің көзін ашып, талайының көңіліне азық болғаны да ақиқат. Меккеде болған бабалар, Ұлытау өңірінен шыққан ақын-жыршылар, оның ішінде Тайжан, Иманжан, Қожабай, Болман ақын, Нұрғали Итембаев, Досжанның Айтбайы, Нияз Ожанов туралы ол кісі көптеген құнды мақалалар жазды. Өлең-жырларын жинақтады. Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылар туралы көнекөз қариялардан көп естеліктер жазып алып қалды. Оларды өзінің шығармашылығына өзек ете білді. «Қайран Тәшібай», «Аманкелдінің ұстасы», «Қаныштың шофері», «Әбдіхайдың әңгімесі» сияқты деректі жазбалары осыған айғақ. Сүтемген Тақабайұлының бастамасымен Қаражар шайқасы болған жерге ескерткіш тақта орнатылып, жазалаушы жасақпен болған ұрыста опат болған 17 сарбаздың аты-жөндерінің анықталып жазылып қоюы да айтарлықтай сауапты іс болды. Сүтекең Жезқазған кенді аймағын игеруге байланысты да бағалы деректерді молынан жинақтап қағазға түсіріп кетті. Қазақ КСР Түсті металлургия министрінің бірінші орынбасары, Социалистік Еңбек Ері М.Бөпежанов, Қ.И.Сәтбаев атындағы геология институтының ғалымы, белгілі геолог С.Сейфуллин, жазушы М.Қаратаев, Байқоңыр өңірінде кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан революционер, аймақтағы медицинаны қалыптастыруға зор үлесін қосқан фельдшер И.В.Деев сынды көптеген тұлғалармен өңір тарихына қатысты мәселелермен барып жолыққаны туралы жазғандарынан айқын аңғаруға болады.

Сүтекеңнің Қаныш Имантайұлына деген құрметі ерекше еді. Қанекең Қарсақбай аудандық кеңесінің депутаты болған 1939 жылдан бастап ғұлама ғалым туралы әлденеше рет мақала жазып, көптеген тың деректерді тілге тиек еткенін көруге болады. Қаныш Сәтбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде халықпен кездесу өткізгенде, сондай-ақ, ол кісінің басшылығымен 1961 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Жезқазғанда өткен көшпелі сессиясында да С.Бүкіров сөз алып, өз пікірін бүкпесіз айтумен ерекшеленіпті. «Жезқазғанның бағын ашқан геолог Қаныш» деген очеркі айтулы ғалым мен оның ісін жалғастырушылар туралы жазылған сүйекті туындылардың бірі. Сүтекеңнің інісі, қаланың және облыстың Құрметті азаматы Төлеген Бүкіровтің ағасы туралы естелігінде айтылған мына бір жай ол кісінің болмысын барынша айқындай түседі.

«Көкемнің Қаныш Сәтбаевқа деген сүйіспеншілігі бөлек болатын. Әлі есімде, Қаныш дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде ол кісінің балаша жылағанын өз көзіммен көргенмін. Қаныш Имантайұлының үлкен портреті көкемнің төргі бөлмесінде ұдайы ілулі тұратын. Сүтемген көкем 1970 жылы бізді Алматыға оқуға алып барды. Сол жолы Сәтбаевтың үйіне бардық. Таисия Алексеевна бізді жақсы қарсы алды. Сол кездесуде ерекше есімде қалғаны Т.Алексеевнаның: «Сүтемген, қолымдағы Қаныш туралы деректерді мен саған тапсырайын, кітап етіп жазшы. Осы құжат-деректерді талай адам сұрады. Соңғы кезде Медеу Сәрсекеев деген жазушы қайта-қайта келіп сұрап жүр. Ешкімге бермей отырмын. Сен Қаныш туралы біраз деректер жинап жүрсің ғой, қолымдағылардың барлығын алып бір кітап етіп шығарсаң» деген өтініші болатын.

Көкем ойланып, біраз үн-түнсіз қалды. Жүзі күреңітіп кеткендей болды сол сәт. «Таисия Алексеевна, сеніміңізге көп рахмет! Қаныштай зор тұлғаны, бірақ мен жеткізіп суреттей алмаспын деп жасқанамын. Қанышты өзі сияқты заңғар жазушының жазғанын жөн көремін, — деді көкем ақырын күрсініп».

Міне, осы оқиғаның өзі Сүтекеңнің әр іске үлкен жауапкершілікпен байыпты қарағанын, әрі өзінің қабілет-қарымы мен мүмкіндігін дұрыс бағалай білетіндігін көрсетеді. Айта берсек, абзал ағаның мұндай өнегелі істері мен ұрпақтан-ұрпаққа жетер ұлағаты аз емес.

Боздақтардың жоқтаушысы

Өмірде Сүтемген ағамен кездескен кездерімді аса бір ризашылықпен еске алып жүремін. «Боздақтар» атты облыстық «Зерде» кітабын шығару барысында ол кісімен бірге қоян-қолтық жұмыс атқарып, жақын араласып кеткен едік.

… Облыстық «Сарыарқа» газетінде істеп жүрген кезім. Әлі есімде, 1994 жылдың қазан айының басы болатын. Редакторымыз Сабыр Сауытбаев мені шақырып алып, облыс әкімшілігінің «Зерде» кітабын шығаруды жоспарлап отырғанын, жалпы жұмысқа қадірменді ақсақал, белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров басшылық жасайтынын бипаздап жеткізе келіп: «Бізден көмекке бір журналист сұрап отыр, соған сені жіберуді қолайлы көріп отырмын», — деді. Сәл ойланып қалған маған шегінуге жер жоқтығын шегелегендей етіп, «бұл өзі Жеңістің 50 жылдығына әзірлікке байланысты жауапты тапсырма, әрі негізгі жұмыс орныңдағы жалақың да сақталады» дегенді қосып қойды. Сонымен облыс үшін маңызды да қасиетті іс саналып отырған екі томдық «Боздақтар» кітабын шығару үшін Сүтекеңнің қарамағында алты ай жұмыс істеу үшін кете бардым.

Іле-шала облыс әкімінің өкімімен редакциялық алқа мен жұмыс тобының құрамы құрылды. Жұмыс тобына жалпы басшылықты Сүтемген Бүкіров жасайтын болды. Осы жұмысқа орыс газетінен тартылған әріптесіміз Сапарбек Боранбаев орысша нұсқаларын, мен қазақша нұсқаларын дайындап, өңдеуге кірісіп кеттік. Бұрын редакцияға мақалаларын әкеліп жүрген кезінде Сүтекеңмен шамалы әңгімелесіп қалып жүргенім болмаса аса жақын біле бермейтінмін. «Боздақтар» кітабын шығаруға келгеннен бастап ол кісімен көп жылғы таныстардай-ақ емен-жарқын араласып кеттік. Жаратылысынан қарапайым, тарихи мұраларды көзінің қарашығындай сақтап жинақтап жүретін ақсақалмен жұмыс барысында сырласып, туған өлке, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев еңбегі, Жезқазған өндіріс ошақтарының тарихы жайлы әңгіме-деректерге кеңінен қанығудың сәті түскен еді. Жұмыс тобында қолжазба редакторлары болып бекітілген Сапарбек екеумізден басқа қазақша-орысша басатын екі машинистка, екі корректор және басқа да көмекшілер болды. Бізге сол кездегі облыстық әскери комиссариаттың ғимаратынан орын берілген болатын. Өйткені, Подольск қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен майдангерлер жөніндегі деректердің барлығы осы әскери комиссариатқа келіп түседі екен. Ол уақытта қазіргідей компьютер заманы емес, жұмыстың барлығын қолмен атқаруға тура келетін.

Облыс әкімінің орынбасары Жұмағали Наурызбайдың тікелей тапсырмасымен машинкалар және жұмысқа қажетті басқа да жабдықтар берілді. Кітапты шығарудың мерзімі белгіленіп, «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясымен келісімшарт жасалды. Барлық ішкі ұйымдастырушылық жұмыстарын Сүтекең жүргізді. Ол кісі апта сайын әкімшілікте болып келіп, жаңа тапсырмалар, қосымша міндеттер жайлы да айтып отырады. Оның үстіне майдангерлер жайлы тың деректер де үсті-үстіне келіп, күн сайын түсіп жататын. Жалпы облыстық «Зерде» кітабын шығару жөніндегі бастама бұдан көп уақыт бұрын көтеріліп, өлкетанушы С.Бүкіровтің жинақтауымен жезқазғандық боздақтардың тізімі 1990 жылдан бері облыстық газетте жарияланып жүретін. Бұл оқырмандардың көмегімен Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың тізімін толықтыра түсуге мүмкіндік берген еді. Газет жарияланымдарын көрген майдангерлердің ұрпақтары мен жақындары қалып қойған боздақтардың есімдерін қосып, толықтыру үшін Сүтекеңе біраз материалдар ұсыныпты. Боздақтардың жоқтаушысына айналған өлкетанушы кезінде Подольскідегі әскери архивке де осы мақсатпен бірнеше рет барған көрінеді.

Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен түскен мәліметтерді сараптап, кітапқа дайындау біз ойлағандай оңай шаруа болмай шықты. Соғыста опат болғандар мен майдан даласында хабарсыз кеткендердің деректерінің әртүрлі болуы көп кездеседі. Кейбір адамдардың аты-жөндері орысша жазылғанда адам айыра алмастай күйге түскен. Әсіресе, қазақтардың аты-жөндері түсініксіз болып бұрмаланған. Кітапты құрастырушылар оларды «осылай болуға тиіс» деген ыңғайға икемдей отырып, архив құжаттарындағы нұсқадан да алшақтап кетпеуге тырысады. Көп жағдайда Сүтекеңмен кеңесіп, сол кісінің айтқанына жүгінеміз. Ол кісі архивтен келгендерді бұрын жинақтаған өзінде бар нұсқамен салыстырады, ерінбейді. Кейде шаршап та қалады. Тізімдегі әр адамның соңында белгілі бір тағдыр бар екенін жиі айтатын.

— Бұл қаралы тізімнің әр жолында соғыс жылдары басына қайғы түскен отбасының жағдайы тұр. Қате кетпесін, қалып қойған адамдар болмасын, — деп сол кезде денсаулығының болмай жүргеніне қарамастан шаруа жайына ыждағаттықпен араласып отыратын.

Баспаның белгіленген мерзімінде қолжазбаны тапсыру үшін уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келді. Сондай қауырт істерден сәл-пәл тыныстаған сәттерде Сүтекең өткен-кеткен жайларды еске алып, ептеп әңгімеге ерік береді. Кейде ақырын жымиып, әзіл айтып көңілімізді сергітіп қоятын.

— Осы Кеңгір су қоймасы тұрған жерді ерте заманда Наушабай сайы деп атаушы еді. Бекболат еліне жататын біздің ата-бабаларымыз осы өңірде өмір сүрген ғой, — деп бастайтын сонда аңқылдақ қария. – Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшкен кезде ауыл осы Наушабай бойында біраз уақыт аялдағаны болмаса, бұл жерде тұрақтап көп отыра қоймайды екен. Осындай құладүзге ұйысып ел мекендеп, қала орнайды деп кім ойлаған. Барлығы Қаныш сынды ғұлама ғалымның еңбегінің арқасы ғой, — деп бір қайыратын әңгімесін.

Кейде өзінің атақты адамдармен, жазушылармен жас кезінен тығыз байланыс жасағандығы жайлы да сыр шертетін. Жезқазған өңірінің тарихи деректерімен қатар оның атақты адамдары туралы өзінде мол деректер бар екендігі жайлы мақтанышпен әңгімелейтін. Кезінде Сәбит Мұқановпен, Әлкей Марғұланмен және басқа да белгілі адамдармен хат жазысып тұрыпты. Олар жергілікті өлкетанушыға қолқа салып өңірге қатысты біраз құнды деректерді анықтатып, сұрап алып отырған. Сүтекеңнің Бағаналы елінен Меккеге қажылыққа барғандарды зерттеп, мешіт-медреселерді анықтап мақалалар жазуына осы кісілердің қозғау салуы себеп болған екен. Басқа да жинақтаған деректері жеткілікті. Үйдегі жеке архивіндегі осы том-том материалдарын реттеп, бір кітап етіп шығару жөнінде де ойы бар екенін айтып қоятын.

Еңбекқор қарияның басшылығымен жұмыс тобындағылар «Боздақтар» кітабының бірінші томына енетін дүниелерді екіжарым ай ішінде аяқтап, жаңа жыл қарсаңында баспаға тапсырдық. Әуелде майдан даласында қаза болған немесе хабарсыз кеткен жауынгерлердің аты-жөні ғана көрсетілген қолда бар деректерді өмірбаяндық мәліметтерімен толықтыру, одан соң ататектерін алфавит бойынша ретке келтіру қанша асыққанмен біраз уақытты алған еді. Барлығы екі мыңға жуық адамның тізімі қолдан өтті. Сүтекең сонымен қоса, соғыс жылдарында майданға жөнелтілген әрбір төртінші оқтың Жезқазған мысынан құйылғандығы, осындағы құю-механикалық зауытында зеңбірек үшін мина өндіру жолға қойылғандығы, 1942 жылы 38 күн ішінде Жезді марганец кеніші салынып, танкінің болат қалқанына қажетті марганецпен қамтамасыз еткені туралы дерек көздерін міндетті түрде қамтуымызды қадағалады. Жезқазған ауданының өзінен ғана 10 мыңнан астам адам майданға аттанғаны жайлы цифрларды дәйектеп көрсете отырып, жауынгерлердің сарғыш тартқан әскери суреттерінің де кітапқа енгізілуіне көп еңбек сіңірді. Ұрыс даласында қаза болғандардың қатарында Сүтекеңнің ағасы Барақбай Бүкіров та бар екен.

Енді жалғыз Ұлытау-Жезқазған өңірі емес, облыстың «Боздақтар» кітабына Балқаш-Қоңыраттан, Ақтоғай-Шеттен, Жаңаарқа-Қаражалдан соғысқа аттанып, майдан даласынан оралмағандардың қолда бар деректері енгізілуі қажет болды. Жұмыс ауқымы бұрынғыдан кеңейе түскенімен, қолжазба өңдеушілердің тәжірибе жинақтап қалғанынан болар, екінші том көп кешіктірілмей 1995 жылдың наурыз айында баспаға тапсырылды. Алайда, әлі де адасып басқа облыстардың әскери комиссариатында жатып қалған және Подольскіден қосымша жіберіліп жатқан деректер тоқтаусыз келіп жатты. Оларды сараптай келіп Сүтекең: «мыналардың ішінде екі томға да енбей қалған адамдар аз емес екен, Жеңістің 50 жылдығынан соң соларды жинақтау керек» деп тағы бір тың шаруаның шетін шығарып, ниеттеніп жүретін.

«Боздақтардың» алғашқы томы қолға тигенде көп жылғы еңбектің өтеуіндей болған осы кітаптың шығуына, әсіресе Сүтекең қатты қуанып, қызыл мұқабасын қастерлей сипап көңілі босағанын көрдік. Бұл – боздақтардың жоқтаушысының талай жылдан бері көңілінде жүрген асыл арманының жүзеге асқанына ризашылық танытып, жан толқыған сәті еді. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай шығарылған қызыл мұқабалы осы кітап қасиетті мұра ретінде әр үйдің төрінен орын алғаны анық.

«Музей ата»

Қаныш ағадан тағылым ала жүріп, тағдырын өңір тарихымен байланыстырған Сүтемген Бүкіров құнды жәдігерлердің сырын зерделеп, оларды жинақтауға да арықша мән берген еді. Ол Ұлытау-Жезқазған өңіріне келіп, көне заман ескерткіштері мен тарихи мұраларды зерттеп, зерделеген Әлкей Марғұлан сынды археолог ғалымдармен, қайраткер жазушылармен бірге жүріп, көп жерлерді аралады. Бірте-бірте келген қонақтарға өзі жолбасшылық жасайтын болды. Тарихи қазыналарды тірнектей жүріп этнографияға, археологияға да қызығушылық таныта бастады. Оның өмірлік осы ұстанымы ақырында мұражай ісін ұйымдастыруға әкелді. Бүгінгі Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі осы кісінің тынымсыз еңбегінің арқасында ұйымдастырылған болатын. Бұл музей сол кезеңде-ақ Жезқазған кен-металлургия комбинатының құрамындағы құнды мұралардың рухани ордасына айналды. Жәдігерлерін тірнектеп жинақтап, өз қолымен құрған комбинаттың музейін Сүтекең 1969 жылдан 1992 жылға дейін 23 жыл бойы абыроймен басқарды. Сол жылдарда музей ісіне тереңірек қанығу үшін ол кісі еліміздің үлкен қалаларына барып, осы саладағы рухани орындарда көп болды. Сондай-ақ Мәскеудегі, Ленинградтағы музейлерде де болып, тәжірибелерімен кеңінен танысты. Олардан музей қызметінің негізгі бағыттарын ыждағаттылықпен үйренді.

Ізденімпаз, еңбекқор жанның есімі көбінесе аймақтағы музей саласының негізін салушы ретінде аталатыны белгілі. Осыған орай ол кісінің жақындары мен жиі араласқан жандардың көбі «Музей ата» деп атайтын. Қарсақбайдағы Қаныш Сәтбаев музей-үйін де Сүтемген аға ұйымдастырды. Әуелде мұнда Қанекеңнің киімдері, қолданған ыдыстыры, сиясауыты, қаламсап, көзілдірігі, домбырасы, насыбай шақшасы сияқты заттар мен мрамордан жасаған екі үлкен мүсіні (бюсті) қойылған болатын. Қыздары Ханиса мен Мейіз әкелген шкатулкаларда Ұлытау-Жезқазған өңірінен табылған минералдардың 23 түрі болыпты. Кейін экспонаттар қатары толыға түсті. Туған жері Қарсақбайға Қаныш ағаның екі қызы 1969 жылы келгенде былай деп жазба қалдырыпты: «Біз өзіміздің балалық шағымыз өткен Қарсақбайға келгенімізге өте қуаныштымыз. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арналған мемориалдық музей бұрын біздің үй болған еді. Тап осы үйде біздің папамыз көп жылдар бойы Жезқазғанның байлығын ашумен айналысты. Дәл осы үйде аса ірі кен-металлургия кәсіпорнының келешегі туралы, жасыл желек жамылған жаңа қала туралы армандады. Музей бізді ерекше толғандырды. Мұндағы документтер мен экспонаттар кімге болсын ыстық. Біздің бүкіл семьямыздың атынан осы ескерткіш бұрышты жасаушыларға үлкен алғыс айтқымыз келеді. Ханиса және Мейіз Сәтбаевалар». Айта кетуге болады, Ханиса – Қазақстандағы валеология ғылымының негізін салушы, медицина ғылымдарының докторы. Сүтекеңмен бір жылы туған адам. Мейіз әкесінің жолын қуған геолог болып, геология-минералогия ғылымының докторы атанды. Екі қайраткер қыз да ғылым қиясына Қарсақбайдан қанат қаққандарын ризашылықпен айтады екен.

Қарсақбайдағы Қанекең үйіне орын тепкен бұл музей бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. 1995 жылға дейін «Жезқазғантүстімет» ӨБ-інің тарихи-өндірістік мұражайы бөлімшесі ретінде істесе, қазірде Жездідегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің құрамында. Қаладағы қазіргі тарихи-археологиялық музей 1978 жылдың 14 маусымында Жезқазған кен-металлургия комбинаты тарихи-өндірістік музейінің базасында облыстық тарихи-өлкетану музейі болып құрылғаны белгілі. Оның алғашқы директоры Сүтемген Бүкіров болды. Кезінде он мыңға жуық экспонат жинақталуына үлесін қосқан Сүтекең комбинаттың тарихи-өндірістік мұражайындағы өз қолымен жинақтаған мыңнан астам жәдігерді жаңадан ашылған облыстық музей қорына тапсыратыны да осы сәт. Оның алғашқы кезден ойдағыдай жұмыс істеуіне ықпалын тигізіп, біраз жыл осы музейді басқарды. Ғылыми-зерттеу жұмыстары мен археологиялық экспедициялар ұйымдастыруды жолға қойды. Музей қызметкерлері Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында біраз археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. Бірте-бірте өз алдарына дербес жұмыс істеу машығын үйреніп, Ұлытау өңіріндегі қола заманның қоныстары мен ортағасырлық ескерткіштерге зерттеулер жүргізді. Құнды ғылыми жаңалықтар ашып, қордағы жәдігерлер қатарын тарихи мұралармен толықтырды. Тарихи-археологиялық музейі болып аталуларына да осы жұмыстарының әсері тигені анық. Сүтемген Бүкіровтің осы еңбектерін көре жүріп, ақын замандасы Нұрәсила Бәрменбаева өз жырына арқау еткені бар. Сол тоғыз шумақ өлеңнің бір шумағы төмендегідей.

Сол кісіге әркімдер-ақ таңданады тамсанып,

Бір тынымсыз жұмысына жүргені деп жан салып.

Елімізде ол бармаған қала менен дала жоқ,

Ол музейге экспонат жиды дейсің қаншалық.

«Музей ата» Жезқазған жеріне табан тіреген ғарышкерлермен де жақсы байланыс орнатып жүретін. Олардың кәдесыйлары мен кейбір ғарышқа қатысты заттарды сақтай келе бұл кісіге тағы бір тың ой келсе керек. Ұшқыш-ғарышкерлердің қолдау білдіруімен ИЛ-18 ұшағының бортында космонавтика музейін ұйымдастырды. Республикада тұңғыш ашылған ғарышкерлер музейінің қорына 1500-дей жәдігер жинақталған-тын. Бұл ерекше музей Кеңгір жағалауындағы көрнекі жерге орналасып, оған қызыға келушілер көп болды. Мәскеу қаласымен тығыз байланыс жасасып тұрды. Сүтемген Тақабайұлы 1982 жылы Калугаға К.Циолковскийдің 125 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференцияға арнайы шақырту алды. Сол сапарында Циолковский атындағы космонавтика музейінде және Мәскеудегі осы салаға қатысты музейлерде болып, біршама тәжірибе алмасып келген еді. Сүтекеңнің бар кезінде комбинаттың тарихи-өндірістік музейінің филиалы ретінде жап-жақсы жұмыс істеп тұрды. Өкінішке орай, ұшақтағы бұл музей кейінде жабылып қалды. Экспонаттары қалалық музей қорынан орын алды.

...Өлке тарихының шынайы жанашыры Сүтемген Тақабайұлының биыл туғанына ғасыр толса, өмірден өткеніне де ширек ғасыр болғалы отыр. Елеулі еңбегіне орай көзі тірісінде «Құрмет белгісі» орденімен, академик С.Королев және тұңғыш ғарышкер Ю.Гагарин атындағы медальдармен марапатталған. Жезқазған облыстық ғылым мен білімді дамыту жөніндегі «Парыз» қорының Ә.Бөкейханов атындағы сыйлығының иегері, 1990 жылы Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атанды. Қаланың Рыбачий ауданында атына көше берілген. Қалалық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен С.Бүкіров атындағы ғылыми-теориялық конференция өтіп тұрады. Дегенмен, өлкетануға өлшеусіз үлес қосып, өңірдегі мұражайлардың негізін қалаған азаматтың есімін құрметтеп, мәңгі есте қалдыруда әлі де кемшін соғып тұрған тұсымыз бар. Ол – кезінде жұмысын өзі қалыптастырып, алғашқы директоры болған Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық музейіне С.Бүкіров есімін беру. Осы мәселені зиялы қауым өкілдері бірнеше рет көтеріп, сең қозғалғандай болғанымен кейінгі уақыттағы әртүрлі мораторийларға байланысты аяқсыз қалып бара жатқан сияқты. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен ономастикалық комиссия бұл жөнінде шешімталдық танытуы керек деп ойлаймыз. Бұл – сонда ғана, өңір тарихының шырақшысына айналған жанға көрсетілген шынайы құрметіміздің мәңгілік белгісі болып қалар еді.

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

17:23
1162

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020