​ҚАЛАМЫЗДА ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛДЫ

Біздің қаламызда да COVID-19 індетіне қарсы вакцинация науқаны басталды. Жезқазған қалалық емханасының кеңес беру-диагностикалық орталығында алғашқы болып екпе салдырғандар – қалалық инфекционарлық стационардың медициналық қызметкерлері.

Қазіргі таңда қала бойынша «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасының 2800 дозасы бар. Оның 1400-і – бірінші құрауышқа арналса, қалған жартысы – екінші құрауыштікі. 2400 доза аталған вакцинация орталығына бөлінсе, 400-і Жезқазған медициналық орталығы базасына жөнелтілді.

Қазақстанда «Гам-КОВИД-Вак» деген атаумен тіркелген вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінде жасалған.

– Барлық вакциналар облыс орталығынан негізгі сақтау талаптарына сай жеткізілді. Қазіргі таңда біздің вакцина орталығында 4 тоңазытқыш бар. Осы тоңазытқыштарда вакциналар -18 бен -23 градус аралығында сақталады. Жарық өшіп қалған жағдайларда екпенің сақталуы да ескерілді. Екпе салдыруға ниеттілер келген кезде жарты сағатқа тоңазытқыштан алынады. Содан соң 2 сағат ішінде егілуі қажет. Вакцина тегін және ерікті түрде жүргіледі. Ол салынбастан бұрын әрбір екпе алушы арнайы тексерістен өтеді. Яғни, дене қысымы, температурасы, сатурация деңгейі өлшенеді. Тамақ қуысы тексеріліп, өкпесі тыңдалады, тері аллергиясының бар-жоқтығы да назарға алынады. Егер екпе салдырғаннан кейін адамдарың жағдайы нашарлайтын болса, дереу 103-тің көмегіне жүгінген жөн – дейді эпидемиолог дәрігер Мөлдір Әлібек.

Алғашқыладардың бірі болып екпі салдырғандардың бірі – Евгений Ивлев.

– Мен қалалық инфекциялық стационарда анастазиолог-ревматолог болып жұмыс істеймін. 20 минут бұрын ғана вакцина ектірттім. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Ешқандай қарсы көрсетілімі болмады. Шамалы ұйқым келіп отырғаны рас, бірақ ол түнгі кезекшілікпен байланысты деп ойлаймын, – деді. Вакцина салдырар алдында толық тексерістен өткенін айтқан Оңғарсын Сияр да тұрғындарды қорықпай екпе алуға шақырып, бұл олардың денсаулықтары үшін аса маңызды екенін еске салды.

Вакцина салдырудың алғашқы күнінде аталған вакцинаны Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова да салдыртты.

Вакцинация орталығы күн сайын таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Қазіргі таңда әрбір медициналық ұйымнан кем дегенде 70 адам екпе салдыртуы керек. Барлық екпе салдырушыларға 21 күннен кейін тағы да вакцинаның екінші құрауышы егілетін болады.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:51
329

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020