​БАСПАНА БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР

Жыл басынан елімізде баспана бағасы шарықтап шыға келді. Бұған зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін баспана алуға жұмсауға болады деген жаңалық себеп болып отырғаны айтады біраз жұрт. Бүгінде Жезқазған қаласында 1 бөлмелі пәтерлер бұрынғы бағамен 2 бөлмелі пәтердің құнымен саудалануда. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші әр қазағым баспаналы болса қуанасың әрине. Бірақ… Негізсіз көтерілген баға «үйлі боламын» дегендерді тығырыққа тіреді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Жезқазған өңірлік филиалының 1 наурыздағы мәліметіне сүйенсек, Жезқазған-Ұлытау аймағының 2637 тұрғыны зейнетақы қорындағы қаржыны алуға өтініш берген. Өтініші орындалған 1571 салымшы зейнетақы қорынан 7611 млн теңге шешкен. Бұл қаржы тек пәтер сатып алуға ғана емес сонымен бірге екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық қарызды жабуға да жұмсалып жатыр.

–«Центр Кредит» банкі арқылы 110 клиент жалпы сомасы 320 млн теңгеге өз ипотекалық қарыздарын жауып үлгерді. Біздің банк арқылы пәтер сатып алуға өтініш беріп жатқандар да баршылық. Қазіргі таңда күніне осы мәселемен бізге 60 жеке тұлға жүгінеді. Қазіргі таңда банк «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламалары бойынша ипотекалық несие рәсімдейді, – деген банктің орталық бөлімшесі директоры Ольга Попова жезқазғандықтар көбінесе облыс орталығы мен Нұр-Сұлтаннан пәтер алуға ниетті екенін жасырмады.

Соңғы бір жылда жаңа пәтер бағасы 8 пайызға, екінші нарықтағы баспана 20,3 пайызға қымбаттаса, биылғы жылдың қаңтар-ақпанында жаңа пәтерлердің бағасы 4,2 пайызға, қолданыстағы пәтерлер 8,2 пайызға көтерілген. Ең қатты өсім Ақтау қаласында байқалған. Бұл қалада үйдің 1 шаршы метрі 13,1 пайызға қымбаттап, қазір шамамен 217 мың теңгені құрап отыр. Нарықтағы осы бағаларды зерттеген ұлттық статистика бюросы мен сарапшылар мысты өлкені назарға алмағаны анық. Біздегі баға қазір Ақтаудан асып түспесе, кем емес. Жезқазғандағы екінші нарықтағы пәтерлердің 1 шаршы метрі орта есеппен 212-234 мың теңге арасында. Бір бөлмелі пәтер 5-7 млн теңгеге сатылып жатса, 47 шаршы метрлі екі бөлмелілердің бағасы 9-11 млн теңге. Осыдан екі жыл бұрын 8-9 млн теңгеге сатып алуға болатын үш бөлмелі пәтер алам десеңіз қалтаңызда 13-15 млн кем емес қаржыңыз болуы керек.Қарап тұрсақ, кеңес одағы кезінде бой көтерген тұрғын үйлердегі пәтерлері жаңадан салынған үйлерден әлдеқайда қымбат. Бұл сөзімізге «Самға» ЖШС құрылыс компаниясы директорының жаңа жобалар бойынша орынбасары Қанат Күлмағанбетовтің берген ақпары дәлел.

–Компания Жеңіс көшесі 11А мекенжайында тұрғызған тұрғын үйдін құжаттарын 2020 жылдың желтоқсанында толық рәсімдеді. Жыл басынан бастап пәтерлерді сатылымға қойдық. Біз салған бес қабатты екі кіреберісі бар үйде барлығы – 30 пәтер. Олардың 10-ы – 54 шаршы метрлі екі бөлмелі, қалғаны – 67 шаршы метрлі үш бөлмелі пәтерлер. Компания құрылысқа жұмсалған шығын мен өзінің табысын есептей келе, пәтердің 1 шаршы метрін 165 мың теңге деп белгіледі. Пәтерлердің барлығы таза өңделген, – деді.

Арамызда нарықтағы бағаға бас шайқап «Кім ала берер дейсің, баға түсер» деп отырғандар баршылық. Азық-түліктің өзі күн сайын қымбаттап тұрған мына заманда жылжымайтын мүлік арзандайды деп армандау бекершілік… Қымбат болса да, Жезқазғанда баспана сатылып та, сатып алынып та жатыр. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі «krysha_zhez_sat» хабарландырулар парақшасын жүргізетін Людмиланың көмегімен екі-үш сағаттың ішінде пәтеріне жаңа ие тауып жатқандар көп. 12-19 ақпан аралығында аталған парақшада 19 пәтер сатылған. «Отбасы банкінің» Жезқазған аймағындағы консультанттары 18 қаңтардан бері он тұрғын зейнетақы қорындағы қаржы есебінен пәтерді толық сатып алса, тағы 30-ы банк арқылы несиеге рәсімдеген.

Біздің өңірде зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін алып жатқандардың басым көпшілігі кеншілер екені белгілі. Айлық табысы 300 мыңнан жоғары олардың күні бүгінге дейін баспанасыз жүруі екі талай. Осы ретте пәтер бағасының шарықтауы баспанасының үстіне баспана алғандардан гөрі жалдамалы пәтер жалдаған жерлестерге оңай соқпай тұр. Ендігі үміт Үкіметтен. Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны тежеп, ұстауды тапсырды.

Диана ОРАЗАЛИНА

19:00
838

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020