​БАЛАЛАРДЫ ҒАЛАМТОРДАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

«Тәрбие – тал бесіктен» деген қағиданы қатаң ұстанған халқымыз перзентін өмірінің мәніне балап, саналы ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсаты еткен. Дегенмен замандар көші алға озып, уақыт керуені тоқтаусыз жүйткіген сайын жалпы адамзаттың, соның ішінде баланың да таңдау, талғамы өзгеріп, оған қойылар талап та күрделене һәм түрлене түсуде. Бүгінгі күнімізді ғаламторсыз елестету әсте мүмкін емес. Осы тұста ғаламтордың пайдасы мен зияны, әсіресе, оның бала өміріне тигізер әсері туралы тұщымды ойларымен бөлісіп жүрген жерлестеріміздің бірі – Мархабат Аймағабетова.

– Мархабат Өміржанқызы, сізді жеке кәсіпкер ретінде танимыз. Өткенде «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған праймериз алаңынан да көзге түстіңіз. Ол жерде көтерген негізгі мәселеңіз балаларға арналған ғаламтор контенті және олардан қорғану жайында болды. Сайлауалды бағдарламаңызға негіз етіп дәл осы мәселені таңдауыңызға не себеп болды?

– Жалпы бұл мәселе туралы сөз қозғалғанда менде басты орынға ана көңіліндегі алаң басымырақ болған шығар. Праймеризге қайтсем де депутат болам деген ниетпен барғаным жоқ. Өздеріңіз білесіздер бұған дейін де, сол праймериз барысында үміткерлер қоғам арасында түйткілді түрлі мәселелерді көтерді. Ел, жер, тіл мәселесі, тұрғындардың әл-ауқаты, қала жағдайы, ауыл тұрмысы сынды тақырыптар әрдайым айтылып жүр. Әлі де айтыла береріне күмән жоқ. Дегенмен, бала мен оның балалық шағы, ата-анасы жұмыстан бас көтермей жүргендегі оның халі, ол қандай тәрбиемен сусындап жатқаны көпті алаңдата бермейді.

Былтыр коронавирус індеті дендеген шақта IV тоқсанда оқушылар аяқ астынан қашықтан білім алу форматына көшті. Шалғай аймақтардағы ғаламтор жоқтығы, оның оқу үдерісіне кедергі келтіргені бөлек әңгіме. Менің айтпағым, бұдан сәл басқа арнада. Ұялыға таңылған уақытта көп ата-аналардың басым бөлігі балаларының білім алуы үшін өз телефондарына сабаққа қатысты платформаларды жүктеп, баланың қолына берді немесе өзге телефонға да өз аккаунттарын тіркеді. Былай қарасақ айтарлықтай даурығатын мәселе еместей көрінеді. Дегенмен, біз бір нәрсені ұмыттық, тіпті мұны білмеуіміз де мүмкін. Гугл алгоритмі сол аккаунт тіркелген адамның жасына қарай ақпараттармен қамтамасыз етеді. Мысалы, бала ғаламтор желісін пайдаланғанда Google көбіне оның ата-анасының аккаунтына сай дерек көздерімен қамтамасыз етеді. Яғни, 10 жасар балаға 38 жастағы адамға қажет ақпараттар мен жаңалықтарды жолдайды. Осы тұста оң-солын ажыратып, ақ-қараны танымайтын бала өзіне қажетсіз бір ақпараттан келесіге өтіп, миы улана береді. Ол жерде түрлі діни-экстемистік, зорлық-зомбылық, өз жасына сай емес ұятты материалдар болуы да мүмкін. Ал оны қадағалап жатқан ата-ана жоқ. Жұмыстан бас көтере алмай жүрген ата-анаға баласының тыныш қана ұялы телефонды шұқылап отырғаны жөнірек көрінеді, бірақ олай бей-жай қарап отыруға мүлде болмайды. Бұл бала өміріне, оның болашағына және ата-ана мен ел тағдырына тікелей қатысты, жүрдім-бардым қарайтын дүние емес.

– Балаларды ғаламтордың жағымсыз және керексіз контентінен қорғау мақсатында сіз өзіңіз қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен екі баланың анасымын. Үлкенім 12-де, 7-сыныпта оқиды. Шынымды айтайын, «WatsAрр» мессенджерінен бөлек ешқандай әлеуметік желіде тіркелмеген. Балаларымның ұялы телефондарында тек мектепте сабақ оқитын платформалар, ғаламтор және Youtube бар. Мен оларға өз аттарынан Google аккаунтын ашып бердім. Google ұлдарыма олардың нақты жастарына сәйкес тек өз жастарына қажетті ғана материалдарды тауып береді. Youtube қосымшасы да біздікінен бөлек. Яғни, балаларға арналған ютуб бағдарламасы ғана бар. Оның өзінде бұл бағдарламаларды қолдану уақыты белгеленген. Қазір ата-аналардың көбі балаларына сөздерін өткізе алмайды. «Телефонды таста, ойындар ойнама» деп бір айтады, екі айтады. Оны тыңдап жатқан жоқ. Ақыр аяғында соңы дауға ұласады. Шындығында олай ашуға ерік беріп, жүйкеңді тоздырудың қажеті жоқ. Оның амалы бар. Қандай дейсіз ғой. «Google Play» немесе «AppStory»-дан «Family link» болмаса «Родительский контроль» деп іздесеңіз, ата-анаға қажетті бағдарламалар шығады. Соны жүктеп аласыз да, өзіңіз бен балаңыз жөніндегі мағлұматтарды тіркеп, екі телефон ақпараттарын сәйкестендірсеңіз болды. Бұдан былай жүйке жұқартар айқай-шудың қажеті болмайды. Аталған бағдарлама арқылы сіз балаңыздың телефонындағы барлық іс-әрекетті бақылауға аласыз. Яғни, сіз ғаламтор мен өзге плаптформаларды, бағдарламалар мен ойындарды қолдану уақытын өзіңіз белгілейсіз. Мысалы мен ұлдарыма күніне 1 сағат ғаламторға және Youtube-қа уақыт беріп қойдым. Бұл уақыт шегіне жеткеннен кейін олар қанша тырысса да ғаламторға кіре алмайды. Сондай-ақ, олардың телефондарында ойын жүктеуге рұхсат жоқ. Қанша жерден тырыссаң да ойын жүктелмейді, тек телефонның өзінің негізгі функциялары жұмыс істейді. Жалпы кез келген әлеуметтік желіге 13 жастан бастап қана тіркелуге болады. Менің балаларым әлі ешқандай әлеуметтік желіге тіркелмеген. Кейде олар маған сыныбында тек өздерінде ғана осындай шектеулер барын айтып, реніштерін білдіріп жатады. Мен оларға уақыты келгенде барлығына рұхсат ететінімді, әзірге мұның олардың қамы үшін жасалып жатқанын түсіндіремін.

– Ия, бүгінгі таңда балалардың санасын улап жатқан бірден-бір күш — әлеуметтік желілер мен ойындар. Байқаусызда осылардың құрығына түсіп, шыңырауына батып кетіп жатқандар да аз емес. Сондай жағдайларға жол бермеу үшін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз.

– Жуырда психотерапевт Альберто Пеллайдың «Сексвоспитание подростков в эпоху интернета» атты кітабын оқыдым. Менталитетімізге келмейтін осы сөзді естісек тіксініп қалатынымыз рас. Бала тәрбиесінде ол туралы көп сөзт қозғамызы келмейді. Десе де, оның соңы түрлі ушыққан жайттарға әкеліп жатыр. «Ауруын жасырған өледінің» кері бүгінгі қазақ қоғамында өте көп. Кітап авторы да 4 баланың әкесі. Сонда ол «Ғаламтор деген орман сияқты. Түрлі жыртқыш аңдар жортқан, қоршауы жоқ орман ішіне біз балаларыымызды тастап кетеміз. Ал ол жерде оны жемтігіне айналдырғысы келетін қаншама жыртқыш жүр» дей келе мынадай мысал келтіреді. АҚШ-та қарапайым отбасының кішкентай қыздары болады. Оқуда озат болып жүрген оған ата-аналары ғаламтор мен ондағы түрлі әлеуметтік желелерді қолдануға тыйым салмайды. Әлгі оқушы бір күні «Facebook» әлеуметтік желісіне тіркеледі. Ол жерде өзі туралы барлық мағлұматтарын жазып қояды. Соның ішінде сүйікті әншісі Джастин Бэйбер екенін де көрсетеді. Күндердің күнінде оған бір ересек кісі танысқысы келетінін жазып хабарлама қалдырады. Ол сондай-ақ, өзінің Джастин Бэйбердің продюсері екенін айтады. Осылайша жай хабарлама алысып жүрген әлгі оқушы қыз уақыт өте мүлде тұйықталып кетеді. Оның себебін білгісі келген ата-анасы дереу оның себебін іздестіре бастайды. Сөйтсе, әлгіндегі таныстық былай өрбіген екен. Бір күні қызға продюсер оның сүйікті әншісінің бассейінде суға түсіп жүрген фотосын жібереді. Еш жерде жоқ бұл фотоны алған оқушы қыз қуанып қалады, бірақ әлгі продюсер оған Джастин сияқты шешініп, видеоконференцияға шығуын сұрайды. Алғашында тіксініп қалған оқушы қызды алдап-сурап біраз үгіттеген ол дегенін орындатады. Келесі күні қыз мектепке барса, оның жақын құрбысы қыздың ашық-шашық тұрған фотосы телефонына хабарлама болып келгенін айтып, оның себебін сұрайды. Ол әлгі видеоконференция бойынша істелген скриншот екен. Осылай, айтқанын істемесе фотосын барлық мектепке жария қылатынын айтқан әлгі ересек еркек, қызды қорқытып, күн сайын оған әдепсіз тапсырмалар береді. Соның салдарынан қыз ешкіммен араласпай, өз-өзінен ауыр депрессияға түседі. Кейіннен қыздың ата-анасы оның құрбысымен сөйлесіп, мән-жайдың анық-қанығын анықтайды, хабарлама келген телефонның ІР мекен-жайы арқылы әлгі арамниеттіні полиция тұтқынға алады. Бұл – бір ғана мысал. Қазір мұндай жағдайлар өте көр. Жаңалықтардан қарап отырсақ, Қазақстаннан суицидттен, педофилиядан алғашқы орындарда дегенді естіп, төбе шашымыз тік тұрады. Осындайда балаларымыз үшін алаңымыз тіптен арта түседі.

Тағы бір айтпағым, қазақ халқының басынан небір қиын жағдайлар өтті ғой. Қай қанды қасіретті алсақ та қазақ жігіттерінің қаны судай шашылды. Бәлкім содан болар, қазіргі қазақ қоғамынан жігерлі ер-азамттар азайып бара жатқандай көрінеді. Еркектің рөлі, әсіресе, отбасында анық сезіледі ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бар ауыртпашылықты әйелдер өз мойындарына алды ғой. Сол кезеңнен әлі өтпей келе жатқандаймыз. Ер бала болсын, қыз бала болсын әке тәрбиесі аса қажет. Бала әкенің қабағынан жасқанып отыруы керек. Қайткен күнде де қайратты әкеден қайсар, жасық әкеден ез бала тәрбиеленіп шығатынын естен шығармағанымыз абзал.

– Әсерлі әңгімеңізге рақмет. Ісіңіз алға баса берсін!

Әңгімелескен Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

20:02
427

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020