​Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ: РУХЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ ІРГЕСІ – БЕРІК

Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сағындық Үсенұлы ҚОЖАМСЕЙІТОВ 80 жасқа келіп отыр. Ол 1941 жылы 15 наурызда Ұлытау ауданының Кішітау ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Мамандығы журналист. Еңбек жолын аудандық газет редакциясында бастап, ұзақ жылдар партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарды. Жезді аудандық, Сәтбаев қалалық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, Жезқазған обкомы насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, осы бөлімнің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Кеңестер өкіметінің билігі таратылғаннан соң, еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында облыстық кәсіптік-техникалық басқармасының, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы, 1996-2011 жылдары Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің директоры сияқты басшылық жолдардан өтті. Сонымен қатар, шығармашылықпен айналысып, Тәуелсіздік тұғырын нығайту, елдің рухы мен тіліміздің мәртебесін көтеру тұрғысында очерктер мен талдау мақалаларын жазды. Ең алғаш 1966 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Қанаттас қалалар» жинағына «Мыс магниткасы» зерттеу мақаласы енген болатын. Содан бергі жылдарда баспадан сегіз кітабы жарық көрді. Аймақтағы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. С.Қожамсейітов жоғары білімді, халықтың көркемөнер шығармашылығы мен мәдениетті дамыту, тарихи ескерткіштерді қорғау және өңір тарихын зерттеу бағыттарындағы өзекті жобаларды жүзеге асыруға ұйтқы болып, өз үлесін қосты. Үздік өлкетанушы атанды. КСРО-ның «Құрмет Белгісі» және Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Оның есімі «Дәуір» баспасынан 2004 жылы шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, білім мен мәдениет саласының тұлғалары туралы «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты кітапқа енгізілген. Ардагер ақсақал қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде қазірдің өзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелелердің шешім табуына жіті араласып, оңтайлы ұсынысын білдіріп отырады. Сексеннің сеңгіріне қадам басып отырған Сағындық Үсенұлының өткен өмір жолдарының өрелі кезеңінен түйген ойлары мен пайымдарына, сондай-ақ, қоғамның қазіргі жағдайына байланысты көзқарастары төңірегінде сырласып, орайлы әңгіме өрбіткенді жөн көрген едік.

Мансапты мақсат тұтпадым

— Сәке, сіздің қызмет жолыңыздың көбі партия, кеңес органдарында өтіпті. Алғашқы еңбек жолыңыз 9-сыныпты бітіргенде Ұлытау аудандық «Большевик туы» газетінің редакциясында басталыпты. Кейін 1965 жылдан бастап, тағы үш жылдай облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде меншікті тілші болған екенсіз. Аупарткомда, обкомда қызмет істеп жүрген кезіңізде журналистік негізгі мамандығыңызды аңсаған кезіңіз болды ма? Әлде париялық қызметтегі карьераңызды артық көрдіңіз бе?

— Иә, еңбек жолымды 1957 жылы «Сталин туы», кейіннен «Коммунизм туы» газетінде атшы болып бастадым. Ол кездегі редакцияның көлігі ер-тұрманымен ат, атшана болатын. Екі айдай атшы болған соң редакторымыз Әбілқасен Әміралин жауапты хатшының қызметін жүктеді. Содан 1962 жылы Ұлытау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ібжан Рахымжанов деген кісі шақырып алды. «Кеңшар парткомының хатшылығына жаңа кадрларды жібермекпіз, соған сені ұйғарып отырмыз» деді. «Қолымнан келмейтін шығар» деп жүрексінгенімді білдірген едім. Сол уақыттағы Павел Корчагин сияқты тастүлектерді мысалға келтіріп, үгіттеп көндірді. Кейін білгенімдей, обкомдар екіге бөлініп, кейбір аудандар жабылып өндірістік басқармалар құрылған жаңа жағдайға байланысты партиялық жұмысқа жаңа адамдарды, оның ішінде жастарды тарту жөнінде нұсқау бар екен. Сөйтіп Аманкелді атындағы кеңшар парткомының хатшылығына сайландым. Сол кездің өзінде жазудан қол үзген жоқпын. Мен 1960 жылы КСРО Журналистер одағына мүшелікке өткен болатынмын. Кейін аудандық, облыстық партия комитетінде қызмет атқарғанымда да баспасөзге жақын жүретін осы әдетім жалғаса түсті. Біз партия аппаратында істеген уақытта Орталық Комитет басшылығы: «партия органдарының қызметкерлері партиялық публицист болуға тиіс» деген ұстанымды алға қоятын. Осыған орай мақала жазып, баспасөз бетінен көрініп отыруды жұмысымыздың бір саласы деп түсінетінбіз. Сол кездегі осы талап дұрыс қой деп ойлаймын. Мысалға, қазіргі қызметте жүргендерді қарасаңыз, мақала жазбақ түгілі, кейбіреуі өз ойын қағазға түсіріп жазып бере алмайды.

Парткомнан кейін 1965 жылдан бастап 3 жылдай облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған қаласы мен Жезді ауданы бойынша меншікті тілшісі болып істедім. Бұл – Үлкен Жезқазғанның құрылысы орта белден ауып, аяқталуға жақындаған тұсы болатын. Алғашқы алып шахталарды іске қосуға байланысты екпінді құрылыстар өріс алған. Соның бірі №55 шахта құрылысы жөніндегі штабының құрамына енгізген қала басшылары маған «Орталық Қазақстанға» күн сайын құрылыс барысы туралы жазып отыруды жүктеді. Содан 1967 жылы қайтадан партиялық қызметке шақырды. Жезді аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне бардым. «Карьера» туралы ашып айтқаның да дұрыс. Негізінде партиялық жұмысқа барғанда мансап қуып, қызмет сатысымен өсуді мақсат еткен емеспін. Партияның бағыттап, жіберген жеріне барып отырдық. Сол уақыттағы заман талабына сай адал қызмет етіп, қолдан келгенше қабілет-қарымымды көрсетуге тырыстым. Партиялық жұмыс бізді шыңдады, ой-өрісімізді өсірді.

Адамдармен жұмыс абыройға бөледі

— Кеңестік заманда қоғамның барлық саласына компартия билік жүргізгенін білеміз. Идеологиялық жұмысты, кадр саясатын да партия органы жүргізіп шешетін. Бір сөзбен айтқанда рөлі күшті болды. Сіз аудандық, қалалық партия комитеттерінде бөлім меңгерушісі, Жезқазған обкомында насихат және үгіт бөліміндегі лекторлар тобының жетекшісі, идеология бөлімінің меңгерушісі болдыңыз ғой. Сол қызметтеріңіздің негізгі сипаты мен атқарылған өзекті істерді еске алып өтсеңіз?

— Партия комитеттерінің ол кезеңдегі міндеттерінің бірі кеңес халқының жаңа қауымдастығын қалыптастыру бағыты болатын. Біздің бөлім негізінен партия мүшелерін ортақ іске жұмылдыра отырып, адамдармен жұмыс істеуді басты орынға қоятын. Адамдармен жұмыс істеу жан-жақты міндеттер жүктейді. Тоталитарлық жүйе деп қаншалықты кінә таққанымызбен, адамдармен жұмыс істеу өзім үшін ерекше әсерлі болды. Жезді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сұлтан Хасенұлы Әменовтен көп өнеге алдым. Ол кісі көпті көрген, Отан соғысының ардагері еді. Шаруашылық жайын жақсы білетін. Аралауға бірге ертіп шыққанда еңбек адамдарының тұрмыстық жағдайының дұрыс болуына айрықша мән беретін. Барған жеріндегі ферма меңгерушісі, шаруашылық басшылары туралы біздің пікіріміздің қандай екенін үнемі сұрап, біліп отыратын. Алғашқыда неге сұрады екен деп, тосылыңқырап жауап бергенімізбен кейін бұл кадрларды тереңірек танып-білудегі жұмыс әдісі екеніне көз жетті. Іскерлігімен танылып, көзге түскен адамдарды қызмет жолымен өсіріп отыруды назарда ұстайтын. Міне, кадрларды осылайша жан-жақты зерттеп біліп, содан соң бір шешімге келу әдісін обкомда істегенімде облыстық партия комитетінің хатшысы Жылқыбай Аралбаевтың жұмыс стилінен көрдім. Жарықтық Жықаң бір көргеннен-ақ адамның болмысы мен қабілет-қарымын айқын аңғарып қалатын. Кісінің кісілігін көбінесе бейресми жағдайда жолыққанда байқап жүреді екен. Көп сөзден гөрі нақты істің адамы еді. Қатардағы адамдардың бір түйінді мәселесі болса, соған дереу араласып оңынан шешіп беретін. Ол кісінің қарамағындағы идеология бөлімінде қызмет атқарғанда өз басым көп нәрсені үйрендім.

Кадрлық саясатта да партияның ролі күшті болғаны белгілі. Мәселен, біз өз саламыздағы кадрларды іріктеп, қолынан іс келетіндерін қай қызметке жіберу жөнінде ұйғарым жасап, олардың резервін жасап отыратынбыз. Оның ішіндегі газет редакциялары мен мәдениет саласы басшыларын тағайындаудағы ұстанымдар естеріңде болуы мүмкін. Мәселен, өзіңді Ақадыр ауданында редактордың орынбасары болып жүрген кезіңде обкомның ұйғаруымен Приозерный аудандық газетіне редакторлыққа жіберу де осындай кадрлар резервін жасақтаудың бір көрінісі болатын. Жалпы кадр мәселесін шешу, оның ішінде адамдармен жұмыс байсалдылықты, өзара сенімділіктің болуын қажет етеді. Партия қызметкері ретінде тек кабинетте қағаз жазып отырумен шектелген жоқпыз. Әр саладағы адамдармен етене араласып, қоян-қолтық жұмыс істейтінбіз. Өзімнің жеке басыма ешкімнің кінә артқан кезі болған емес. Қайта адамдармен шынайы жұмыс нәтижесінде алғыс арқаладық.

— Сағындық Үсенұлы, қазір Нұр Отан партиясын Қазақстандағы билік партиясы деп атап жүр ғой. Өзіңіз де осы партияның мүшесі боларсыз. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бүгінгі билік партиясының бұқараға ықпалы, мәселе шешудегі деңгейі туралы не айтар едіңіз?

— Нұр Отанды жалпы Парламент партиясы, билік партиясы деп көтермелеп жатады ғой. Алайда, халықпен жұмыстың барлығы тек сайлау уақыттарында ғана белсенділікпен жүргізілетінін байқаймыз. Және сол сайлау қарсаңындағы бағдарламалары көбінесе қаржы жағынан негізделмейді. Партия қатарына іріктеу жұмыстары да жетілдіруді қажет етеді. «Көлденең келген көк аттыдай» кездейсоқ адамдардың мүше болуы, кейбірінің тек қол шапалақтап, бас пайдасын ғана ойлауы жалпы ортақ жұмысқа көлеңкесін түсіретінін көріп жүрміз. Кейбір істері жұрт көңілінен шықпайды. Бір мысал айтайын, 2019 жылы қалалық қоғамдық кеңесте экология жөнінде тиісті шешім қабылдадық. Қаладағы партия өкілдерінің басшыларымен қатар олардан облыстық, қалалық мәслихаттарға сайланған депутаттар да болды. Сөз жүзінде қолдағанда бәрі ойдағыдай. Ал, нақты іске асыруға келгенде тайсақтай беретіні байқалады. Мүмкін бұл әлі партияның тәжірибесі толысып, толысып жетілмегенінің әсері шығар. Қарапайым жұртшылық көтерілген мәселелердің шешімталдықпен жүзеге асқанын қалайды. Тоталитарлық жүйедегі коммунистік партия сияқты болсын деуден аулақпын. Бірақ, әлі де халықтың көңілінен шығатындай жетекші партия болуға күш салуы керек деп ойлаймын.

Желтоқсан – оқиға емес, көтеріліс

— Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл болса, ел егемендігін аңсаған Желтоқсанға 35 жыл толғалы отыр. Сіздің көзқарасыңыз бойынша желтоқсан оқиға ма, көтеріліс пе? Сол уақытта Жезқазғанда да жастардың толқуы болғаны белгілі. Облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі ретінде сол сәтте сізге де оңай соқпаған шығар. Сын сағатта партияның саясатына орай жоғары биліктің ықпалында болдыңыз ба, әлде жастарға бүйрегіңіз көбірек бұрылды ма?

— Обкомның бірінші хатшысының тапсырмасы бойынша біз 18 желтоқсан күні кешкілік жоғары оқу орындарының жатақханаларын аралап өткен едік. Аса күдік аларлықтай ештеңе байқамадық. Ертеңінде яғни 19 желтоқсанда таңертеңгілік аяз күшейіп, күн шаңытып тұрды. Обком ғимаратының бірінші қабатында педагогикалық институттың ректоры Мәкен Бектұров пен политехникалық институт филиалының директоры Ниязғали Жайсаңбаевты жолықтырдым. Айтуларына қарағанда, студенттер таңертең аудиторияға сабаққа кірмеген, қолдарында ұран-плакаттары бар дейді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті желтоқсан пленумының шешімдеріне келіспейтінін білдіріп, көшеге шықпақшы. Политех студенттерінің қабағы қатулы, пединституттың тобына қосылуға келе жатса керек. Олар орталық алаңға жиналатын сыңайлы деген хабар алысымен облыстық партия комитетінің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы Сырым Сапарғалиевтің кабинетіне келдік. Ол бірінші хатшы Н.Давыдовпен сөйлесті. Шамасы, бәрімізді шақырған болу керек, оныншы қабатқа көтерілдік. Бірінші хатшы түрегеп тұрып қысқаша тілдесіп, мән-жайды ректорлардан сұрады. Бізден бұрын облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Р.Қайдаров телефон соғып, хабардар еткен екен. Шешім шапшаң қабылданды. Шерудегі студенттер арасына барып үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізетін болдық.

Балалар шерулер мен демонстрациялар ұйымдастырудың тәртібі жөніндегі түсініктерімді жақсы қабылдады. Көкейдегі сұрақтарын да қарша боратты. «Жиналыстар неге тек орыс тілінде өтеді, қазақ тілінің несі кем? Бізде орыс қысының мейрамы өтеді, сонда орыс, қазақ, украин қыстары деген бола ма? Институттағы сабақтар неге қазақша жүргізілмейді? Қазақтар көп қабатты үйдің неге бірінші немесе бесінші қабатында тұрады? Коттежде тұратындар негізінен орыс ұлтының өкілдері. Қонаевтың орнына орыс болса да неге қазақстандық бір басшы сайланбады?». Міне, осы тұрғыдағы көптеген сауалдарға байыппен жауап беріп, жастардың аптығын басуға тура келді. Сағат түскі он екіге таман ішкі істер басқармасының бастығы Рүстем Қайдаровтың кабинетіне келдім. Бұл кісі ұлттық ұстанымға берік, жан-жақты ойлайтын алғыр адам болатын. Жастар шеруі тарқаған соң оқиғаны аса шиеленістірудің қажет еместігін сездіргендей болды. Сол сәтте қоңырау шалған одақтық ішкі істер министрінің орынбасары генерал Б.Елисовқа облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттері көшеге шыққанын, шеру ұйымдастырудың тәртібі түсіндірілген соң тарағанын баяндады. Ана жақтан ұйымдастырушылардың кім екенін, ұстадыңдар ма деген сыңайдағы сұрауына да Рүстекең нақты ойластырып ұйымдасқан шара емес, шеруге қатысушылардан гөрі жолай қызықтап қосылған тұрғындар көп болды дегендей, мәселенің тігісін жатқызып жеткізді. Негізінде Алматыдағы студенттердің бас көтеруін Жезқазғанда 600-ге тарта студент қолдап, желтоқсанның 19-ы күні шеруге шыққан еді. Олардың ішінде 200-ден аса студент жастар мен оқу орындарының қызметкерлері, ағайын-туыстары партиялық, комсомолдық, әкімшілік жазалар алды. Жоғары жақтан ұлтаралық араздықты қоздыруға байланысты жаппай жазалау қажеттігін ұсынғанмен біз аса қоламтаны қоздырмай, жастардың жапа шекпеу жағында болдық. Бірде-бір адамды орынсыз оққа байлап, негізсіз жазаға тартқан жоқпыз.

Жалпы, желтоқсан оқиғасының мән-жайына кейін қанықтық қой. Уақыттың, заманның өзгеріп келе жатқанын, осыған орай өзіміздің де көзқарасымыздың өзгере бастағанын аңғардық. Бұл толқу қалғи бастаған ұлттық сана-сезімімізді оятты. Азаттықты аңсаған халқымыздың іште бұғып жатқан бұлқынысының зор дүмпуі болғаны анық еді. Сондықтан, Желтоқсанды оқиға емес, нағыз көтеріліс деген дұрыс. Менің «Ұлытау кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Намыстан жаралған халықпыз» деген кітабымда осы жағдайлар туралы нақты құжаттар арқылы егжей-тегжейлі баяндалады. Шындығын айтқанда, енді 5 жылдан кейін Тәуелсіздік таңы ататынын біз ол кезде білмедік.

Тіліміз неге төрге шықпады?

— Бүгінде ана тіліміздің жай-күйі туралы қынжылыс білдірушілер көп. Мемлекеттік тіл болғанымен 30 жылда қазақ тілі төрге шықпай қойды, босағадан сығалауда деген сыңайдағы әңгімелер жиі айтылады. Бұл жөнінде сіз қандай пікірдесіз?

— Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде қазақ тілінің жоғын жоқтаушылар көп болды. Мен 1995 жылдан бастап біржарым жылдай облыстық тілдер басқармасының бастығы болдым. Сол уақытта тілге қатысты мәселе өткір қойылатын. Жаппай құрылған «Қазақ тілі» қоғамдарының жұмысы да пәрменді басталған еді. Қоғамның даму барысында осы бетбұрысымыз бірте-бірте бәсеңдеп қалды. Мен ол кезде бұлай болады деп ойламаған едім. Арамызда бірді-екілі басқа ұлт өкілдері болса орысша сөйлеу, қазақ тілін дұрыс білмейтіндерді басшылыққа қою бұрынғыша қайта белең алды. Мемлекеттік деңгейдегі тілге деген талап екінші қатарда қалып қойды. Қазақ ұлты ретінде өзін кемсітіп, орысша сөйлесе озық көрінетіндей мәңгүрттер қатарының көбейе бастауы тіліміздің төрге шықпауына айтарлықтай салқынын тигізе бастады. Білім беру саласындағы сансыз реформалар да жас ұрпақты адастырып бітті. Өз басым балаға 1-сыныптан ағылшын тілін үйретеміз дегенді құптамаймын. Мысалы, әлемдегі озық ойлы елдер қатарындағы жапондықтар бала өз тілін еркін меңгеретін 12 жасқа толмайынша шет тілін үйретуді қолға алмайтын көрінеді. Жас ұрпаққа ана тілін бесіктен бастап, балабақшаға, мектепке дейінгі кезеңде бойларына сіңіруді жүйелі жүргізбейінше іс алға баспайды. Шет тілінде сайрап тұрғанымен, ұлттық тәрбие негізі мен қазақтық болмысынан алшақтап кеткен жастардың болашағы не болады?!

Жезқазғанның болашағы толғандырады

— Сағындық Үсенұлы, бүгінге дейін қаланың қоғамдық жұмыстарынан қалыс қалған жеріңіз жоқ. Қазірде қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде жергілікті биліктің жұмысына қозғау салып, ой-ұсыныстарыңызды білдіріп жүргеніңізді көреміз. Қоғамдық кеңес жалпы Жезқазған өңірінің қандай өзекті мәселелерін шешуге үлесін қосты?

— Өңірдің экологиялық жағдайы өте ауыр жағдайда. Қоғамдық кеңес өзінің алғашқы отырысынан бастап осы өзекті проблеманы талқылады. Қаладағы мыс қорыту өндірісінің жұмысы барысында әр тұрғынға шаққанда 1 тоннадан аса зиянды күкірт ангидриді ауаға таралады екен. Сонымен қоса, қоршаған ортаға таралып жатқан мышьяк, кадмий, қорғасын сияқты әртүрлі ауыр металдардың үлесі аз емес. ЖЭО-ынан ауаға көтерілетін көмір қалдықтарының зиянды заттары да экологиялық ахуалды бұзуда. Өндіріс технологиясына қатысты осы келеңсіздіктердің жолын кесуде бұрынғы экологиялық кодекс дәрменсіз болды. Енді жаңа Экологиялық кодекске үлкен үміт артып отырмыз.

Президентіміз ішкі ресурстарды пайдалану жөнінде міндет қойғаны белгілі. Біздің өңірде де пайдалана білсек ішкі ресурстар аз емес. Мәселен, Талап алқабында бау-бақша өсіретін 4 мың гектардай жер бар. Жезді су қоймасын қалпына келтіріп, тиімді пайдаланса 3 мың гектар алқапты суаруға мүмкіндік береді. Бұл – азық-түлік проблемасын шешудің үлкен резерві. Қоғамдық кеңесте көтерілгенмен қала басшылығы осы мәселеге жете көңіл бөлмей келеді. Соның салдарынан Жезді су қоймасы мен Талап тоғаны Су ресурстары комитетінің еліміздегі суармалы жерлерді игеру жөніндегі бағдарламасына енбей қалды. Жергілікті биліктегі басшылар әлі де болса осы жобаны іске асырудың жолын қарастырса деймін.

Жезқазғанды өмірге әкелген әкесі де, шешесі де Қаныш Сәтбаев десек болады. Өңірдің кен байлығының болжам картасын жасаған ғұлама ғалым жылына 200 мың тонна мыс өндірілгенде Жезқазғанның кен байлығы жүздеген жылға жететінін дәлелдеген-тін. Ал, «Қазақмыс» басшылығы 2012 жылдары кен қоры әуелде 10 жылға, одан кейін 20 жылға жетеді деп жұртшылықты алаңдатып қойды. Сол кезеңде жоғары білікті көптеген мамандар басқа жақтарға қоныс аударып кетті. Сондықтан өңірдің келешегін дұрыс болжай білу де өте маңызды. Мені Жезқазған өңірінің болашағы қатты толғандырады. Қазір мыс кені болғанымен, оның да қорының белгілі шегі бар. Негізінде, бірыңғай мыс өндірісіне қарап отыруға болмайды. Бірде, 1969 жылы болуы керек, Қарағандыда археолог ғалым Әлкей Марғұланға кездестім. Сонда: «Жезқазған бай ғой. Горкомдағы Кәкімбек Салықовқа сәлем айтшы. Алашахан, Жошыхан кесенелерінің кірпішіндегі глазурь, ғаныш сияқты минеральдық шикізаттарды да сол жерден өндіріп алуға болады» деп еді. Осының өзі жолын тапса басқа да өндірістер ашып, өңірді дамытуға болатындығының бір мысалы. Көзін тапса бұл өңірде мүмкіндіктер аз емес. Мәселен, жұртшылық Қызылорда жолының салынуына үмітпен қарауда. Одан соң Арқалыққа қарай жол тартылса. Өңірдің тынысы кеңейіп, тіршілігі жандана түсері анық. Табиғи байлықтарымызға жанашырлықтың кеміп бара жатқаны да алаңдатады. Ұлытаудың Арғанаты бойындағы Кішкенекөл, тағы басқа көлдерге бұрын қоқиқаздар қаптап келіп қонатын. Ана бір жылдары корпорациядағылар көлдің айналасын қоршап тастаған соң осы құстар келмей қалды. Халықаралық келісім бойынша құстардың жолы, қонатын жерлері кедергісіз ашық болуы керек. Мұны айтып отырғаным, кезінде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығын құру жөніндегі ұсыныспен жоғары жаққа бірнеше рет барып жүріп, 1990 жылы Үкімет қаулысының қабылдануына қол жеткізген едім. Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков біздің ұсынымызға қолдау танытып, айтарлықтай көмегін бергені есте. Ол уақытта облыстық Кеңес төрағасының орынбасары қызметінде болатынмын. Бұрынғы Қарағанды политехының филиалы болып келген тау-кен технологиялық институтының ашылуына да осы қызметте жүргенімде мен мұрындық болдым. Торғай облысы жабылғанда облыстық атқару комитетінің төрағасы Хамзе Жұмабековпен бірге драма театрды Жезқазғанға шақырып, орналастыру жөніндегі көп жұмыстарды да қолдан өткердік. Өңіріміздің одан әрі дамуында өзіндік орны бар осындай игіліктерімізді сақтап, бағалай білсек деймін. Қоғамдық кеңестің қозғар мәселелері де осы жайлармен өзектес.

Ұлт ұйысса – ұтары көп

— Сәке, сексеннің сеңгіріне келіп отырсыз. Нағыз ақсақалдық белеске шықтыңыз. Құтты болсын дейміз! Енді бүгінгі күні қазақтың қариясын не толғандыратынын білгіміз келеді?

— Адам үлкейген сайын өткен кезеңдер ойға түседі, көп нәрселер алаңдатады. Ең әуелі мені қазақтың ұлт болып қалыптасуының жайы көп толғандырады. Рухани жаңғыру біртұтас қазақ халқын қалыптастыру міндетін алға қойды. Біз орыстың да, немістің де қазақшылыққа бейім болғанын тәуір көреміз. Өзіміздің қазақтарға келетін болсақ, жүзге, руға бөлінуден әрі аса алмай жүр. Біртұтас қазақ халқының өкілімін деуден гөрі руын алға тартып, жіктелуге бейім тұрады. Патша заманындағы рушылдықты қоздырып, бір-біріне қарсы қою саясатының салдары ма, білмедім. Біз қайта одан сабақ алуымыз керек еді. Әрі кетсе біздің қазақ «ана балама қызмет алып берсем, үй әперсем» деген пендешілік тірліктен аспайды. Елдік мүддеге келгенде аспаннан, немесе Үкіметтен дәметіп, шегіншектей береді.

Негізінде қазақ – ұлы ұлттардың бірі. Мынадай алпауыт орыс пен қытай елінің арасында жұтылып кетпей өмір сүруі ұлттық рухының мықтылығынан. Кешегі өткен замандағы Бөгенбай, Қабанбай сияқты батырларымызды еске алайықшы. Олар «бәлен рудың жері үшін» деп атқа қонған жоқ. Жалпы қазақтың жері үшін, елі үшін дұшпандармен айқасты. Әр өңірдің, әр жүздің ерлері ел мүддесі үшін бірлесіп күресті. Соның арқасында қазақ осындай ұланбайтақ жердің иесі болып отыр. Біз ұлт болып ұйысып, болмысымызды сол ата-бабаларымыздың деңгейіне жеткізуіміз керек. Бұған жетпесек, жемқорлықты да, дара-дара бөлінуді де жеңе алмаймыз. Рулық ұсақ-түйектен арылып, ұлттық дәрежеге көтерілуімізге ақсақалдар жол басшы болса деймін. Жол көрсетіп отыратын зиялы қариялар, абыз ақсақалдар баршылық.

Рухани жаңғыру дегенімізді – ұлттық жаңғыру деп түсінген жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйінін ашып көрсетіп берді. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», — деді. Халқымыздың алдында Тәуелсіздігімізді нығайтып, баянды ету міндеті тұр. Қариялардың да бүгінгі арман-тілегі осы. Бұл жолда ұлттық негізімізді сақтап, түп-тамырымыздан ажырамаудың маңызы зор. Рухы биік елдің іргесі де берік болады.

Амандық РАХҰЛЫ


19:16
576

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020