​МОЛ ТӘЖІРИБЕНІ ТЕРЕҢ БІЛІММЕН ТОЛЫҚТЫРҒАН ҚАЗЫНАЛЫ АҚСАҚАЛЫМЫЗ

Ұлытау, Жезқазған аймағына барып, ел тарихынан бастап бүгінгі ахуал мен өзекті мәселелерге дейін терең түсіндіре алатын кісі іздесеңіз, көзі қарақтылар сізді бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отырған Сағындық Үсенұлы Қожамсейітовке бағыттайды. Тынымсыз ізденіс пен іждахаттылық табиғатына тән Сәкең – мол тәжірибені терең біліммен толықтырған қазыналы ақсақалымыз.

Қиын кезеңде дүниеге келіп, ел енді есін жия бастаған шақта ер жеткен Сағындық Үсенұлы қай жаста, қай жүйеде болмасын ел мүддесіне қызмет жасаудың кілтін табу үлгісін көрсетуде. Қай лауазымда болмасын Сағындық ағамыз зиялыға тән кішіпейілдігінен айныған емес.

1989 жылы біз «Ұлытау» қозғалысын құрып, экологиялық және мәдени мұра мәселелерін жергілікті билік пен космодром өкілдері алдында қоя бастаған сәттен ұйым басшысы ретінде Сағындық Үсенұлымен жақын танысу сәті түсті. Облыстық атқару комитеті төрағасы орынбасары ретінде Сәкең сол кезде ақ азаматтық жанашырлықтан туған бастамаларды қолдап, билік пен қоғамдық ұйым кей мәселені бірлесе шеше алатынын көрсете білді. Кеңестік жүйеге «Қайта құру» ептеп қан жүгірткенін ел мүддесіне пайдалана білген Сағындық Үсенұлы «Ұлытау» қозғалысының көптеген ұсыныстарын қолдап, облыс құзіретіндегісін тікелей шешуге септесіп, қажет болғанда оларды орталық органдарға жеткізуге де көмектесті. Бұл үйлесімді іс қимыл «Теректі әулие» петроглифтерін қорғағанда, «Ұлытау» мемлекеттік қорығын ашуда, Отырар-Ұлытау маршрутымен «Кіші Жібек жолы» экспедициясын ұйымдастыруда өз жемісін берді.

1992-1994 жылдары облыс әкімі орынбасары ретінде көптеген бастамаларды көтеріп, мәселелерді шешуде де әрдайым Сағындық Үсенұлының мол тәжірибесіне жүгініп отырдық. Одан бері де байланысымыз үзілген емес. Таяуда ғана ұлы бабамыз Бабыр бидің ескерткіші ашылуында кездесіп, сұхбаттастық. Би бабаның мерейтойына байланысты дайындықтың үйлестірушілері ретінде Сәкең іскер де жанашыр Өзденбай ағамызбен бірге астанамызға да талай келіп, бірнеше мәрте мәслихат құрғанбыз. Төменде осы жылдардағы біраз кездесулер мен бірге өткізген шаралардың суреттері берілген.

Сәкеңмен әрбір сұхбат мазмұнды болып келеді. Ол кісі қай лауазымда, қай жаста болмасын ізгілік пен сыпайылықтың, терең талдау мен жанашырлықтың үлгісін көрсетуден танған емес. Елге абыройлы қызметіңіз әлі ұзақ жалғассын, құрметті Сағындық Үсенұлы! Жүз жасаңыз!

Әлихан БАЙМЕНОВ,

Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана өңірлік хабы басқару комитетінің төрағасы

16:07
1280

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020