​НАУРЫЗ – ІЗГІЛІК МЕЙРАМЫ

Осыдан 110 жыл бұрын, яғни сонау 1911 жылы Ахмет Байтұрсынұлы «талап жоқ, үміт мол бір халықпыз» деп қынжылса, қынжылғандай едік. Енді міне, талабы мен үміті зор ел болғанымызға 30 жыл толғалы отыр. Ілгері күнге үміт арта отырып, кешегі күніміздің көзден кетсе де, көңілде өшпестей таңба қалдырған тұстарынан әңгіме қозғау артықтық етпес. Өйткені, өткенімізден аттап кетсек, өскенімізді танымағанымыз болар.

Бәрімізге белгілі, 70 жыл бойы ата дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз аяққа басылып, ұрпағымыз қасиетті ана тілінде ұлағатты сөз тыңдаудан қалып бара жатты. Нәтижесінде жастарымыздың 40 пайызға жуығы нигилистер қатарына қосылды. Өзінің тілін, тарихын білмеуінің салдарынан қазақ жастары өз ата-бабаларының ғасырлар бойы жинақтаған рухани дүниелерін де еріксіз ұмыта бастады. Бұл бізге отбасының қазақы тірлігін іріткен, ата дәстүрден түбегейлі алшақтатқан індет боп жабысты. Сондықтан ата салтымызды тірілтіп, ұлттық құндылықтарымыз бен мұраларымызды іздегеніміз рас және де одан ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ.

Мәселен, Наурыз мейрамын алайық. Бұл мереке Кеңес одағы кезінде атап өтілуге тыйым салынғанына қарамастан, қазақ халқының ең маңызды мерекесі болып қала берді. Әлі есімде, бала кезімде бұл күні таңертеңнен бастап үлкен-кіші топталып мерекелік көңіл күйге бөленетін. Жақын туыстар бір біріне қонаққа барып, жаңа жылдың келуімен құттықтайтын. Қыстан аман-есен шығып, жаңа жылда бас қосқан жұрт өзара ақ ниеттерін жаудырып жататын. Бірақ мұның бәрі жасырын жасалып, сырт көзге білдірмеуге тырысатын. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға тыйым салынған еді.

Қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлаған – әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов. Ол 1988 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинге хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған болатын. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар сізге басқа көзқараспен қарайтын болады» делінген. Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде береді. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастады. Сең құрсауы сөгіліп, ұлттық нақыштағы жаңа жылға рухани жағынан саналы көзқарас танытылып, оны өркениетті түрде атап өтуге мүмкіндік туды.

Ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты жандандыру жолында, Наурыз мейрамын жаңаша атап өтуге сол тұста «Қазақ тілі» қоғамы тарапынан да игі шаралар молынан атқарылды. Жер-жерде бұл қоғамдық ұйым мейлінше белсенділік танытып, жастардың ұлттық дәстүр-салтты, халықтың өткені мен бүгінін терең білуіне ұмтылыстарын ояту әрі ынталандыру мақсатында «Ауыл тойлары», «Келіндер байқауы», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», Әжелер өнері, ақындар айтысы, ұлттық киім үлгісі, жыршылар мен термешілер байқауы, қыз қуу, алтыбақан құру, көкпар, ұлттық спорт сайыстары тәрізді көптеген игілікті шараларға ұйытқы бола отырып, істің басы-қасынан табыла білді. Өз кезегінде мұндай іс-шаралар адамдардың жүрегіне ұлттық сезімін құйып, көңіліндегі сәулені байытуға игі әсерін тигізгені анық. 2010 жылғы 19 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарардың қабылданғаны бекер емес. Сөйтіп, мереке БҰҰ тарапынан да толықтай мойындалды.

Тәуелсіздік жылдарында төрімізге еркін шыққан Наурыз мерекесі еліміздегі барлық ұлттарға ортақ мейрамға айналды. Бұл — ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының күні. Қазақ халқы мерекеге Ұлыстың ұлы күні деген екінші атау берген. Наурыз мерекесі жаңғырып, жаңарып заманауи өмірге үйлесімділігін танытуда. Қоғамда достық пен келісімнің нығаюы жолында үлкен рөл атқара бастады. Бұл өте маңызды. Ел ішінде келіспеушілік пен түсініспеушілік орын алған болса, осынау мейрам күні жойылады деген сенім бар. Яғни өкпе-реніш атаулы түгел тарқап, кешірім үстемдік құрады. Дәстүрге сай осы күні ақсақалдар халыққа жақсы тілек айтып, бата береді. Әдетте бұл жақсы тілектер: «Халық гүлдене берсін! Ақ мол болсын! Келген жыл молшылық әкелсін! Бүкіл жамандық пен барлық қара іс жер бетінен жойылсын! Ата-бабамыздың рухы әрдайым бізге қолдау көрсетсін!» деген сөздермен аяқталады. Сөйтіп, қазақтың ақ баталары мен ізгі тілектерінің Наурыз мерекесі сынды ұстанымдардан қалыптасқанына сенесің. Себебі, наурыздың осы күндері бүкіл дүние жайнап, жадырап тұрады. Адамдардың көтеріңкі көңіл күйі табиғаттың жайма-шуағымен әсем үйлесім табады. Әрине, жер көлемі жағынан әлемнің тоғызыншы территориясы болып саналатын Қазақ елінде табиғаттың тосын сыйлары болуы мүмкін. Дегенмен, Наурыз мейрамында қар жауса да, бұл жақсылықтың белгісі. Ерте заманнан бері қыздардың сұлулығын Наурыз мейрамында жауған ақшақармен салыстырған.

Бір сөзбен айтсақ, Наурыз мерекесі – бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту, сонымен қатар қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруды мақсат тұтқан ұлтымыздың ұлық мейрамы. Ендеше, өмірге жаңаша қарауға шақыратын, алдағы күндерден тек үміт күтіп қана қоймай, игі істерге, жақсылықтарға жетелейтін Наурыз мерекесі бәрімізге құтты болсын!

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ

Нұр – Сұлтан қаласы 

10:49
332

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020