МАЛШЫБАЙДАҒЫ МАРДЫМДЫ ІСТЕР

Өткен аптада Жезқазғанға қарасты ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері өтті. Ауыл әкімдерінің есебі Малшыбай ауылында түйінделді. Сарыкеңгір ауылдық округі әкімі Қайрат Бапановтың ауылдықтармен кездесуіне қала басшысы Қайрат Бегімов, қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаев, қаладағы мекеме, кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Ауыл әкімі есептік баяндамасын жақында ауылдық округ атауы Сарыкеңгір ауылдық округі, округ орталығы Малшыбай селосы болып бекігенінен бастап, ауылдағы игі бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалысына кеңінен тоқталды.

Қазіргі таңда ауылдық округте 84 отбасында 414 адам тұрып жатыр, 2019 жылы селоның заңды және жеке тұлғаларынан мүлік салығына 6 000теңге, көлік салығына 300 000теңге қаржы түскен. «Малшыбай селосы әкімінің аппараты» ММ-не 41 млн. 012 мың теңге қаржы бөлініп толығымен игерілген.

-Малшыбай селосында 6 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп оның ішінде 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыз ретінде тіркелмеген 4 адам «Жалтырбұлақ» АҚ-на жұмысқа тұрды. Барлығы 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ауылдың бір тұрғыны грант арқылы 2 бас сиыр алуға 500 мың теңге алды. Жеке кәсіп ашып, оны дамытуға, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау мақсатында 9шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаларға қатысты. Оның ішінде 6 шаруа қожалығы ірі-қара малдарын асылдандыру бойынша субсидия алса, 1 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы шет елден 69 бас сиыр сатып алды. 5 шаруа қожалығы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы арқылы 29 млн. теңге қаржылай көмек алды, — деді ауыл әкімі.

Малшыбайдың қаладан қашықта орналасқаны белгілі. Ауыл адамдарының құжат рәсімдеу үшін қалаға келіп-кетуі де оңайға соқпайды. Алайда, әкім бұл мәселені де оңтайлы шешкен сияқты. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және электрондық мемлекеттік қызметтерді кеңінен тарату аясында Малшыбай селосының әкімдігінде тұрғындар барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына» келіп, көп қызметті Интернет арқылы алады.

Бүгінде ауыл әркім өз күйін күйттеген оңаша тірлікпен шектелмей, ортақ іске білек сыбана кірісетін бірлігімен де ерекшеленеді. Мәселен былтыр 20 сәуірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген белестердің бірі – «Туған жер» бағдарламасы аясында, Жезқазған қаласының әкімі мен мемлекеттік мекемелері көмегімен, Жезқазған қаласының 65 жылдығына орай шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының демеуімен «Сарыкеңгір самалы» атты көктем мерекесі ұйымдастырылған. Ұлытау ауданы, Жезқазған-Сәтбаев қалаларынан қалың жұртшылық жиналған мерекелік іс-шарада ұлттық ойындар дәріптеліп, ұлттық спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылған.

Ауыл іші де күннен күнге көркейіп, тазалық, абаттандыру мәселелеріне көңіл бөлінуде. «Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесі бюджетінен Ұлытау, Алаш, Сарыарқа көшелерін жарықтандыруға 9 млн. теңгеге 32 бағана орнатылған. Кіреберістегі жазулар жаңаланып, ауыл орталығына жастарға арналған спорттық тренажерлар орнатылған. Жезқазған ботаникалық бағының көмегімен мектеп ауласына 50 түп ағаш отырғызылыпты.

Село әкімдігі ауыл экономикасының негізін құраушы шаруа қожалықтарын құру мен дамытуға, ауылдағы кәсіпкерлікті ынталандыруға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі күні селолық округте 84 шаруа қожалығы тіркеліп, оның 59-ы жұмыс істеп тұр. Селоның жалпы жер көлемі 331 128 гектарды құрайды, оның ішінде 169592,9 гектар ауыл шаруашылығына пайдалануда және 405 гектар шабындық. Ауыл негізінен малшаруашылығымен айналысады.

Былтырғы жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара саны 4,16%-ға, қой-ешкі 5,46%-ға, жылқы 5,17%-ға өскен. Түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егіп-емдеу, оларды анықтау мақсатында қан алынып, тексеру жұмыстары кесте бойынша жалғасуда.

Ауылдағы №15 орта мектепте бүгінде 35 бала оқып жатыр. Мектепте барлығы 13 мұғалім сабақ береді. Түгелдей компьютерленген мектеп интернет желісіне қосылған. 2019 жылы «Жезқазған қаласының білім бөлімі» ММ-сі арқылы оқушыларының заманауи білім алуы мақсатында жаңа стандартқа сай биология, химия, технология және робототехника кабинеттерімен жабдықталды. Мектеп жанынан ашылған 15 орындық шақын орталықта мектеп жасына дейінгі 8 бала тәрбиеленуде. Жаз айларында мектепте жазғы демалыс орталығының жұмысы жолға қойылған.

Малшыбайдағы мардымды бастаманың бірі ретінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен 18,3 млн.теңге қаржы бөлініп, бос тұрған бір ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, клуб ретінде пайдалануға берілгенін айтуға болады. Мұнда қазір ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларына арналған түрлі үйірмелер (домбыра, шахмат, кесте тігу, ән, би), кітапхана жұмыс істеп тұр.

Әлеуметтік салада да ілгерілеу бар. Село әкімі мен оның аппараты өз өкілеттіктеріне сәйкес тұрғындарды әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыруға, яғни, аз қамтылған отбасылары анықтап, олардың есебін жүргізуге, оларды қолдауға көңіл бөледі. Ауылда жеті алтын, екі күміс алқалы аналар және 73 зейнеткер, әр топтағы 8 мүгедек адам тұрады.

Малшыбай селосында 29 жасқа дейінгі 24 жас тіркелген, олардың 17-і үлкен қалаларда әр түрлі мамандықтар бойынша білім алуда.

Село тұрғындарына ауыз су үздіксіз беріліп тұрады. Қазіргі уақытта ауылда 14 колонка және 8 өрт сөндіру гидранты жұмыс істеуде, қалалық автокөлік жолдары басқармасы қызмет көрсетуде.

Округ әкімінің қолға алуымен Малшыбай селосының бас жоспарын жасауға Жезқазған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы 2019 жылы жергілікті бюджеттен 8 млн. 960 мың теңге бөлінді. Бас жоспар көше және үй атауларын ретке келтіру, газ кұбырларын кедергісіз жургізуге ықпал ету, жер телімдерін жеке үй шаруашылығын, бизнесті дамытуға жеке және заңды тұлғаларға беруге ықпал етеді. Осы уақыт ішінде Малшыбай ауылының оңтайландырылған бас жоспарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жəне топографиялық түсіріліміне қоғамдық талқылау жүргізілді. Биыл селоның 5 көшесіне Ұлытау, Сарыарқа, Алаш, Достық, Сарыжайлау атаулары берілді.

2020 жылы ауыл мен қала арасындағы қатынасты жақсарту үшін Сәтбаев қаласы мен Малшыбай аралығындағы жолдың 21-51 шақырымы күрделі жөндеуден өтпек. Ауылға Алтын Орданың 750 жылдығына, Ұлытауда туризмді дамытуға орай атқарылатын іс-шаралардың да шарапаты тиері анық.

Ауыл әкімі сонымен бірге биыл ауыл тұрғындарының демалыс орны ретінде парк құру жұмысы басталғанын жеткізді. Парктің жобалық-сметалық құжаттары дайын, мердігер анықталған соң жұмыс басталмақ.

Кездесуде ауыл әкімі сондай-ақ, ауыл мектебін жабылудан сақтап қалу, шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында еліміздің оңтүстік өңірінен отбасыларды көшіру бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын да айтып өтті. Ауылда бос тұрған үйлер иелерінің келісімімен Түркістан облысынан қоныс аударамын деушілерге берілетін болып шешілген.

Әкімнің есеп беру кездесуіне жиналған жұртшылық та ауылды көркейту, тұрғындарға жағдай жасау үшін қолбайлау болып отырған жәйттерді ортаға салды. Мәселен, шаруашылығын дамытам деген тұрғындардың ауылдағы үйлерін банк кепілдікке алмайтыны біраз шаруаға кедергі болып тұрған сияқты. Тұрғындар әкім жұмысына негізінен оң баға беріп, осыған дейінгі көрсетілген қолдау жалғасса, қолға алынған бастамалар аяқсыз қалмаса екен деген тілектерін жеткізді.

10:37
597

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020