​НАҚТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Шаһар басшысы Қайрат Әбсаттаровтың төрағалығымен, әкім орынбасарлары мен мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары қатысуымен өткен кезекті аппарат отырысының күн тәртібіне құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жоспарлары мен жер қатынастары мәселелері шығарылды.

–Бүгінде қаланың дамуына, экономиканың өсуіне әсер ететін маңызды құрылыс саласы көпшілікті назарында. Себебі, әр тұрғынға баспана керек. Жезқазған қаласында құрылыс саласында айтарлықтай жоспарлар бар, – деп аппарат отысын ашқан Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров баяндама үшін сөз кезегін қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мәруа Келмағанбетоваға берді.

Ол өз есебінде биылғы жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің көлемі 25,6 мың шаршы метрді құрайтынын жеткізді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың шаршы метрге артық көрсеткіш.

–2021 жылдың қаңтар-ақпан айларына тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары – 5011 шаршы метрді құраса, іс жүзінде 5017 шаршы метр енгізілді (коммерциялық тұрғын үй – 2400 ш.м., ЖТҚ – 2617 ш.м.). Қаңтар-наурыз айларына тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 7,6 мың шаршы метр, – деген Мәруа Көңілбайқызы 2021 жылға бекітілген құрылыс-монтаждау жұмыстары көлемінің жылдық жоспары 24,7 млрд теңгені құрағанын айтты.

Биылғы жылдың жоспарында жалпы ауданы 11,5 мың шаршы метр 3 көпқабатты тұрғын үйдің (Алашахан даңғылы 34И, 34К, Байқоңыров көшесі 28А) және Алашахан даңғылы 34Е мекенжайында орналасатын үйдің А, Б блоктары құрылысын аяқтап, кезекте тіркелінген 166 отбасынаберу қарастырылған, — деді ол.

Мәруа Келмағанбетованың айтуынша, 2021 жылдың бюджетін кезекті нақтылау барысында республикалық бюджеттің облигациясы есебінен 2 көпқабатты кредиттік тұрғын үй (Алашахан 34П, Алашахан 34Н)құрылысын бастауға республикалық бюджет есебінен 600 млн теңге қаражат бөлінді. Құрылысты жүргізетін мердігер конкурс нәтижесінде мамыр айында белгілі болмақ.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін 501 жер теліміне 630 млн теңгеге ұзындығы 34,2 шақырымкоммуналдық және инженерлік желілерді тарту жоспарланса, бүгінгі таңда 2020 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 16,3 км кәріз желілері салынған. Құрылыстың аяқталуына облыстық бюджеттен бөлінген 168 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қалған 17,9 шақырымы тартылады.

Сондай-ақ, биылАбай көшесі, 9А мекен-жайындағы «Самади-2020» сауда үйіне және Байқоңыров көшесі, 28А мекенжайында орналасқан үш қабатты, 18 пәтерлі несиеліктұрғын үйге инженерлік коммуникация құрылысы жүргізіледі. Тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 218,7 км болатын 1,2,3 кезектегі қалаішілік сумен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстарын жалғасады. Жезқазғанның ауыз су құбырлары 2022 жылы толық жаңартылады деп күтілуде. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері Пристационный, Аварийный елдімекендері және 5-ші ауданның 7 көшесі қаланың орталықтандырылған сумен жабдықтау желілеріне қосылды. Биыл қала ішіндегі 4, 5, 6, 61-66 шағын аудандарды, Геологиялық кентін қосу көзделген.

Құбырлар жаңартылып, инженерлік желі тартылғаны әрине жақсы. Дегенмен, осы жұмыстардың тиянақты орындалмауының салдары қала тұрғындарына қолайсыздықтар туғызуда. Атап айтқанда, желілерді тартқан мердігерлер қазған жерлерін тегістеп, жиныстырып кетуді «ұмытып» кетеді. Осы ретте, қала басшысы ойқы-шойқы жол учаскелері 4 сәуірге дейін тегістеліп, асфальттеу жұмыстарының кестесін ұсынуды қадап тапсырды. Сонымен бірге, құрылыс жұмыстары кезінде отандық өндірушілердің өнімдеріне басымдық беру қатаң бақыланатынын ескертті. Орындалған жұмыстардың актісін экономика және қаржы бөліміне уақытылы ұсынбайтын құрылыс бөлімі мен қалалық ішкі саясат бөлімі, спорт бөлімі, тұрғын-үй коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемелері басшыларына да ескерту жасалды.

Жыл басынан бері жер қатынастары бөлімі көрсеткен мемлекеттік қызметтердің қорытындысын ұсынған бөлім басшысының міндетін атқарушы Марғұлайн Сейдахметов қаланың бас жоспарына сәйкес келмейтін сауда орындарына жалға берілген жер телімдерінің келісімшарты ұзартылмайтынын мәлімдеді. Қала көркін қашырған дүңгіршектер мен жалға алу ақысын төлемеген жер пайдаланушылардың да мәселесі қолға алыныпты.

Мақсатсыз пайдалынлған жер телімдерін қайтару, абатандыру талаптарын өрескел бұзған мердігерлерді жауапқа тарту жұмыстарын ширатуды тапсырған Қайрат Бектайұлы қаладағы билбордттық конструкциялардың күтіп ұстамайтын жеке кәсіпкерлерге жалға беру келісімшартын тоқтату шарасы қолданылатынын айтты. Сондай-ақ, орынбасары Ербол Құсайыновке қаладағы шағын және орта бизнес нысандарының сыртқы келбетін ретке келтіріп, аумағын көріктендіруді ұйымдастыру жүктелді.

Диана ОРАЗАЛИНА

15:51
588

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020