​ЕСКІРГЕН және АПАТТЫ ҮЙДЕГІЛЕР КӨШІРІЛЕДІ

Жезқазған – облыстағы үйлері ең ескірген қала қатарына жатады. Облыстағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің 70%-ы біздің қалаға тиесілі. Сонымен қатар, техникалық сараптама нәтижесі бойынша 26 көп пәтерлі тұрғын үй апаттық жағдайда деп танылып отыр. Осыған байланысты қала әкімдігі өткен жылдың соңында 2020-2025 жылдар аралығында апатты және тозығы жеткен үйлердің тұрғындарын көшіру жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Қалыптасқан жағдай бұл жұмысты жеделдетіп шешуді талап етуде. Сондықтан, қала әкімі тұрғындардың үдере көшуін бастау үшін үстіміздегі жылдың 1 наурыздағы шешімімен апаттық үйлер бойынша жергілікті ауқымдағы техногендік сипатта Төтенше жағдай жариялады. Біз «Жезқазған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің басшысы Алиса САҒЫМБАЕВАДАН осы аса күрделі шаруаның қазірде қалай шешіліп жатқаны жайлы сұрастырған едік.

Қала әкімдігі қабылдаған 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама бойынша 6 жылдың ішінде апатты және ескі деп танылған 149 көп пәтерлі үйдің тұрғындарын көшіру көзделіп отыр. Бұл – негізінен қаланың ескі бөлігіндегі осыдан 65-70 жылдай бұрын салынған үйлер. Тұрғындарды көшіру жылжымайтын мүлікті реквизициялау жолымен (жеке адамдардың мүліктерін мемлекеттің қарамағына алуы) тұрғын үйдің нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу тәртібімен жүзеге асырылады. Бағдарламаға сәйкес өтемақы төлеуді қамтамасыз ету үшін 6,4 млрд теңге қаржы қажет. Бұл іске облыс әкімі тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіліп, қаржы мәселесі шешіліп отыр. Осыған орай өткен жылы апаттық жағдайдағы 9 үйдің 68 пәтеріндегі тұрғындарын көшіру жұмыстары басталып, 57 пәтер иелеріне 254 млн. теңге өтемақы төленді. Араларындағы жекешеленбеген пәтер тұрғындарына коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдау шартымен баспана беру қарастырылуда. Алайда, бірен-саран тұрғындар әкімдік тарапынан ұсынылған талаптарға толық келіспей, қоныс аудару мәселесі созбақталатын түрі бар.

Тұрғын үй испекциясы бөлімінің басшысы А.Сағымбаеваның айтуынша, биыл барлығы 259 пәтерді қамтитын 24 апатты және ескірген үйдің тұрғындары көшіріледі. Жекеменшік құқығы рәсімделген 250 пәтер иелеріне жылжымайтын мүлікті бағалау құны бойынша өтемақы төленеді. Ал, пәтерлері жекешелендірілмеген 9 отбасына коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдау шартымен тұрғынжай беріледі. Өтемақы тұрғындардың бұдан әрі қауіпсіз, қолайлы үй сатып алулары үшін базалық қаражат болып табылады. Алайда, көптеген келіспеушіліктер осы өтемақы төңірегінен шығып отыр. Қазір үй иелеріне түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілуде.

Осы жағдайға қаныққан соң біз биылғы жылы қоныс аударуға жататын біраз үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесуді жөн көрдік. Шындығын айтқанда, пәтер иелерінің көпшілігі бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, көңілдері күпті болып отырғаны байқалады. Негізінен олар үйді бағалау құны бойынша төленетін өтемақыға қазіргі жағдайда бір бөлмелі пәтер де келмейтінін айтып, көпшілік отбасының ипотека алуға мүмкіндігі жоқтығын алға тартады. Солардың бірі Байқоңыров көшесіндегі № 30 үй, 4-пәтер тұрғыны Денис Давыдов бұл жоба аяғына дейін дұрыс ойластырылмаған деп санайды.

— Бізге өтемақыға 3,5 млн. теңге бермекші деп естідік. Қазір Жезқазғанда екі бөлмелі пәтердің өзі 8 млн. теңгеден кем емес. Баға осы бір-екі айдың ішінде күрт өсіп кетті. Сондықтан, тұрғын үйдің қазіргі таңдағы қымбаттауына байланысты қайта бағалануы керек. Әйтпесе, бұл жағдайда әлжуаз топқа жататын отбасылары баспанасыз далада қалады. Ең қолайлысы, бос ада көшіретін болса, қазіргі тұрағымыздың бөлмесіне сай баспа-бас пәтермен қамтамасыз етсін, — дейді ол.

Абай көшесі №55 үйдің 5 және 6-пәтерлері тұрғындарының да айтарлары осыған ұқсас. Ахат Исатов деген азаматтың ағасы берген екі бөлмелі пәтерге кіргеніне бес жыл болған екен. Бес жан тұрады, жұмыс істейтін өзі ғана. Корпорацияның құрылыс саласында еңбек етіп, қолына алатын жалақысы 170 мың теңге көлемінде. Айлықтың 60 мыңы несиесін жабуға кететін көрінеді. Ол мұның үстіне баспана үшін ипотека алу мүмкіндігі жоқтығын айтады.

Келесі 6-пәтер иесі Ахметбек Шакиров деген жас отбасы анасымен бірге тұрады. Үйдің бұзылатыны жайлы сырт естігені болмаса, бұлардың қолдарына нақты ешқандай құжат тимепті. Ал, Абай көшесіндегі №59 үйдің 5-ші пәтеріндегі екі бөлмеде 7 жан тұрады. Замира Шекерпалова әкімдік тарапынан 17 наурыз күні жіберілген ескерту хатты көрсетті. Онда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялануына байланысты бұл үйдегі тұрғындардың көшіруге жататындығы, өтемақы аударуға 10 күннің ішінде банкідегі есепшотын тапсыру қажеттігі, реквизиция туралы актіге қол қойылған соң 60 күннің ішінде өтемақы төленетіндігі айтылған. Бірақ, өтемақы көлемі көрсетілмеген. Үйге әлі бағалау жұмыстары жүргізілмепті. Екі бөлмеге «3,5 млн. теңге береді екен» дегенді сырт адамдардан естіген. Замираның күйеуі Рахымберген Айменов біраз жыл бұрын инсульт алып, бірінші топтағы өмірлік мүгедектік санатына жатқызылған соң әкімдіктегі тұрғын үй кезегіне 905-ші болып тіркеліпті. Кезектің бар жылжығаны қазір 765-ке түсіпті. Қазіргі отырған пәтер күйеу баласы Ұлан Қасымовтың атында.

— Бұл үйлер кезінде «Степлаг» тұтқындарының күшімен салынған ағашқалқанды баспана ғой. Ресми түрде тозығы жеткен үй қатарына жатқызылғанына да жиырма жылдай болған шығар. Содан бері көршілер бірлесіп ақша жинап, жамап-жасқап өзіміз жөндеген болып жүрміз. Бірақ, әбден тозығы жеткен соң болмайды екен, үгітіліп құлай береді. Мұндай үйлерді бұзып, жаңартқанына түсінікпен қараймыз. Енді қолға өтемақы тисе амалсыз несиеге кіруге тура келеді. Басқа не істей аламыз, — дейді З.Шекерпалова.

Абай көшесіндегі тағы бір екі-үш пәтердің есігін қаққанымызда ондағылар пәтер жалдап тұратындар болып шықты. Үйдің бұзылатындығы туралы нақты ештеңе біле қоймайды. Қожайындары бұларға әлі істің мәнісін айта қоймаған сияқты. Некрасов көшесі №13 үйдің 8-пәтерінде тұратын Ярослав Купчак, Байқоңыров көшесі №30 үйдің 2-пәтерінің иесі Надежда Дробот тозығы жеткен үйлердің бұзылғанын жөн санайды. Надежданың осы көшедегі 36-үйде үш бөлмелік екінші бір пәтері бар екен. Бұл үй де бағдарлама бойынша бұзылуға жатады. Бірақ, бұл тұрғындар да өтемақы көлеміне риза емес. Баспа-бас пәтер бергенін дұрыс санайды. Мүгедектігіне немесе отбасы жағдайының әлжуаздығына байланысты көп адамдар үй алу үшін қосымша несие ала алмайтындарын алға тартуда. Біз де өз кезегімізде қала әкімдігі тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдаулар жайлы ақпараттарды жеткіздік.

Мәселен, бағдарлама аясында ескі және апатты үйлерді бұзу бойынша Жезқазған қаласының әкімдігі, «Отбасы банк» АҚ және құрылыс салушы «Inter Marketing-M» ЖШС арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандум жасалған. Қала әкімі Меморандумға сәйкес қоныс аударатын тұрғындар арасындағы осал топтарға көмек көрсету мүмкіндігін қарастырмақшы. Өтемақы мөлшері жылжымайтын мүлікті бағалау кезіндегі нарықтық құн бойынша анықталады. Бағалау барысын тәуелсіз бағалаушылар жүргізеді. Қоныс аударатын үйлердегі пәтерлердің құнын анықтайтын бағалаушы компания конкурс жариялау арқылы анықталады. Өтемақы төлемдерінің мөлшері әлі нақты белгісіз. Барлық жұмыстар ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының аясында жүргізілетін болады.

Жалпы, қала әкімінің тұрғын үй қорын жаңартуға бағытталған бұл бағдарламасы өте игілікті шара екені даусыз. Бұл – ауқымды және аса жауапты іс. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бұл ізгі шараның бұзылатын үй тұрғындарына қатысты ауыртпалықтары да болатыны түсінікті. Алайда, қала тұрғындары пайдалану мерзімі әбден өтіп, тозығы жеткен үйден шығып, қоныс аударудың мүмкіндігі келіп тұрғанын да дұрыс түсініп, оңтайлы шешім қабылдай білулері керек. Әр отбасына салмақ салатын бұл шетін мәселеге қала әкімі де барынша көңіл бөліп, әрбір туындаған түйткілдерді апта сайын талқылап отырғанын көруге болады. Барлық мәселе оң шешімін тауып, жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тоқтатылған соң барып үйлер бұзылады. Тозығы жетіп ескірген немесе апатты деп танылған баспаналар бұзылған соң орнына қаланың бас жоспарына сәйкес жаңа көпқабатты үйлер бой көтереді.

Амандық РАХҰЛЫ

Суреттерде: Абай және Байқоңыров көшелеріндегі бұл үйлер бұзылғанда орнына жаңасы салынады.

15:53
684

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020