​БАСПАНАЛЫ БОЛУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Бүгінде халықты баспанамен қамтамасыз ету және олардың өмір сапасын арттыру – кез келген мемлекеттің тұрақты әрі маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан, біздің елімізде 2005 жылдан бері тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды шаралар қабылдануда.

Алғашқыда тұрғындардың баспана тауқыметін шешуге бағытталған «Тұрғын үй құрылысының 2005-2011 жылдарға арналған бағдарламасы», «Қолжетімді тұрғын үй — 2020», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары жүзеге асырылса, қазір көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыта отырып халықтықолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Аталған бағдарламаның басты ерекшеліктері жайында Жезқазған қаласының тұрғын-үй коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбол Садықов айтып берді.

–Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бірінші кезекте көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Тапсырма бүгінгі таңда сәтті орындалып та жатыр. Мәселен, 2020 жылдың өзінде қалалық тұрғын-үй коммуналдық шарушалығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімі республикалық және қалалық бюджет есебінен жалпы құны 182 962 771 теңгеге 21 пәтер сатып алды. Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған алтын, күміс алқалы, батыр аналарға, сондай-ақ, І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері мен көпбалалы аналарға сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Жалдау құны орта есеппен 14 мың теңге, – деген жауапты маман 2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тағы 60 отбасы қоныс тойын тойлайды деп сендірді. Құрылысы аяқталған Алаша хан даңғылы 34 Д мекенжайындағы көп қабатты тұрғын үйдің пәтерлері баспанасыз жүрген халықтың әлеуметтік осал тобы, яғни жетім балалар, көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және аз қамтамасыз етілген, толық емес отбасылар арасында үлестіріледі. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс Алашахан даңғылындағы №34И тұрғын үйдің 30 пәтері де жоғарыда аталған санаттағы тұрғындарға жалға берілмек.

Жалға берілетін пәтерлер – мемлекеттің меңшігі. Сондықтан, баспананы жеке өз атына түсіруге рұқсат жоқ. Дегенмен, басыбайлы баспаналы боламын дейтін тұрғындарға «Отбасы банкі» арқылы жеке үй алуға болады. Оған табысы мен жинақтары бар азаматтар қатысады. Тұрғын үй кезегне тіркелген тұрақты табысы бар тұрғындар «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында несиелік пәтер рәсімдей алады.

– 2019 жылы елімізде жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген кредит беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама арқылы көп балалы, толық емес отбасылардың және мүгедек балалары бар отбасылардың бастапқы және қайталама нарықтардан тұрғын үй салып алуға мүмкіндігі бар. 2020 жылы аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кезекте тұрған 22 отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты, – деген Нұрбол Садықов «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын кеңінентүсіндірді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін азамат міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша әкімдікте кезекте тұруы қажет. Сонымен бірге, отбасының бір адамға шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспауы керек.Мәселен, егер отбасы алты адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден жоғары болмауы тиіс. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің атында баспананың болмауы – басты талап. Пәтерді 20 жылға дейін 2% мөлшерлемесімен рәсімдеу үшін тұрғынның қолында бастапқы жарна болуы шарт. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ын ғана құрайды. Егер азаматтың бастапқы жарнаға ақшасы болмаса, әкімдіктен ақшалай төлем ретінде 1 миллион теңгелік сертификатқа арыз жазуға болады. Пәтердің құны кез-келген сомада болуы мүмкін, алайда 15 миллион теңгеден аспауы қажет.

Бүгін «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген ащы шындықты сезініп жүргендердің қарасы қалың екенін айтып жатудың өзі артық. Айлығы ішіп-жеуінен артылмайтындар үшін жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар –тығырықтан шығатын жалғыз жол. Ендеше, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысамын дейтін азаматтар алдымен халыққа қызмет көрсету орталығына барып, әкімдіктің тұрғынүй кезегіне тұруға асығулары қажет. Тұрғын үй кезегіне ардагерлер, жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандары, сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың 11 санаты (көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және т.б) алынады. Баспаналы болу үшін олардың соңғы бес жылда атына тіркелген жылжымайтын мүліктің болмауы шарт.

Диана ОРАЗАЛИНА

Анықтама үшін:

Бүгінде Жезқазған қаласында түрғын үй кезегінде 2438 тұрғын бар.

1)Ұлы Отан соғысы ардагерлері – 18;

2)Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар – 576;

3)«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І,ІІ дәрежелі «Ана даңқы» өрдендерімен наградталған аналар, көпбалалы отбасылар – 225;

4)Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 994;

5)Мемлекеттік қызметшілер, бюджетттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар – 508;

6)Жалғысз тұрғынжайы ҚР заңнамасында айқындалған тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар – 117;

15:57
757

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020