​ЖЕЗҚАЗҒАН-ҚЫЗЫЛОРДА ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БАСТАЛАДЫ

Жезқазғаннан Қызылордаға дейінгі автокөлік жолын қайта құрылымдау жұмысы биыл басталады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек  Фейсбук  желісінде хабарлады.

«Тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісуді жөн көрдім. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Жезқазғаннан Қызылордаға дейінгі жолды қайта құруды бастау туралы тапсырма берді. Бұл жол бұрыннан бері жөндеуді қажет етіп келеді. Аталған мәселе туралы облыс тұрғындары да бірнеше мәрте жазған болатын.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша бүгінде «Жезқазған-Қызылорда облысының шекарасы» автожолының 208 км қайта жаңартуға жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталды. Бұл жобаны іске асыру құрылыс кезеңінде қосымша жұмыс орындарын құруға, Жезқазған мен Ұлытауға үлкен көлемдегі жолаушылар мен жүк ағынын тартуға мүмкіндік береді» деп жазды Ж. Қасымбек.

Облыс басшысының айтуынша, сонымен қатар, биыл министрлік «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» учаскелерінде жаңа төрт жолақ бойынша жол қозғалысын ашатын болады.

Сондай – ақ, Үкімет отырысында «Қарағанды – Жезқазған», «Қарағанды-Қарқаралы» жол учаскелерін жедел түрде қайта құру мәселесі қаралды. Бұл учаскелер бойынша орталық мемлекеттік органдар жолдарды төрт жолақты қозғалыс қарастырылған бірінші санатқа ауыстыру бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеуде.

«Бұған қоса, жөндеу жұмыстарымен жергілікті жолдардың 700 шақырымы қамтылады. Жөндеу жұмыстары 80 ауылда, сондай-ақ облыстың барлық қалалары мен аудандарында жүргізіледі. Бұл жұмыстарға өңірдің 59 асфальт-бетон зауыты, 3 мың бірлік арнайы техника және 5 мың жол жұмысшысы тартылады.

Қолданылатын материалдар мен жүргізілетін жұмыстардың сапасына ерекше назар аударылады. Бұл үшін Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен тиісті шарттар жасалды» деп жазды облыс басшысы.

17:19
1256

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020