ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫ СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДА

Қазақстан ғылымының қалыптасу тарихын «қазақтың зор ғалымы» (М.Әуезов) Қ.Сәтбаевтың ғұмырнамасынсыз әңгімелеу мүмкін емес. Және оның бастауы сөзсіз Ұлытау-Жезқазған атырабы, Қарсақбайға келіп тіреледі. 1940 жылы Қ.Сәтбаев жаңадан ұйымдасқан геология институтын басқаруға Алматыға шақырылады. Институт қана емес болашақ ғылым ұясының шаңырағын көтеруге аттанды. Ұлытаудан аттанды. Биыл ұлттық ғылым ордасының құрылғанына – 75 жыл.

… 1941 жыл. Мамыржай маусымның 22 – сі, күн жексенбі болатын. Жезқазған, Қарсақбай, Жезді қойнауын Қаныш Имантайұлымен бірге 15 жыл үздіксіз зерттеген серіктері, ауыл халқы өздері ерекше құрметтеген ғалыммен Жезді өзенінің аңғарында қоштасу дастарханын жайды. Алматыға шығарып салмақшы. Барлаушылар тобы Қарсақбайға әндетіп, гармондатып қас қарая оралды. Көңілді отырыс Қаныш Имантайұлының шаңырағында жалғасуы керек еді. Олар келгенде Таисия Алексеевнаның анасы Фелицата Васильевна шарбаққа сүйеніп жылап тұр екен. Тіпті үйге шам да жақпаған.

— Сендер естіген жоқсындар ма? – Қария кемсеңдеп жылап жіберді. – Елге қасірет келді. Соғыс басталды.… (М.Сәрсеке. Дара дарын).

Қазақстанның ғылым ордасын құру осылайша ауыр жылдарда басталды. Сәл шегініс. 1940 ж. Қазақ КСР-дің 20 жылдығы тойланды. Атаулы мерекені Мәскеу де ескерусіз қалдырмай, Одақтың Ғылым академиясының Төралқасы Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің жетістігін көрсететін салтанатты жиын өткізуді жоспарлады. Ғылым салалары бойынша баяндамаларды жасауға Одақ ғалымдары, ал негізгі тақырып «Қазақстан ғылымының 20 жылдағы жетістігі» жайлы сөзді республиканың өз адамы ұстауы қажет болды. Қазақстан үкіметі инженер Қ.Сәтбаевты ұсынды. Ғылыми атағы жоқ, орталықтан шалғайдағы бір қиырда жер шұқып жүрген геологты одақ менсіне қоймаған секілді. КСРО ҒА бөлімшелер жөніндегі ғылыми хатшысы В.А.Ульяновскаяның естелігінде Жезқазғаннан келген қазақ геологының есімдері дүние әлемге аян ғылым білгірлерін таңқалдырғаны баяндалады. Қ.Сәтбаев поездан түскен беті, мәжіліс ашылуға бірер минут қалғанда келеді. В.А.Ульяновская тәртіп бойынша одан баяндаманың тезистерін сұрайды. Бас баяндамашы «Мен геологпын, негізінен Қазақстанның қазба байлығы, оны ел қажетіне жарату жайлы айтамын» деп карталарын іле бастайды. Мәжіліс басталды. Ол бір ауыз сөзбен езгі мен қысымды көп көрген халқының сәлемін жеткізді. « Содан соң, — дейді В.А.Ульяновская естелігінде, — қолындағы ашылмаған папкасын қалдырып, трибунадан түсті, әрі қарай карта алдында сөйледі. Қаныш Имантайұлы бір сағаттай мүдірмей, ұстамды, қарапайым, сенімді сөйледі. Оның баяндамасы геологиядан хабары жоқ тыңдаушыларға да түсінікті, қызықты болды. Егер баяндама мазмұнсыз болса тыңдаушылар тарап кетер еді. Олай болмады». Қазақстан ғылымының дамуын Қ.И.Сәтбаев 1941-46 ж.ж. жарияланған мақалалары мен еңбектерінде жан – жақты атап көрсетеді. Қ.Сәтбаев шығармалары жинағының 5 – томы тікелей 1941 – 51 ж. еңбектеріне арналған.

Ұлы Отан соғысының 3 жылында Қазақстан филиалының кадрлары 276 адамнан 700 адамға, ғылыми жұмыстар көлемі 3 есеге өсті. Үш жылда ғылымның аса маңызды

салалары – металлургия мен кен байыту, физика, химия, энергетика, медицина, зоология бағытында 7 жаңа иститут ашылды. Соғыс жылдарында пайдалы қазбаларды іздестіру үшін 350 эскпидициялық отрядтар құрылды. 1941 ж. олардың саны 38 болатын. 1944 жылы кен байлықтарын зерттейтін 38 ғылыми — зерттеу мекемесі жұмыс істеді. Қазақстан жерінің 90% топографиялық картаға түсірілді. Барлық 16 облыстың топырақ қыртысы карталары жасалды. Бұл өз кезегінде астық пен жайылым, мал өнімдерін молайтуға ықпал етті. Қазақстан ғылымының қарапайым жетістігі қатарында Қ.Сәтбаев атап өткен бір-екі мысалды айтып кетуге болады. Ғалымдар табиғи каучук, яғни Қаратаудың тау сағызынан өте сапалы резеңке өндіруге қол жеткізген. Қазақстан дәрігерлері өте ауыр жарақат алған жауынгерлерді қиын жағдайдан алып шығатын дәрі ойлап тапқан. Сол сияқты донордың қанын қалпына келтіретін құрғақ ұнтақ шығаруды қолға алды. Ол жан – жануарлар қанынан алынды. Тіл мамандары майдан үшін әскери терминдердің орысша-қазақша сөздігін жедел түрде шығарды. Жер қыртысы, өсімдіктер, жануарлар дүниесін зерттеуде Қазақстан білімпаздары зор табысқа жетті. Ғылым мен халық шаруашылығы үшін пайдалы өсімдіктердің 3 мыңнан аса түрі анықталды. Қазақстан жәңдіктерінің атласы жасалды. Гуманитария саласында қазақ халқының ауыз әдебиеті жинақталып, жүйеге келтірілді. Оның көлемі 1800 баспа табақ, яғни 30 000 беттен астам. 1942 ж. 12 қаңтарда Қазақстан үкіметіне, Н.Оңдасыновтың атына тіл, әдебиет, тарих институтының директорымен бірлесіп жазған хаты халық шығармашылығы мұраларына жанашырлықтың үлгісі. «Мұрын жырау Сеңгірбаев қазір 81 жаста. Шевченко қ. тұрады, — делінген хатта, — 18 жасынан бастап «Қырымның қырық батырын» кәсіби деңгейде орындап, бүгінгі күнге жеткізуші. Осындай теңдессіз деректік мұрадан айырылып қалу – орны толмас қателік болады. Жыраудың көзі тірісінде жырдың толық нұсқасын жазып алып қазақтың және басқа халықтардың мұрасына айналдыру қажет». 1943 ж. жарық көрген «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге дейін» (А.М.Понкратованың редакциясы) оқулығының жазылуына тікелей Қ.Сәтбаевтың көмегі болды. Бұған 1941 – 1943 ж.ж. КСРО ҒА корр. мүшесі А.М.Понкратованың Қ.Сәтбаевқа жазған хаттары куә. Бұл кітап 1945 ж. ұлтшылдық сипаттағы саяси қателіктері үшін ғылыми айналымнан алып тасталды.

1944 ж. Қазақстанның ғылыми-зерттеу мекемелерінде аса маңызды 150 ғылыми тақырып белгіленсе, 1945ж. ол 285-ке жетті. «Соғыстың алғашқы айларының өзінде (1941 ж. желтоқсанға дейін) Қазақ филиалы үкімет органдарына ішкі резервтерді соғыс жағдайына пайдалану жөнінде 40 ғылыми ұсыныс беріп үлгерді», — деп жазады М.Қ.Сәтбаева. Қазақстан филиалы соғыс жылдарында үкімет пен халық комиссаритарына 160 – тан астам пайдалы ұсыныстар тапсырды. Академияның қазақ филиалында 1940 ж. 276 қызметкер болса, 1945 ж. мың адамға жетті. Соғыс жылдары 63 ғылыми қызметкер, оның ішінде 25 қазақ докторлық және кандидаттық атақтар қорғады. «1945 жылы 54 адам, оның ішінде 24 қазақ докторлыққа, 186 адам, оның ішінде тең жартысы қазақ, ғылым кандидаты атағына даярлануда» деп жазады Сәтбаев 1945 ж. жарияланған «Көркейген қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті» мақаласында.

Соғыс жылдары түрлі ғылым саласында ерекше жетістікке жеткен тілші ғалымдар У.Кеңесбаев пен Ж.Сауранбаев, музыка өнерінде А.Жұбанов, биолог К.Мыңбаев,

химик Ә.Бектұров, топырақтанушы О.Оспанов, геолог А.Машанов, суландыру маманы Н.Кенесарин еңбектерін Одақ та мойындаған. Ұ.О.С. жылдарында одаққа белгілі Мәскеу, Ленинград ғалымдары Алматыда қызметін жалғастыруға мәжбүр болды. Комаров, Обручев, Бардин, Понкратова, Фесенков, Вернадский, Антропов, Наливкиндердің есімдерін атасақ та жеткілікті. «Бақытсыздықтан да сәттілік іздеу керек, — дейді Қ.Сәтбаев ,- Құдайдың құдіретімен қолымызға түскен ғұлама жандарды пайдалансақ игі!».

Қазақстанның жер қойнауы байлығы Отан қорғау ісіне жұмылдырылды. «Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылды, барлық танкілер мен өздігінен жүретін соғыс техникаларының жартысынан астамы Қазақстан құрышымен қапталды. Оқ-дәрілер мен снарядтар, алдыңғы шептегі байланыс аппараттарының үштен бірінен астамы Қазақстан мысынан құйылған» , — деп жазды 1943 ж. Қ.Сәтбаев «Каз. правда» газетінде жарияланған мақаласында. Ал, Жезді шешуші майданда жеңіс әперген солдатпен тең болды. Қ.Сәтбаев ғұмырнамасының зерттеушісі М.Сәрсеке «1942 ж. ортасынан бастап кеңес өндірістері майданға жөнелткен әрбір 10 танктің 7-еуі қазақ геологы тапқан Жездінің құрыштық шикізатынан құйылды» деп атап көрсетеді.

Сәтбаевтың шәкірті, ак. Ш.Шокин өзінің естелігінде былай дейді: «Қазақстан ғылымының жолы әуелден – ақ құтты болды, өйткені оның іргесін қалау ісімен Қ.Сәтбаев айналысты. Академия атауы қағаз бетіне түспей тұрған кезде – ақ 9 ғылыми – зерттеу институтын ашуға қам жасады» . Бұл соғыс өрті тұтанып тұрған 1943 – 44 жылдар. Қ.Сәтбаев Қазақстанға дербес ғылым ордасы керек екенін дәлелдеп шықты. Академия құрылар қарсаңда филиалда 17 ғылыми – зерттеу институты, 11 сектор жұмыс істеді. Бұл арман 1946 ж. 1 маусымда жария болды. Сәтбаевтың жасы 47 – ге келген еді. Сол салтанатта Қ.Сәтбаевтың айтқан ойы бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. «Ғылым жалған мадақты сүймейді, ғылым сарайына біреуді жақсы көріп, иә жалтақтап жүріп кіре алмайсың. Оған түзу ниет, таза жүрекпен бару керек. Ұлы Абай айтқандай: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емепіз». Ғалым әріптестерімді мен кішіпейіл болуға, бос мақтан, жел сөзге елікпей, әлеумет мүддесі үшін зор жұмыстар істеуге, ел есінде қалатын тарихи ұлы игіліктер жасауға шақырамын» — дейді Қ.Сәтбаев. Ғылым Академиясын 16 жыл басқарған ғұмырында қазақтың зор ғалымы өз сөзін іспен дәлелдеді.

Академик Қ. Сәтбаев мақалалары негізінде әзірлеген Зейпін ҚАЗАНБАЕВА

15:45
51

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020