​ҚАЛА ЖОЛДАРЫНЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Қар еріп, көктем шыққаннан бері көлік жүргізушілері қала жолдарының ойдым-ойдым шұңқырларынан запа шеккендерін айтып, жол құрылысымен айналысатын мердігерлердің сапасыз жұмысының салдарынан жылда осындай жағдайдың орын алатындығына реніштерін білдіруде. «Жолдың нашарлығынан көлігіміздің қозғалыс тетіктерін жиі жөндеуге қоятын болдық», — дейді жүргізушілермен сөйлесе қалсаңыз. Бәрінің айтарлары: «Жол қашан жөнделеді, әкімдік тендер жариялаумен жүргенде жаз ортасы болады ғой» деген сыңайдағы әңгімегеге тіреледі. Ал, жаяу жүргіншілер болса құбыр төсеу үшін қазылған жолдардың қайта асфальтталмай қалуынан бұрқыраған шаңды қауып жүргендерін айтып шағымдануда. Біз көпшілік қауымды мазалаған осы мәселелерге орай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан ЕСЕТОВТЕН биылғы жылғы жол жөндеу жұмыстарының жай-күйін сұрастырған едік.

Бөлім басшысының айтуынша, қала жолдарындағы ойылған жерлерді бітеу жөніндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары осы аптада басталған көрінеді. Асфальт-бетон зауыты іске қосылыпты. Т.Өмірзақов жетекшілік жасайтын «Армстрой» ЖШС-і жолдың ағымдағы жөндеу жұмыстарына кірісіп, қазір Абай көшесіндегі шұңқырларды жамаумен айналысуда. Жоспардағы ағымдық жөндеу кестесі бойынша 10 көшенің жолын қамту көзделген. Гагарин көшесі Н.Әбдіров және І.Есенберлин көшелерімен қиылысатын жерге дейін, Абай, Алашаханның айналма жол аумағы, Иманжан, Деев, Жеңістің 30 жылдығы, Байқоңыров, Сейфуллин және тағы басқа көшелер бар. Жалпы жұмыс көлемі 16 мың шаршы метр. Бұған 60 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Жұмысты атқару барысында жол шұңқырына қатысты тағы мәселе туындайтын болса қосымша жұмыс ауқымы белгіленетін көрінеді.

Биыл қала жолдарына орташа жөндеу жүргізуге облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Барлығы 8 көшенің жолдарына орташа жөндеу жүргізілмекші. Асылбеков, Аманжолов, Анарқұлов, Әуезов, Жанасов, Смайылов, Түсіпбеков, Шевченко көшелерінің жолдары орташа жөндеумен қамтылады. Мердігерлерді анықтау үшін наурыз айында конкурс жарияланған. Мемлекеттік сатып алу туралы заңдылық талаптарына сәйкес конкурс қорытындылары 30 сәуірде шығарылады. Негізі орташа жөндеу жұмысы бойынша жолдың асфальт қабаты қырылып табаны тегістеледі, сосын барып 4-8 см. аралығында ұсақ түйіршікті асфальт жабындысы төселеді. Жолдың жиек тастары салынады. Сонымен қатар, Асылбеков, Аманжолов, Жанасов, Әуезов көшелері бойына жарықтандыратын бағандар қойылып, оның шамдары орнатылады. Жалпы ұзындығы он шақырымға жуық жол жөнделеді. Жолдардың ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарының барлығын 30 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

Аула ішіндегі жолдарды жөндеу бойынша да біршама жұмыстар жоспарланған. Оған жергілікті бюджеттен 287 771 мың теңге қаржы бөлініп, жоспар бойынша 4,5,6 ықшам аудандардағы аула жолдары жөндеуден өткізіледі. Смета бойынша аулаларды жарықтандыру, автотұрақ жасау, жолдың жиек тастарын қою да қарастырылған.

Сонымен қатар, тұрғындар өткен жылы басталып аяқталмай қалған жолдар мен құбыр орнату барысында қазылған бөліктерге асфальт жабындыларының қайта салынбанғаны туралы да орынды наразылық білдіруде. Биылғы жол жөндеуде бұл олқылықтар да ескерілген екен. Мәселен, өткен жылы карантин шараларының енгізілуіне байланысты жолды орташа жөндеумен айналысқан мердігер ұйымдарға битум жеткізу кешеуілдеп, соңынан бұл тауардың бағасы екі еседен жоғары қымбаттап кеткен. Соның салдарынан 2020 жылы жоспарланған 3 көшені орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталмай қалған. Осыған байланысты өткен жылдың соңында Марғұлан көшесін жөндеуді мойнына алған «Алмаз Құрылыс» ЖШС-мен және Пирогов, Құрманбаев көшелері жолдарын жөндеумен айналысқан «Құсайын жолы» ЖШС-імен келісім шарттар қайта жасалып, мерзімі 2021 жылдың 30 маусымына дейін ұзартылыпты. Енді бұл мердігерлер де келісімге сәйкес аяқталмай қалған жұмыстарын тиянақтауға кірісуге тиіс.

Қаланың құрылыс бөлімі Жезқазған қаласының су құбыры желілерін қайта құрудың 1-ші кезегі мен 3-ші кезегі шеңберінде жүргізілген қазылған жерлердің асфальт-бетон қабатын қалпына келтірудің кестесін жасаған көрінеді. Бұл бойынша 18010 шаршы метр аумақтың асфальт жабындысы қалпына келтірілуге тиіс. Ол негізінен Алашахан, Бейбітшілік даңғылдарының, Марғұлан, Абай, Тимирязев, Гагарин, Әуезов, Жангелдин, Гоголь, Түсіпбеков көшелерінің біраз бөліктерін, 28, 63, 64, 65, 81-85 орамдарды қамтиды. Асфальт-бетон жабындысын қалпына келтіру жұмыстарын 20 мамырда бастап, үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, «Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ да осы тұрғыдағы жұмыстарының кестесін белгілепті. Олар қаланың 25-тен астам учаскесіндегі қазған жерлерін асфальттап, қайта қалпына келтіруге міндеттеніп отыр. Бұл жұмыстарды 10 мамырдан бастап 31 қазанға дейін аяқтау белгіленген.

Міне, қала жолдарын жөндеу мен қазылған жерлерді қалпына келтіру жөніндегі биылғы атқарылатын істер ауқымы осындай. Жұмыс көлемі аз емес. Қала көшелерінің дұрыс кейіпке еніп, маңайының абаттандырылып тұрғындарға жайлы болуы осы жұмыстардың ойдағыдай әрі сапалы атқарылуына байланысты екені белгілі. Ендеше ортақ мәселеге билікпен қатар қоғамдық ұйымдар мен белсенді топтар да атсалысып, іс барысын қырағылықпен қадағалап отырса артық болмас еді.

Амандық РАХҰЛЫ

13:41
961

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020