​ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ – МЕМЛЕКЕТ БАҚЫЛАУЫНДА

Ел азаматтарының жұмыспен қамтылуы және еңбекке орналастыруды қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейтін мемлекеттік маңызы бар мәселелердің бірі. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экономиканы, шағын және орта бизнесті, қазіргі күрделі жағдайда барша ел тұрғындарын қолдауға бағытталған бірқатар нақты міндет жүктеді.

«Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу» деген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының қосар үлесі бар. Халықты нәтижелі жұмыспен қамту, адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, жұмыссыздар санын азайту және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама Жезқазған өқаласында да сәтті жүзеге асырылуда.

«Еңбек» бағдарламасы еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтиды. Жалпы, бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету бағыты бойынша 2021 жылы 38 жұмыссыз тұрғынды оқыту жоспарланған. Осы бағыттағы жұмысты жүзеге асыру үшін бюджеттен 13 478,0 мың теңге бөлінген Қазірдің өзінде 10 адам шаштараз мамандығын меңгеріп жатыр. Қысқа мерзімді курс оқуға ниетті тұрғындар үшін сонымен бірге газэлектросварщик, көлік жөндеу бойынша слесарь — электрик мамандықтары бар. 2020 жылы осындай оқыту курстарын 70 адам оқып, 68-і тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту деп аталатын бағдарламаның екінші бағыты өз ісін ашуға немесе қолданыстағы кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Өткен жылы осы бағыт бойынша 32 қала тұрғынына жалпы сомасы 212 млн. 700 мың теңгеге шағын несие берілді. Атап айтсақ, 3 кәсіпкер «Даму» қоры арқылы 40 млн. 700 мың теңге, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 29 адам 172 млн.теңге көлемінде несие алды. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында 130 жерлісімізге мемлекеттік грант бөлінді. Оның жалпы құны 75 842,0 мың теңгені құрады. Ағымдағы жылы да грант беру өз жалғасын тапты. 19 наурызда өткен комиссия отырысының шешімі бойынша 26 адам мемлекеттік грант алуға үміткер атанды. Оның 7-уі – жас, 13-і аз қамтылған отбасы мүшелері. Грантқа ие болу үшін жұмыссыздар міндетті түрде «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге баулитын курсты оқу қажет. Оқыту ұзақтығы 21 күнді құрайтын курс тегін оқытылады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 2021 жылдың 12 айында 2486 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері біздің орталыққа жұмыспен қамту мәселесімен 947 адам жүгінген. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 497 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, оның ішінде, электрондық еңбек биржасы арқылы 250 адам екі қолға бір күрек тапты. Қоғамдық жұмыс орындарын құру жоспары 655 тұрғынды қамтымақ. Қазіргі таңда жұмысқа 225 адам жолданды. Бұл мақсатға жергілікті бюджеттен 49 614,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 104 400,0 мың теңге бөлінді. Сонымен бірге, 85 жұмыссызға арналған әлеуметтік жұмыс орындарын құру жоспары аясында 53 тұрғын жұмысқа орналасты. Жастар практикасына жіберу жоспары биылға 60 адамды құрайды. Бүгінде 16 жас жұмысқа жолдама алды.

Жезқазғандықтарды жұмыспен қамту бағытындағы кешенді жұмыстар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен ғана шектелмейді. Жыл басынан біздің орталық мемлекеттік қызметтерді ұсыну электрондық еңбек биржасы арқылы пилоттық жобасын іске асырып жатыр. Өзіне-өзі қызмет ету аймағы электронды еңбек биржасына қолжетімділігі бар бес дербес компьютерлермен қамтамасыз етілген. Орталық күнделікті 45-50-ге жуық адамды қамтиды. Келген жұмыссыздар мен жұмыс берушілерге тиісті оқыту мен практикалық көмек көрсетілуде. Тоқсанына бір рет тұрақты түрде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастыру жолға қойылған. Жұмыс ұсынғандар мен іздегендерді жолықтыру карантин талаптарына сәйкес қазір онлайн форматта өтуде.

«Жезқазған қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ жанынан көп балалы отбасылары мен аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік, құқықтық, психологиялық көмек беру мақсатында «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылған. Бүгінгі күні органның жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты орталыққа бөлінген бөлме арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Орталықтағы екі ассистент, бір консультант пен бір психолог күнделікті әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес береді.

Карантин режимі енгізілгенге дейін жұмыссыздар санын азайтып, «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру және халыққа түсіндіру мақсатында «Шаруа» сауда орталығы жанынан және Кеңгір селосындағы «Ұлы дала» гипермаркеті ғимаратында жұмыспен қамту пункттері ашылып халыққа қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, мобильді жылжымалы бекет ұйымдастырылып, қала тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Жылжымалы бекет аптасына екі рет сейсенбі, бейсенбі күндері қала аумағында халық көп шоғырланған орындарда жұмыс жасады. Бүгін аталмыш бағыттағы жұмыстар онлайн форматта әлеуметтік желілер арқылы жүргізілуде. Жыл басынан «instagramm», «facebook» әлеуметтік желілерінде барлығы 825 жарияланым жарияланып, 23 тікелей эфир өткізілді. 305 бос жұмыс орны туралы тұрғындарға хабарланды.

Тұтастай алғанда, елдегі еңбек нарығына айтарлықтай оң әсерін тигізген «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының белсенді қолдау шаралары алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын түзеуге септігін тигізеді.

Абай ӘЗІМБАЕВ,

Жезқазған қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры 

13:59
1049

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020