​ҰЛЫ АКТЕРГЕ АРНАЛДЫ

Ел ордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚазКСР Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, қазақ кәсіби театр өнерінің іргетасын қалаушылардың бірі, актер Серәлі (Серке) Қожамқұловтың туғанына 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Серке театрының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге ҚР Ұлттық музейі мен ұзақ жыл С.Қожамқұлов еңбек еткен М.Әуезов атындағы қазақ Ұлттық драма театры қолдау көрсетіп, көрменің өз мәнінде өтуіне зор үлес қосты.

Ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұловтың бейнесін халық жадында қайта жаңғырту, театр тарланының шығармашылық өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Кадримбетова құттықтау сөз сөйлеп, көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, ҚР халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досжан Жанботаев өз сөздерінде қазақ өнерінің қайнар бастауында тұрып, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлға Серке Қожамқұловтың өнегелі өмір жолы мен өлмес өнері жайлы баяндап, сахна саңлағының жарқын бейнесі, өнерге қосқан айрықша еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталатыны жайлы ойларын ортаға салды.

Көрмеге арнайы келген Серке Қожамқұловтың қызы Мәриям Серәліқызы әкесі жайлы естеліктермен бөлісті. Ұрпаққа ұлағат сыйлар осынау маңызды шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өтуіне белсенділік көрсеткен ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына, Қарағанды облысы әкімдігі мен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының ұжымына шынайы көңілдің ақжарма алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Көрменің ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дакенов, орынбасары Олжас Сыдықбек, Қ.Қуанышбаев театры мен Жастар театрының басшылары Ернар Жұматаев пен Әділ Ахметов және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Көрме жұмысы екі аптаға созылады. Осы уақыт ішінде келем деушілер тума талант, қазақ өнерінің дамып, өркендеп, өсуіне зор үлес қосқан дара дарын Серке Қожамқұловтың сахна мен кинода ойнаған рөлдері жайлы фотосуреттер, құнды құжаттар мен жеке жәдігерлерімен таныса алады. Бұдан соң көрме актердің туған күні қарсаңында сахна саңлағының алпыс жылдан астам уақыт еңбек еткен Алматыдағы М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында жалғасын табатын болады.

Үмітай МОЛДАБЕРГЕН,

театрдың әдебиет бөлімі меңгерушісі

23:13
3376

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020