«ЖЕЗКИІК» АЛАҢЫ ИЕСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Қалалық мәслихат депутаты, журналист әріптесіміз Мақпал Орынбетованың жақында әлеуметтік желіде жариялаған «Желге ұшқан қаржы» деген дабылы жұртшылық арасында қызу талқыға түсуде. Онда кезінде қыруар қаржыға жасалған Халықаралық «Жезкиік» этнофестивалі өткізілген Кеңгір жағалауындағы сахна алаңының иесіздікке ұшырағаны туралы айтылыпты. Иә, 2018 жылы бұл жерде «Жезкиік» аталған классикалық музыка фестивалінің өтуі аймақтағы үлкен оқиға болғанын ел біледі. Осы шараға арнайы жабдықталған алаң сол кездегі облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асқан болатын. Бұл жағдай, Халықаралық дүбірлі фестиваль өткен су айдыны жағалауындағы дала сахнасының іске қосылуы қаламыздың мәдени іс-шараларына қолайлы орын болғанына тілек қосып, осыдан үш жыл бұрын «Saryarqa» газетіне жазған мақаламызды еске түсірді. Сол жолы біз осы рухани орынға бір лайықты атау берілсе деген мәселені де көтерген едік. Алғашқы жылдары бұл жерде «Қала күніне» арналған және басқа да концерттік кештер өткізіліп жүретін. Кейінгі уақытта осы үрдіс тоқтап қалғаны анық. Оның үстіне бірер жылдан бергі пандемия індетіне байланысты ахуал да елдің есін алып тұрған жоқ па. Әлеуметтік желі арқылы жұртшылық назарын аударған осы жағдайға орай біз сахна орналасқан алаңды аралап көрумен қатар, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің басшыларына жолығып, мәселенің мәнісіне үңілуге тырыстық.

Бұл жағдайды Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Есетов те біліп отыр екен. Нысан құрылысының толық аяқталғанын, олардың тарапынан бұл жерде одан әрі құрылыс жұмыстарының жоспарланбағанын алға тартты ол. Қаланың мәдени-тынығу орны саналатын алаңның иесіздікке ұшырамайтынын, бөлім арқылы нысанды күтіп ұстау жұмыстарының ұйымдастырылатынын да атап өтті.

— Бізде аллеялар мен гүлзарларды күтіп ұстау деген бағдарлама бар. Жалғыз бұл нысан емес, қаладағы ескерткіштер мен көпшілік тынығатын бақжолдарға күтім жасап, тазалық жұмыстарымен айналысатын арнайы адамдар болады. Осы іспен айналысатын мердігерді анықтау мақсатында конкурс жарияланған болатын. Осы жұма күні конкурс нәтижесі белгілі болады. Жеңімпаз болған мердігерге «Жезкиік» фестивалі өткен алаң мен сахнасының кетеуі кеткен жерлерін көрсетіп тапсырамыз. Олар бүлінген жерлерін қалпына келтіреді, әктеу, бояу жұмыстарын жүргізіп, нысан маңайын абаттандыратын болады, — дейді Е.Есетов.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлзада Шомаева да жағалаудағы дала сахнасын одан әрі пайдалану мақсатында биыл біршама мәдени шараларды белгілегенімен карантинге байланысты тиымдар бәріне тосқауыл болып отырғанын жеткізді. Мәселен, дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінің ашылу және жабылу салтанатын осы сахнада өткізбек ойлары болған екен. Көпшілік қатысатын іс шараларға тиым салу туралы арнайы хат келіп, жоғарыдан тапсырма болуына орай жоспарланған істердің барлығы өтпейтін болыпты. Жазда жағдай түзелсе, сенбі күндері ұйымдастырылатын апта сайынғы концерттік бағдарламаны және басқа да шараларды осы алаңда өткізу ниеттері бар көрінеді.

— Жағалаудағы сахнаны біз күн жылы кезде өткізілетін шараларға пайдаланатын боламыз. Ол жер назарымызда. Биылғы наурыз мерекесінде сол алаңда болып телефильм түсірдік. Сонда орындықтар мен сахна колоннасының бүлінген жерлерін көрдік. Бірақ, біз оны бүтіндеп, жөндеуге қаржы бөлетін құқымыз жоқ. Нысан ТКШ бөлімінің иелігінде, — дейді мәдениет бөлімінің басшысы.

Сөз орайы келген соң біз кезінде газет бетінде осы жерді «Ротонда» деп атап жүргенін, концерт алаңының бөлек, «Ротонданың» бөлек нысан екенін айта келіп, мәдениет бөлімі тарапынан лайықты бір атау болса деген мәселе көтергенімізді де айта кетуді жөн көрдік. Сол кезде қала жұртшылығы өкілдерімен қатар, өнер адамдары да газет көтерген осы мәселеге белсене үн қосып, өз пікірлерін білдірген болатын. Сонымен көпшіліктің ой қосуы айтулы фестиваль өткен алаңға «Жезкиік» концерт алаңы» деген атау лайықты деген пікір төңірегінде тоғысқан-ды. Мәдениет бөлімінің басшысына: «Осы жөнінде ойластырсаңыздар оңды болар еді» деген тілегімізді де жеткіздік. Гүлзада Шомаева бұл ұсынысты құп алып, ойласуға уәде етті. «Мүмкін, «Жезкиік» алаңы» деген атау қолайлы болар», — деп өз ұсынысын да іркіп қалмады.

Қалай болғанда да біз кезінде айтарлықтай қаржы салынып, қаладағы рухани орындардың біріне айналсын деген мақсатпен іске қосылған көрермендерге арналған қолайлы орындықтары бар су жағалауынан салқын самал соғып тұратын дала сахнасының иесіздікке ұшырамайтынын естіп бір қуансақ, мәдениет бөлімі тарапынан алаңға атау ойластырылатынын естіп екі қуандық. Олай болса, «Жезкиік» алаңында жақсы күндерде кездесуге жазсын!

Амандық РАХҰЛЫ

23:14
1253

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020