​«АТАМЕКЕНДІ» БІРГЕ ШЫРҚАЙЫҚ!

Қазақ КСР-і Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, ұлттық эстрада өнерінің жарық жұлдызы, біртуар сазгер, дара дауысты әнші Ескендір Хасанғалиевті білмейтін қазақ кемде-кем.

1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1959 жылы Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaльды-хор фaкультетiн, 1978 жылы әл-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітірген ол өнерсүйер қазақ халқы мен алыс-жақын шетел жұртын лирикалық баритон даусымен тәнті етті, сұлу да сырлы әндерімен сүйсінте білді. Ол 200-ге жуық әндер мен хорлардың авторы.

Сәуір айының соңында қаймана қазақ дара тұлға ұлы Ескендірінен айрылып, қара жамылды. Жұқпалы індет Хасанғалиевтер әулетін де айналып өтпеді. Қазақтың Ескендірі десек ескірмейтін «Атамекен» әні еске түсері ақиқат. Ұлттық болмысымызды тура танытып, бойымызға қуат, жүрекке жігер беретін, рухани әнұранымызға айналған бұл ән 1970 жылы жазылған екен. Ән сөзін жазған – Қадыр Мырзаәлі. Міне, жарты ғасыр бойы бірде-бір мемлекеттік дәрежедегі дүбірлі жиындар мен кештер «Атамекенсіз» өтпейді.

«Атамекенімен» егіз ұғымға айналған Ескендір Хасанғалиев есімін ұлықтап, рухына тағзым ету мақсатында жезқазғандық жастар «Атамекен» әнін бірге шырқаймыз!» атты патриоттық акция ұйымдастырмақ. 7 мамырда сағат 11.00-де басталатын акция шартына сәйкес мысты шаһар тұрғындары композитордың «Атамекен» әнін айтып, ғаламтор желісіне жүктеуі қажет. Аталған акция Отан қорғаушылар күні еліміздің барлық ер-азаматтарына құрмет көрсету және Ескендір Хасанғалиев есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

21:42
939

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020