​КӨРЕГЕН КӨШБАСШЫ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланатын тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі жайында айтпай кетпеске болмас. Оның есімі Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылды .

1991 жылғы 1 желтоқсанда болған, ел азаматтарының 88,23 %-ы қатысқан Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы – Қазақстанның жаңа тарихының ұмытылмас кіріспесі, жалпықазақстандық бірліктің маңыз­ды тұғырларының бірі. Сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлына қазақ­стан­дықтардың 98,78 %-ы дауыс берді. Сол тұста Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлы жауапкершілік жүктеп, ұлы міндеттер артты. Содан бергі жылдар ішінде осы тарихи миссияны Елбасыға тән әкелік даналықпен және өз халқы­на деген перзенттік сүйіс­пен­шілікпен атқарып келді. Әлі де елінің, халқының жанында.

Кеңестік жүйеден шыңдалып шыққан Нұрсұлтан Назарбаев – тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға, экономиканы қарқынды дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттыруда айрықша табыстарға қол жеткізген кемел көшбасшыға айналды. Ол – бабаларымыздан келе жатқан ұлы арман – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолын­дағы қиын белестерден халқын аман алып өтіп, тарих төрінен өз орнын алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы АҚШ конгрессмені Крис Кэннон былай деген еді: «Мен жас Қазақстанның да­муын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін, 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздік алған сәтінен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономика­лық жаңғыруларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді, әрі дұрыс бағытта келе жатыр. Қазақстан қалыптасты, бұған оның басшысы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлкен. Мен Қазақстан табыстарының сәулетшісі Президент Н.Назарбаевтың саяси көре­гендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті». Біздің Елбасымыздың бүкіл еңбегі осы бірнеше жолда тамаша көрініс тапқан сияқты.

Отыз жылдың ішінде біздің еліміз 140-тан астам елмен қарым-қатынасын дамытып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы секілді ең ірі халықаралық ұйымдарды басқарған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді өңірлік ұйымдарды құрудың бастауында тұрды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы идеяларды ойдағыдай іске асырған да – біздің Қазақстан.

1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте Президент астананы Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс айтты. Бұл шешімнің төңірегінде қандай қызу пікірталастың өрбігені бәріміздің есімізде. Дегенмен, тарихи ұлы жоба – жаңа елордамыз Астана Нұрсұлтан Әбішұлының саяси ерік-жігерінің, мызғымас сенімінің және қайтпас табандылығының арқасында ғана жүзеге асты. Осы көрегендік және дана мемлекеттік шешім үшін болашақ ұрпағымыз Қазақстанның Тұнғыш Президентіне әрдайым риза болады.

Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолындағы барлық жетістіктер Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегімен байланысты. Тұңғыш Президенттің бастамасымен әзірленген мемлекеттік бағдарламалар ел экономикасының өркендеуіне үлкен серпін әкелді. Инвестициялық жобалар іске асты, жұмыс

орындары құрылды. Халықтың тұрмысы жақсарды. Әлеуметтің әлеуеті әрленді. Бұның бәрі елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында мүмкін болды.

Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде: «Күшіміз – жауапкершілікте, бірлігіміз – әралуандықта, еркіндігіміз – келісімде, абыройымыз – игілікте, қауіпсіздігіміз – ашықтықта, тәуелсіздігіміз – серіктестікте. Болашағымыз – бүгінде», – деген болатын. Біз күні бүгінге

дейін осы ұстанымды темірқазық тұттық. Себебі осы ұстаным бізді адастырған жоқ, адастырмайды да.

Гүлзада ЖҮСІПӘЛИЕВА,

Қ.Шыңғысов атындағы №5 орта мектептің тарихшысы

21:45
3542

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020