​КӨШЕ БЕЛГІСІ ҚАЙДА ЕКЕН?

Абай көшесінің бойын абаттандыру жөнінде кейінгі екі жылдың ішінде газет бетінде бірнеше рет мәселе көтерілген еді. Алайда, қала билігі тарапынан бұған назар аударған бір жанашыр жанды көре алмадық. Соның салдарынан өткен жылғы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында да көшені көріктендіру жөнінде ештеңе істеле қоймады. Абай мен Сарыарқа көшелерінің қиылысындағы алаңқай абаттандырылып, ескерткіш орнату идеясы да бос сөз болып қалды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-інің қолға алуымен тұғырға емес, құбырға қондырған Абай мүсініне қатысты келеңсіз жайды ел ұмыта қойған жоқ шығар. Көпшіліктің өткір сынына ұшыраған соң ақын мүсінін орнатушылар дереу оны алып тастауға мәжбүр болды. Абай ескерткіші енді жаңа жобамен Наурыз саябағында жабдықталатын «Руханият аллеясында» бой көтеретін болды. Біздің бүгінгі айтқалы отырғанымыз бұл жөнінде емес. Сәтсіздікке ұшыраған мүсінді орнатарда Абай бейнеленген, дат баспайтын бағалы металдан жасалған көше белгісін алып тастаған болатын. Көше көрсеткішінің осы тарихи белгісі, егер қолды болмаса бүгінде өз орнына қоюға әбден сұранып тұр.

Тарихи дейтініміз, көше көрсеткішінің бұл белгісі 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығы кезінде орнатылған сәулет өнерінің туындысына парапар, шағын болса да кәделі ескерткіш еді. Сол жылғы мерейтой аясында Абай көшесінің жаяу жүргіншілерге арналған жолдары жаңартылып, ел еңсесін көтерген бірталай шаралар жүзеге асқан болатын. Содан бергі ширек ғасыр ішінде көлік жолының асфальтын жаңғыртудан басқа бұл көшеде тұрғындар көңілінен шығарлық ештеңе жасалмай келеді. Бұл – қаладағы ең ұзын және басты көшелердің бірі. Көше бойында бірнеше оқу орындары орналасқан. Ескі үйлер қатары да баршылық. Көшені көріктендіріп, абаттандыру шаралары жүргізілмеген соң тұрғын үйлердің де сырт бейнесі сұрқай тартуда. Ойқы-шойқы тротуарларын былай қойып, көше бойымен келе жатқан адам тыныстап отыратын орындықтар қою да ойластырылмай отыр. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бекіткен жоспары бойынша өткен жылы Абай көшесінің Сарыарқа көшесімен қиылысындағы 3500 шаршы метр алаңқай абаттандырылуға тиіс еді. Бұл жөніндегі «KAZAKH TECHNO» ЖШС арнайы жасаған жобада өрнектастар төселіп, балалар ойнайтын жабдықтар мен орындықтар қойылатын алаңқай адамдар тынығып отыратын гүлзар борлады деп айтылған-тын. Өкінішке орай бұл іс те сөз күйінде қалуда. Жуырда «Жезқазған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің басшысы Махмуд Смайыловпен болған әңгіме барысында осы жобаның не болғаны туралы сұрағанымызда, оның жоспарда бар екенін айтқан болатын. Ал, оның қашан жүзеге асары белгісіз. Сол жолы қаланың бас сәулетшісіне көшенің Абай бейнеленген мемориалдық белгісі бұрынғы орнына қайтадан қойылса қисынды болар еді деген құлаққағысымызға: «ол белгі бар, бір жерде жатыр» дегеннен артық ештеңе айтпады. Әйтеуір, қолды болмаса болыпты.

Тұрғындар тарапынан «осы бұрынғы ескерткіш-белгісі тәуір еді, неге алып тастаған» деген сөзді де естідік. Иә, жұртшылық пікірін де ескерген жөн болар. Оның үстіне қазақтың ұлы ақыны Абай бейнеленген кәделі заттың із-түзсіз кетіп, аяқасты қалуы да елге сын боларлық жайт. Ақын суретін жаңартып салса, металдан жасалған мемориалдық белгі көше бойына өзіндік жарасым танытып тұрары анық. Олай болса, ескерткіш-белгіні орнына қояйық. Көше белгісімен көрікті болсын!

Амандық РАХҰЛЫ

17:47
1182

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020