​ЕҢБЕГІ ЕЛ ЕСІНДЕ

«Мен Жезқазғанның тумасы әрі патриоты ретінде тыным таппайтын жанмын. Туған өлкемді, оның қасиетті металлдарға толы рудалы алыптарын, сол байлықтарды Отан игілігіне айналдырып жатқан қаһарман адамдардың өмір тынысын, ерлік еңбегін әңгіме етпей, жұртшылыққа паш етпей отыра алмаймын».

Сүтемген Бүкіров.

Мақаламды Сүтемген Бүкіровтің өз сөзімен бастағанды жөн көрдім. Жезқазған қаласының тарихында атын мәңгілікке қалдырған өлкетанушы Сүтемген ағаның осы бір сөзі ұрпақ сабақтастығын жалғағандай… Кезінде ол кісі Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды тұлғалармен кездесіп, хат алмасып тұрды және олартуралы тың мақалаларды қалдырса, бүгінгі ұрпақ Сүтемген Бүкіровтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ол кісінің өмірдерегін зерттеп, іс-шаралар ұйымдастырып ұлықтауда.

Сүтемген Тақабайұлы Бүкіров 1921 жылдың 8 мамыры күні Бекболат елінің қонысы Наушабайда дүниеге келіпті. Жасынан оқуға зерек, тарихи-шежіреге құмар болыпты. Сол кездегі пионер, комсомол ұйымдарының белсенді жетекшісі болған. Алғашқы еңбек жолын мектепте аға пионер жетекшісі болып бастаған Сүтемген Тақабайұлы аудандық «Қызыл кенші» газетінде тілші болып қызмет етеді. Кейін «Казмедьстрой» құрылысы тресінде қызмет атқарған. Партия ұйымы хатшысының орынбасары қызметін атқарыпты. 1969 жылы Сүтемген аға Қ.И.Сәтбаев атындағы Ленин орденді Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік мұражайын ұйымдастырып, құру жөнінде мәселе қозғайды. Бұл ұсыныс сол кездегі кенші, металлургтер, инженерлер сынды жұмысшылар қауымына ұнап, қолдау білдіріледі. Жаңадан ашылатын музейдің директорлығына Сүтемген Тақабайұлы тағайындалып, аталмыш мекемені 23 жыл басқарды.

Сүтемген Тақабайұлы — өңірімізде музей ісінің негізін салушы. Сүтемген Тақабайұлы Жезқазған жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алып, оны сақтап қорғау жөнінде бағыт-бағдар көрсетіп, табысты еңбек етті. Музейге кезінде 10 мың жәдігер жиналуына тікелей үлес қосқан екен. Өлке тарихын зерттеушілер үшін бай мұра қалдырған асыл жан «Музей ата» атанды. Сүтемген Тақабайұлы ұрпаққа өткенге құрметпен қарауды, тарихымызды зерттеп, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті оятуда артына тағылымды із қалдырды. Сүтемген Тақабайұлының өлке тарихына қызығушылығы Қаныш Сәтбаевпен кездесуден басталған десем жаңылыспаймын. Жастайынан тарихқа зерек жігітке осы кездесу ерекше әсер етіп, өміріне бағыт берген сияқты.

Сүтемген Бүкіров Жезқазған мыс кеншінін игеру шежіресін терең зерттеп, қағазға түсірді. Өңірдің кен саласында маңдай терін төгіп, сүбелі еңбек еткен Ы.Анарқұлов, Ө.Байқоңыров, О.Дүйсенбаев, З.Биболатов, П.Шаталюк, Б.Аймаханов, Н.Валкунский, М.Раковский, В.Штифанов сынды азаматтардың шеберлік мектебін зерттеді.

Кенді өлкемізді әлемге танытқан атақты геолог Қ.Сәтбаев екені баршамызға белгілі. Ал, ең алғаш Қаныш Имантайұлы туралы 1939 жылы мақала жазған С.Бүкіров болатын. Ғалымның туғанына 90 жыл толуына орай «Біздің Қаныш Имантайұлы» атты Жезқазғандық жерлестердің естеліктер жинағын құрастырды. Өкінішке орай, бұл жинақ белгісіз себеппен жарық көрмей қалды. Жергілікті баспадан «Жезқазғандағы тарихи-археологиялық ескерткіштер», «Жезқазған мешіттері» атты кітапшалар шығарды. Жезқазғандағы туристік бағыттарын жасағанда кеңесшісі болды. Республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз», «Білім және еңбек», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сынды басылымдарға тарихи және мәдени ескерткіштері туралы мақалалары жарық көрді.

Сүтемген Тақабайұлы Жезқазған тарихын зерттеп ғана қоймай, онда өмір сүрген зиялы кісілерге де көп көңіл бөлген. Сүтемген Тақабайұлының артында кейінгі ұрпаққа өлместей ескерткіш болып қалған «Боздақтар» кітабы. Ол кісі кітаптың жарық көруі үшін көп тер төгіп еңбек етті, соғыс болған жерлерге ат басын тіреді, нәтижесінде хабар — ошарсыз кеткен жауынгерлердің деректерін отбасына, ұрпақтарына табыстады бір сөзбен айтқанда: «Өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырды». Сол кездегі Жезқазған облысынан майданға аттанған боздақтардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында жазған еңбегі ауқымды әрі шоқтығы биік еңбек болды.

Сонымен қатар, Арқаның атақты ақындары Тайжан, Нияз, Омар, Болман, Иманжан т.б. шығармалары басылымдарда жарық көріп, оқырмандарға паш етілуіне Сүтемген Тақабайұлы бастамашыл болды.

Атақты жазушы Сәбит Мұқанов ел тарихының жанашыры Сүтемген Тақабайұлының еңбегіне ерекше бағасын былай деп берді: «Жезқазған туралы роман жазатын болса, ол тек Бүкіровтің қолынан келеді. Ол шын тарлан емес пе?!».

Сүтемген Бүкіровтің 100 жылдық мерейтойы аясында Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Жас өлкетанушы» атты жастар мен жасөспірімдердің ғылыми жұмыстарының аймақтық сайысын ұйымдастырды.Жас өлкетанушылар арасында бұндай іс-шара біздің аймағымызда бірінші рет ұйымдастырылғанын айта кеткенді жөн санадым.Осы тұрғыда ол кісінің көзін көрмесем де, еңбегімен, өмір жолымен танысып шықтым. Ол кісінің өмір тарихын өзімше зерделеп, тың деректер алдым. С. Бүкіровтің өткен өмірі, жүріп өткен жолы, өңіріміз үшін атқарған өлшеусіз еңбегі маған елім, жерім деген азаматтың шын бейнесін толыққанды елестетіп, көз алдыма әкелді. Қазіргі уақытта бір салаға осылай қомақты үлес қоса білген азамат болғың келсе ол кісіден алар, үйренер үлгі боларлық жарқын істері көп тұлға екен.

Еңбегі ескерусіз қалған жоқ Ел Алғысына бөленді, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды. Жезқазған қаласында Сүтемген Бүкіров атындағы көше де бар. Өлкетанушы Сүтемген Бүкіров ерен еңбегімен өз атын өлке тарихына алтын әріппен жазып, артына өшпес із қалдырды. Бүгінде өлкетанушының 100 жылдық мерейтойын ұлықтап жатқан Жезқазған жұртшылығының жадында есімі ұмытылмас бейне, еңбегі өшпес тарих болып қала бермек...

Туған өлкемді, оның қасиетті металлдарға толы рудалы алыптарын, сол байлықтарды Отан игілігіне айналдырып жатқан қаһарман адамдардың өмір тынысын, ерлік еңбегін әңгіме етпей, жұртшылыққа паш етпей отыра алмаймын деп өткен Сүтемген Бүкіров туралы мақала жазуды мен де өзімнің азаматтық борышыма санадым. Алдағы уақытта ол кісіні әлі де сан қырынан таныта білу келешек ұрпақтың еншісінде екені даусыз.

Ғалия ТҮГЕЛБАЕВА,

Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы 

17:48
977

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020