​ЖАУЫНГЕРЛЕР ЖОҒАЛМАЙДЫ!

Кешегі қанқұйлы соғыс туралы айтқанда, «із-түссіз жоғалған», «хабар — ошарсыз кеткен» дейтін сөздер де міндетті түрде айтылады. Өйткені, біреу соғыстан оралмаған, қайда қаза тапқаны әлі күнге белгісіз әкесін, енді біреу атасын, біреулер бауырын іздейді. Кебін кигенін көрмегесін «Кебенек киген ердің бір хабары неғып шықпайды?» дейтін олардың көңіліндегі алаңды түсінуге де болады.

Дегенмен, кейінгі жылдары ресейлік сайттар арқылы көптеген жауынгерлердің тағдыры, олардың қаза тапқан, жерленген жерлері анықталуда. Қашаннан әруақ сыйлаған, өткенін қадірлеген халықтың бүгінгі ұрпақтары сол шейіттер жатқан жерге туған жердің бір уыс топырағын апарып, дұға оқып, құрмет көрсетіп жатыр. Бұл өте орынды, мадақтауға лайықты қарекеттер. Олардың қатарында өзіміздің Жезқазған-Ұлытау аймағының да көптеген азаматтары болды.

Жақында аймақ халқын елең еткізген тағы бір жақсы жаңалық жетті. Ресейдің «Ржев. Калининский фронт» деп аталатын іздеушілер экспедициясының «Пионер» деп аталатын тобы Ржев қаласының маңындағы орман ішінен бірнеше жауынгерлер жерленген жерді анықтады. Сол жауынгерлердің арасынан бесеуінің аты — жөндері анықталды. Бесеудің үшеуі қазақ болып шықты. Біреуі – Қорғалжыңнан, енді бірі Семей жағынан, ал, үшіншісі өзіміздің – Жезқазғаннан! Бұл хабарды естіген бойда әрине, Жағыпар Оразбаев туралы білгіміз келді. Дереу компьютерді қосып, ресейлік «ОБД Мемориал», «Подвиг народа» сайттарын ақтара бастадық. Сондағы білгенімізді енді өздеріңізбен бөлісейік.

Жағыпар Оразбаев 1914 жылы, кейін «Қызыл әскер» колхозы болған, шамамен қазіргі Талап ауылының маңайында туған екен. Әскерге соғыстан бұрын, 1939 жылдың күзінде, қазан айында алыныпты. Ол бұл кезде Жезқазған геологиялық — барлау партиясында слесарь болып еңбек етіп жүрген екен. 1941-дің желтоқсанында хабар-ошарсыз кеткен. Қысқаша айтқанда осындай.

Сонда бұл кісіні осы уақытқа шейін ешкім іздестірмеген бе? Неге іздестірмесін, әрине, іздестірген. 1956 жылы анасы Жансұлу Оразбаева Жезқазған аудандық әскери комиссариаты арқылы ұлына іздеу салған. Осы жерде, Жағыпардың соңында анасынан өзге, бірге туған бауырларының да, әкесінің де болмағанын айта кетейік. Ең өкініштісі, оны әскерге шақырған құжаттың өзі әскери комисариаттан табылмаған. Бұл Жезқазған аудандық әскери комиссарының Мәскеудегі «Отдел по учету потерь сержантов и солдат» деп аталатын бөлімге 1956 жылғы 21 қыркүйекте жолдаған хатынан анық байқалады. Ж.Оразбаев жөнінде ешқандай да жағымсыз фактілердің табылмағанын айта келіп, әскери комиссар «Куәгерлердің көрсетуімен анасына ұлының әскерге шақырылғаны туралы анықтама бердім» дейді. Анықтама арқылы Жағыпардың анасына баласын соғыста жоғалтқан ана ретінде жәрдемақы тағайындалған болу керек. Жауынгердің анасы Жансұлу Оразбаев бұл кезде Жезқазған (Рудник) поселкесіндегі Красноармейцы көшесінде тұрған екен.

Ж.Оразбаевтың есімі жазылған капсула табылған соң, оның осындағы туған -туысқандарына іздеу салынды. Іздеу көпке созылмады. Жағыпармен немерелес болып келетін Мұхамбедия Оразбаев Сәтбаев қаласында тұрады екен. Онымен хабарласу барысында Жағыпардың анасы Жансұлу жөнінде сұрадық. «Ол кісі дүниеден озған, зираты Сәтбаевтағы қорымда» деді. Алыстан жеткен жаңалыққа қуанышты екенін жеткізген ол қазірдің өзінде тиісті ұйымдармен хабарласып та үлгеріпті. «Сол жерден табылған сүйектер есімдері жазылып, салтанатты жағдайда «Бауырластар зиратына» қойылады екен. Пандемияның кесірінен сол рәсімге қатысу мүмкін болмайтын сыңайлы. Ең бастысы, өшкен жанды, өлген тірілді. Осы жақтан топырақ апарып салып, дұға бағыштап қайтамыз ғой. Бірақ, нақты қай күні сәті түсерін бір АллаТағала біледі» деді ол.

Ия, ең бастысы өлген тірілді, өшкен жанды. Бұл орайда ресейлік іздеушілерге зор алғыс айта кеткен орынды. Олар бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Солардың арқасында қаншама жауынгерлер туған — туыстарымен қайта табысты. Жағыпар Оразбаев та — солардың бірі. Бұл жағдай Отан үшін от кешкен, кеудесін оққа төсеген жауынгерлердің ешқашан жоғалып кетпейтінін айғақтайды.

Соғыста жақындарын жоғалтқандар болса үміттерін үзбесін, өйткені, жауынгерлер ешқашан жоғалмайды!

Абдолла ДАСТАНОВ

23:38
1077

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020