​КӨШЕ КӨРКІН КІРГІЗДІ

Жезқазған қаласының көшелеріне өзгеше реңк беретін муралдар пайда болды. Тұрғын үй қабырғаларына салынған суреттердің мән-мағынасы туралы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Махмұт Смайлов айтып берді.

–Жезқазған қаласында бұған дейін мурал салынбаған. Біз бұл іске асқан жауапкершілікпен келдік. Жеңіс көшесіне Ұлы Отан соғысының батырлары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев пен батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүктің бейнесін салу жоспарласақ, академик Қаныш Сәтбаевты өзінің құрметіне берілген көшеге салуды құп көрдік. Жалпы, муралдарды қала тұрғындары жылы қабылдады. Батырлар бейнесінің жанындағы гүлдерге қатысты көп ұсыныс айтылды. Бірі Жеңіс лентасын, енді бірі раушан гүлдерін салынса деді. Біз дала гүлдері композициясын таңдағанды дұрыс деп шештік, – деген қаланың бас сәулетшісі жыл соңына дейін тағы үш тұрғын үйге мурал салу жоспарын айтты.

Алашахан даңғылындағы 34, 41, 43 үйлердің іргесінде Тәуелсіздік пен рухани жаңғыру тақырыбындағы муралдар пайда болмақ.

Жезқазған қалалық бюджетінен қарастырылған 13 млн теңгеге Жеңіс көшесіндегі 3А, 11А мен Сәтбаев көшесіндегі 97 үйге мурал салған «Сейітқазинов» ЖК бригадирі Айдос Рақымбек:

–Мурал салу жұмысына 24 сәуірде кірістік. Бірінші кезекте бар күшімізді Жеңіс көшесіне жұмсадық. Батырлардың бейнесін Жеңіс күніне дейін аяқтасақ деген мақсатпен таң атқаннан қараңғы түнге дейін жұмыс жасадық. Сурет салмас бұрын үйдің іргесі тегістеліп, сыланды. Одан кейін қарағандыдан шақыртылған суретші-дизайнерлер Айдар, Дамир мен Николай алдын ала берілген суретті айнытпай салуға кірісті. Сәтбаевтың бейнесін салуда біраз қиындықтар болды. Ғалымның көзі мен ернін екінші қайтара салғанда ғана ұқсата алдық, – деді.

Ресейдің жоғары сапалы бояуларын қолданғандарын жеткізген мердігерлер екі жыл бойы муралдардың сақтығына жауап береді. 

10:40
683

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020