​ЕКПЕ САЛДЫРУ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Аптаның жеті күнінде таңғы сегізден кешкі сегізге дейін үздіксіз жұмыс істейтін аурухана қалашығында орналасқан COVID-19 індетіне қарсы вакцина салу орталығына қашан барсаң да ығы-жығы кісі. Бастапқы кезеңдерге қарағанда қазір күнделікті екпе алуға келетіндердің саны 100-150 адамға жеткен.

Орталықтың кіре берісінен екінші қабатына көтерілгенше ұзын сонар кезекке жолықтық. Таңғы сағат тоғыздар шамасында есік алдында жиырмадан аса тұрғын өз кезегін күтіп тұрды. Кіре берістен қайтып бара жатқан Нағима әжеде вакцина салдыруға келіпті. Дегенмен 74-тегі қария денсаулығына екпе салдыру қауіпті деген дәрігерлер апамызды кері қайтарған. Олардың айтуынша, қарт ананың қан қысымы тым жоғары екен. Бұл жолы «Гам-КОВИД-Вак», яғни ел арасында «Спутник V» деген атаумен танылған вакцинаның бірінші компонентін салдыруға келгендер қатары көп.

– Басында барлығымыздың да вакцина дегенді естіп шошып қалғанымыз рас. Ел арасында түрлі қауесет, жалған, арандатушылық сөздер тарады. Дегенмен әлемдегі барлық аурудың емі вакцина арқылы табылғанын, біраз қауіпті аурулар сейілгенін жоққа шығара алмаймыз. Қазір Шұбаркөл көмір кенішінде жұмыс істеймін. Жезқазғанға келіп, медициналық тексерістен өтуім қажет болды. Соған орай вакцина салдырып алуды да жөн көрдім. Бұл өзімнің және жақындарымның саулығы үшін аса қажет, – деген Нұрсұлтан Ілиясов екпе салдырғаннан кейін алғашқы 30 минуттағы жағдайы қалыпты екенін жеткізді.

Вакцинаның екінші компонентін қабылдаған Айнұр Түсіпова да аурудан құтылудың бірден-бір амалы вакцина екенін жақсы біледі.

–Мені екпе салдыруға мәжбүрлеп жатқан жоқ. Барлық мағлұматтарды қарап, зерттей келе вакцина салдыруға шешім қаылдадым. Вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған алғашқы күні бас ауырып, салқын тигендей денем сырқырады, белім ауырды. Үшінші күні өзімді жақсы сезіндім. Әр адамның организмі әр түрлі ғой. Ал менің жұбайым да мүлде ауырсыну байқалмады. Байқасаңыздар мына кезектің көбі орыс ұлтының адамдары. Өзіміздің қара көздеріміз бірен-саран. Олар әлі де болса «вакцина қауіпті» деген ұстанымда болар. Әзірге вакцина қолжетімді, тегін кезде барлық тұрғындарды екпе салдырып алуға шақырар едім. Ең болмаса халықтың 50 пайызы екпе салдырса, қауіп сейіліп, бұрынғы алаңсыз күндерімізге оралуға жол ашылар еді, – дейді ол.

Екпе салуға келген тұрғындарды қабылдап жатқан жауапты дәрігер «Мәкенбаева» отбасылық-дәрігерлік орталығының балалар дәрігері Сымбат Кенжеғалиева:

–Тұрғындардың денсаулығын жіті тексергеннен кейін ғана вакцина салуға болатынын, болмайтыны туралы нақты ақпарат береміз. Қазіргі таңда қаламыз бойынша Ресейде жасалған «Гам-КОВИД-Вак» вакцинасы егіліп жатыр. Вакцина қоры жеткілікті. Вакцина алған адам 30 минут осы орталықта медбикелердің бақылауында болады. Олардың жағдайы жақсы екеніне көзіміз жеткеннен кейін ғана үйлеріне жібереміз. Көбіне вакцина салдырған адамдарда дене қызуы көтеріледі. Бұл – қалыпты жағдай. Вакцина созылмалы аурулары бар және жүктілікке дайындалып жүрген әйелдерге салынбайды. Ол үшін арнайы мамандардың аталған аурулар мен ана атануға дайындықты растайтын құжаты болса жеткілікті. Ал екпе салдырып қойған жағдайда жүктіліктен алты айға дейін сақтанғаны жөн. Жалпы еліміз бойынша бұл құбылыс әлі де нақтыланып, зерттеліп жатыр, – деді. Сонымен қатар, дәрігер вакцина салдырғаннан кейін кем дегенде үш күнге дейін бойыңызды салқыннан қорғап жүруге кеңес берді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:39
684

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020