​ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ, ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ СҮТЕМГЕН БҮКІРОВТІҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Биыл «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, археограф, этнограф Сүтемген Бүкіровтің туғанына 100 жыл. Ерен еңбекқорлығы мен толассыз ізденісінің арқасында «Музей ата» атанып, ардақталған өлкетанушы алғашқы еңбек жолын Жезқазған рудинигіндегі № 2 мектепте пионер ұйымының аға жетекшісі болып бастайды. Одан әрі бұқаралық ақпарат құралдарында, өндіріс ошақтарында еңбек еткен ол 1969 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік музейіінң негізін қалайды. Аталған шаңырақты 1978 жылға дейін басқарған. Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану музейі мен космановтика музейіне де жетекшілік етіп, сүбелі жұмыстар атқарды.

Өлке тарихын кеңінен зерттеп, ұрпағына өшпес мұра қалдырған Сүтемген Тақабайұлының есімін мәңгі ел жадында қалдыру, оның өнегелі еңбек жолын, Ұлытау-Жезқазған жұртына сіңірген еңбегін паш ету мақсатында Жезқазған қаласының мемлекеттік архиві 2003 жылдан бастап дәстүрлі түрде түрлі форматта «Бүкіров оқуларын» өткізіп келеді. Тарихи тұлғаның биылғы 100 жылдық мерейтойына арналған «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тарихшы ғалымдар мен өлкетанушыларға, сондай-ақ, барша жиылған жұртшылыққа берері мол болғаны рас.

Еліміздің түпкір-түпкірінен жиылған сыйлы қонақтардың алғашқы бас сұққан орны Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залы болды. XVIII «Бүкіров оқулары» аясында ұйымдастырылған «Ұлт мұрасын ұлықтаушы» тақырыбындағы көрменің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова Сүтемген Тақабайұлы мен жары Шәруза апамыз, олардың арасындағы жарасымды сыйластық пен ізгі құрмет жайындағы жарқын естеліктерімен бөлісті.

Бүкіров оқулары үшін мысты шаһарға арнайылап ат басын бұрған қонақтардың бірі Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжатнама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев та Сүтемген Бүкіров жайлы жылы лебізін білдіріп, барша Жезқазған жұртын тау тұлғалы асқар азаматтың мерейтойымен құттықтады.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдық дүбірлі тойына орай ұйымдастырылып отырған бүгін шара туған өлке тарихын зерттеп, Ұлытау-Жезқазған аймағында өшпес ізін қалдырған Сүтемген Бүкіровтің 100 жылдығына арналып отырғаны көңілімізді қуантады. Ол туған өлкесінің бай мұрасын жинақтаушы, музей ісінің негізін қалаушы, қарымды қаламгер, белгілі өлкетанушы, тарихи, мәдени-архитектуралық ескерткіштердің қорғаушысы бола білді. Ұлы Отан соғысында опат болған боздақтар мен дерексіз жоғалған майдангерлер туралы да зерттеу жүргізіп, олардың өмірі, ерлігі туралы тың ақпараттарымен бөлісті. Соның нәтижесінде қаншама адам хабарсыз кеткен жақындары жайлы, олардың қаза тапқан, сүйегі қойылған жерлері туралы білді. Сүтемген Бүкіріов туған жерінің тасқа таңбаланған тарихына, ішке бүккен сырына шежірелі сырына түрлі зерттеулер жүргізіп, өлкетану жұмысына өлшеусіз үлесін қосты. Сол үшін де оның есімі тек Ұлытау-Жезқазған аймағына ғана емес, барша еліміз үшін аса қадірлі, – деген Ерлан Нілдібаев тарихи тұлғасын есімі мен еңбегін естен шығармай, лайықты түрде ұлықтай білген Жезқазған жұртына ризашылығын білдірді.

Одан Ерлан Нілдібаев, Зина Ақылбекова және «Музей атаның» туған қызы Гүлнаш Әбубәкір Сүтемген Бүкіровтің отбасы, еңбек жолы жайлы хабар беретін «Ұлт мұрасын ұлықтаушы» атты тарихи-танымдық көрменің салтанатты ашылу лентасын қиды.

Жиылған жұртшылыққа ерекше әсер қалдырған туындылардың бірі – Әшмұхан Жанпейісовтің «Ғасыр атаға – бір ғасыр» деректі фильмі. Аталған туындыда Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Әлихан Байменов, қоғам қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы және отбасы мүшелері мен көзін көрген жолдастары Сүтемген Тақабайұлы туралы құнды естеліктерімен бөліскен.

Шара барысында Сүтемген Бүкіровтің туғанына 100 жыл толуына орай оның «Жезқазғаным менің», «Біздің Қаныш Имантай Сәтбаев» атты еңбектері кітап болып шығып, оқырмандар назарына ұсынылды. Сондай-ақ аталған жиында өлкетанушы туралы жазылған «Сүтемген Бүкіров: ғылыми-танымдық және публицистикалық еңбектерінің биобиблиографиялық көрсеткіші» кітабының презентациясы таныстырылды.

Аталған көрмеде сөз алған қонақтардың бірі Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Халқы Ассамблясының мүшесі Бекзат Алтынбеков өлке тарихын зерттеуде ерінбей еңбек етіп жүрген Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің басшысы Бақтияр Қожахметовке «Үздік өлкетанушы» медалін табыстады. Аталған медальға біздің аймақтан Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова да ұсынылып отыр.

Шара одан әрі түстен кейін ұйымдастырылған «Бүкіров оқулары» аясында ұйымдастырылған «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты.

«Қазақмыс» корпорациясының конференц-залында өткен жиынға еліміздің түрлі өңірлерінен «ZOOM» платформасы арқылы да тарихшы ғалымдар қатысты. Ғылыми конференцияда сөз алған Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов, Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев және онлайн форматта Астана мемлекеттік хабының төрағасы Әлихан Байменов пен мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы Сүтемген Бүкіровтің туған-туыстары мен жиын қонақтарына құттықтау лебіздерін білдірді.

Аталған конференцияға Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан ғылыми мақалалар келіп түскен. Үздік деп танылған материалдар секция залында көпшілік назарына ұсынылып, жинаққа енгізілді.

Сүтемген Бүкіровтің есімін ұмыт қалдырмай, әрдайым талмай ізденіс үстінде жүретіндер ішінде інісі, Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіровтің есімін айрықша атағанымыз жөн.

– Бүгін көкем туралы қаншама жылы сөздер айтылып, ұрпағына ізгі тілектер арналды. Бұл біз секілді бір қаннан тараған жақын туыстарының көңілін көкке сермітіп, бір марқайтып тастайтыны рас. Осы тұста 100 жылдық мерейтой қарсаңында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырған қала әкімдігіне, архив басшылығына зор алғысымды білдіремін. Біз қазақ халқы, азаматын ардақтап, еліне еңбегі сіңген ерлерін естен шығармаған жұртпыз. Мен бүгінгі қуанышта Сүтемген Бүкіров сынды ұлтына аса жанашыр, білімді де көреген ұрпақ легі тоқтамасын, қазақ елі мәңгі жасай берсін деген тілегімді білдіргім келеді, –деген Төлеген Нұрмағанбетұлы конференция барысында Сүтемген Бүкіровтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық оқушылар мен жасөспірімдердің «Жас өлкетанушы» ғылыми жұмыстар байқауының жеңімпаздарына арнайы грамоталар мен 30 000, 50 000, 100 000 тг көлеміндегі сертификаттарды табыс етті.

Конференция соңында Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің басшысы Дәметкен Орынбасарова конференция қаулысымен таныстырып, үздік ғылыми мақалалар авторларын Алғыс хаттар және дипломдармен марапаттады. Шара соңында қала әкімі Қайрат Әбсаттаров алдағы уақытта Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне Сүтемген Бүкіровтің есімін беру туралы ұсыныс қаралатынын жеткізді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

11:51
877

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020