​РУХАНИ САЛАДА – ІРІ ЖОБАЛАР

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі заманғы әлемде еліміздің берік мәдени тұғырынсыз экономикалық және саяси табыстары болуы ақылға сыйымсыз. Планетаның 30 лайықты ұлтының біріне айналу үшін, бәрінен бұрын, ХХІ ғасырда ең танылған мәдениеттің қатарында болу керек. Біз Қазақстанның әлемдік «Жоғары мәдениет қоғамының» үш ондығы шоғырына енуін қамтамасыз етуге тиіспіз»,- деп атап көрсетті. Бүгінде осынау аталы сөз мәдениет пен өнер саласында қызмет етіп жүрген кәсіби мамандардың ұстанымына айналды.

Қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің ең басты мақсаты – кенді қала халқының рухани және эстетикалық сұраныстарына сай сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету. Жезқазған қаласының мәдениет және өнер саласының инфрақұрылымы 22 нысанды құрайды.

Әлемді алаңдатқан індет салдарына байланысты биыл көпшілік-бұқаралық жиындардың біразы онлайн форматқа ауыстырылды. Наурыз мейрамына арналған кең көлемді композиция «Наурыз-думан» атты телевизиялық жоба онлайн форматта әзірленіп қала халқының назарына ұсынылды. Мемлекеттік және кәсіби мерекелік күндеріне арналған онлайн-концерттер легі өтті. Сонымен қатар, күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толу тойына арналған онлайн-концерт ұйымдастырылып, көрермендер көңіліне жол тапты.

Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясы әншілерінің қатысуымен Қарағанды қаласының телеарнасында 5 концерттік бағдарлама жазылды. Ол концерттік бағдарламаларда Т.Қалмағанбетовке, Ж.Сейіловке арналған, жергілікті композиторлардың шығармалары (М.Түсупбеков, Е.Сартов, Ш.Ділдебаев, Н.Барменбаеваның) әндері жазылды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты «Алтын Орда» фольклорлық ансамблінің онлайн-концерті қойылды.

Індетпен күрес жағдайындағы шаралар мәдениет пен өнер саласының жұмысы мен оның жетістіктеріне кері әсерін тигізе алған жоқ. Жер жүзін жайлаған пандемия бізге ұстамды, төзімді, әр нәрсенің парқын білуді үйретті дей аламыз. Өнер саласының қызметкерлері онлайн форматтағы іс-шараларға қатысуға тез бейімделіп ғана қоймай, нәтижелі көрсеткіштерге де қол жеткізді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сарыарқаның жаңа есімдері» атты облыстық байқауында «Ақ әжелер» ансамблі және «Шалқыма» би ансамблі жүлделі ІІІ орынға ие болды. «Диндалле» ансамблінің мүшесі Ким Анна ұлттық биден онлайн «International online music and dance competition «Bosphozns festival»» атты конкурсқа қатысып, Гран-Приге ие болды және халықаралық «Таланты Казахстана» конкурс-фестивалінде І орынға еншіледі.

Наурыз айында мәдени-сауық орталықтары мен мәдениет үйлері арасында өткен облыстық «Наурыз көркі — ақ бата» атты бата беру онлайн фестивалінде Халықтар достығы мен мәдениеті Үйі «Ас батасы» туралы қойылым көрсетіп, «Үздік қойылым» номинациясын жеңіп алды. «Шашу» халықтық би ансамблінің ересек топ мүшелері республикалық «Дарынды дарабоз» атты балалар онлайн-байқауында Бас жүлде және орта топ бишілері І орынды иеленді. Ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толу тойына арналған халықаралық «Жырлайды жүрек» атты жыр байқауына Кеңгір ауыл клубының өнерпаздары қатысып, жүлделі І орынды иеленді.

«Қарағанды – достық пен бірліктің мекені» атты облыстық шығармашылық жобасына этномәдени бірлестіктер және ХДМҮ-нің көркемөнерпаздар ұжымы қатысты. Мерекеге арнайы бейнефильм әзірленіп, жергілікті «Дидар», Қарағанды қаласының «Сарыарқа» телеарналарынан көрсетілді. Облыстық «Жеңіс салюті» ХХХ фестивалінде «Жезқазған маржандары» ардагерлер хор ұжымы өнер көрсетті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты облыстық патриоттық әндердің балалар фестиваліне жезқазғандық 3 әнші қатысып, дипломант атанды.

Биылғы жыл еліміз үшін бірқатар айтулы оқиғаларға толы жыл болмақ. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Ж.Жабаевтың туғанына 175 жыл, Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың туғанына 155 жыл, Қ.Аманжоловтың туғанына 110 жыл, Б.Бұлқышев пен М.Иманжановтың туғанына 105 жыл, ақиық ақын М.Мақатаевтың туғанынан 90 жыл толуына арналған іс-шаралар жоспарлы түрде өткізілуде.

Жақында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтің туғанына 100 жыл толуына орай қалалық әкімдігінің қолдауымен тарихи-археологиялық музейдің көрме залында «Ұлт мұрасын ұлықтаушы» тақырыбында тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылды. Көрме аясында «Жезқазғаным менің», «Біздің Қаныш Имантайұлы», «Сүтемген Бүкіров: ғылыми-танымдық, публицистикалық, библиографиялық көрсеткіш» кітаптарының тұсаукесері өтті. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігімен, қала әкімдігінің және жергілікті мұрағаттың ұйымдастыруымен ХVІІІ «Бүкіров оқулары» аясында «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конфренция өтті. Конференция жұмысына танымал тұлғалар Әлихан Байменов, ҚР Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Нұр-Сұлтан, Павлодар т.б. қалаларынан архив қызметкерлері, ғалымдар қатысты.

Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде С.Бүкіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған аймақтық «Жас өлкетанушы» атты жастар мен жасөспірімдердің ғылыми жұмыстарының сайысы өтті. Сайысқа Нұр-Сұлтан, Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан, Ұлытау, Жаңааарқа аудандарынан 22 үміткер қатысты.

Мәдениет бөлімінің бастамашылдығымен жақын арада С.Бүкіровтің ғасырлық тойына орай «Тұғыры биік тұлға» атты альбом-кітап пен «Музей ата» атты естеліктер жинағы жарық көреді, тұсаукесері маусым айында өтеді деп жоспарланып отыр.

2021 жыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды. Қазақтан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына — 30 кітап» онлайн- кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапханашылар Қ.Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына, М.Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына арналған облыстық челленджге қатысты. Тағы бір жаңалығымыз – кітапхана қызметкерлерінің дауыстап оқуындағы қазақ тіліндегі онлайн кітаптарды да жұртшылық жылы қабылдады. Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылып жатқан «Ертегі терапиясы» жобасы мектепке дейінгі мекемелер тарапынан үлкен қолдауға ие болды.

Биыл С.Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толу тойы мен қара шаңырақ С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының 50-ші маусымының ашылуы тұспа-тұс келіп отыр. С.Қожамқұлов театрының ұжымы қос мерекені лайықты атап өтуде. Жақында театр ұжымы Серке Қожамқұловтың мерейтойына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрмені М.Әуезов академтеатрының шаңырағының астында алматылық көрермендерге ұсынып қайтты. «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты жоба «Қазақстан-1» телеарнасында көрсетілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аталмыш жобаның тұсаукесері 22 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде өтті.

Биылғы жылдың премьерасы драматург Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасы болды. Қоюшы режиссер — Теміржан Досжанұлы. Премьераның құрметті қонағы болған автор Иран-Ғайыптың Жезқазған жеріне арнайы келуі театр көрермендері үшін тосын сый болды деуге болады. Бұл атап өткен шаралар – осы жылы ұйымдастырылған мәдени-рухани шаралардың бір парасы.

Қала мәдениеті мен өнерін дамытуға қолайлар жағдайлар туғызылып, Жезқазғанды бірегей мәдени орталыққа айналдыруға біршама талпыныстар жасалуда. Соңғы жылдары «Жол картасы-2020» мәдениет және өнер мекемелері мен кәсіпорындарының ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Атап кетелік, 2020 жылы Теректі елді мекеніндегі ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтті. Биыл Халықтар достығы мен мәдениет Үйінің «Пирамида» ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 97 млн. теңге қаржы бөлінді.

Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің көркемөнерпаздар ұжымдары үшін арнайы ұлттық-сахналық костюмдер және қысқы мезгіл шараларына қолайлы концерттік костюмдер тіктірілді.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бірқатар мекемелерінде «Парасат жолы» орталықтары мен бұрыштары ашылды.

Мәдени қызмет көрсету рыногында бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторларының бірі кадрлық потенциалды калыптастыру болып табылады. Сондықтан табиғи таланттарға, өнерлерімен өмірімізді гүлдендіруге, жан дүниемізді байытуға үлес қосып жүрген шығармашыл тұлғаларға жан-жақты қолдау, ынталандыру шаралары көрсетіліп келеді.

Халықаралық қуыршақ театры күні және Халықаралық театр күніне орай қуыршақ труппасының артисі Рыскүл Исмаилова және қоюшы-суретші Жұмабай Сәрсенов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Ғалия Ғазизова Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Халықаралық театр күніне орай театр қызметкерлері Үмітай Абдуллаева, Гүлім Молдабергенова, Болат Данияров, Нұржан Бейісбеков және Ляззат Жолдыбаева алғыс хаттармен, Халықаралық музейлер күніне орай музей қызметкерлері Толқын Уткелова, Бекзат Балтабеков, Қолқанат Ескендирова, СалтанатЕсенбекова Жезқазған қаласының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Алдағы жылдары атқарылар жұмыстар бар. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жоспарындағы күрделі де маңызды мәселелердің бірі «Наурыз» саябағында ұлы Абай ескерткішін орнату, Жезқазған-Ұлытау аймағында өмір сүрген, өңірдің мәдени–рухани саласының қалыптасуы мен дамуына, өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген ақын, әнші, жазушы, журналист, қоғам қайраткері, композитор, термешілердің есімдерін насихаттау мақсатында «Руханият» аллеясын ашу, Алаш алаңында «Алаш қайраткерлері» композициясын (бюст) ашу болып отыр. Бүгінгі таңда Абай ескерткіші бойынша ең үздік жобаға жарияланған республикалық конкурс жұмыстары аяқталды, монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі мемлекеттік комиссия нәтижесінде суретші Саид Айнеков жеңімпаз атанды. «Алаш қайраткерлері» композициясы бойынша республикалық ашық конкурс өткізілуде.

Халықаралық, республика деңгейінде туризмді дамыту мақсатында қолға алынған ірі жоба – «Жошы хан» тарихи-танымдық кешені. Қарқынды жүргізілген құрылыс жұмысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда ғалымдармен бірлесе отырып «Ұлық Ұлыс» экспозициясы әзірленуде. Осы жылдың жазында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың қатысуымен тарихи-мәдени кешеннің салтанатты ашылу шарасы өтеді деп жоспарлануда. Ұлытау-Жезқазған өңіріне келген қонақтардың туристік сапары осы кешеннен басталатын болады.

Алдағы уақыттарда «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ғылыми база ретінде пайдалануға болады. Сондай-ақ, ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар, студенттер мен оқушылар үшін практикалық сабақтар өткізуге мүмкіндік туады.

Қаланың көркемөнерпаздар ұжымы мен Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы шығармашылық ұжымдары алдағы уақытта Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларында Жезқазған қаласының мәдениеті күндерін өткізуді жоспарлауда. Іс-шараның жоспарға сай өтуі жақсы күндердің еншісінде деп айтамыз.

Былтырғы жылдың маусым айында балалар мен жасөспірімдер кітапханасы өз алдына жеке ғимаратқа көшірілді.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалар мен жасөспірімдер кітапханасын жаңа қоғамдық кеңістік құру мақсатында модернизациялау қолға алынбақшы. Модернизациялау барысында кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Балалар мен жасөспірімдерге қызмет көрсету үшін заманауи құрылғылармен, жаңа технологиялармен жабдықталатын болады.

Жезқазған-Ұлытау аймағы үшін 30 жылдық тарихы бар «Ұлытау үні» фестивалінің орны ерекше. Жыл құсындай сағынып күтер фестиваль өзінің отызыншы шымылдығының ашылуын кешеуілдетуінің себебі – жаһан жұртын әбігерге салған індет салдары. Алдағы уақытта фестивальдің деңгейін жаңа форматта өткізу жоспарлануда. 30 жыл үзбей дарындар мен таланттардың қанатын қақтырған фестивальді республикалық деңгейге көтеріп, бағдарлама аясында республиканың 17 аймағынан жиналған этнографиялық ансамбльдердің басын қосу сияқты айтулы шара жоспарланып отыр. Осы фестиваль аясында жастарға арналған заманауи рок, джаз, классика т.б. стильде ұлттық музыкалар шеруін жасау, ұлттық әндердің ұмыт бола бастаған формаларын қайта өңдеп, жандандыру қолға алынбақшы. Сонымен қатар, фестиваль аясында қолданбалы өнер, қолөнер, суретшілердің көркем туындыларынан тұратын көлемді көрме ұйымдастыру да жоспарда бар. Айта кететін тағы бір жайт, фестиваль аясында дәстүрлі әндер конкурсын өткізу де жоспарда. Бүгінде Арқа өңірінің әншілік дәстүрін үзбей келе жатқан, дәстүрлі әншілер, сал-серілердің көшін жалғастырып, ақындық өнерге бой ұрған өнерпаз жастарымыз баршылық.

Халық өнерінің айтулы өкілдері саналатын ұлытаулық дүлдүлдер Қожабай, Тайжан, Иманжан, Омар, Нияз, Болман, Ыбырахым сияқты ақындардың өмірі мен өнер жолын насихаттау жұмысы да қолға алынбақшы.

Осы тұста өңір халқына хабарлама ретінде биыл өткізіледі деп жоспарланған республикалық ақындар айтысы келесі жылға қалдырылғанын айта кеткіміз келеді.

Қаламыздың мәдени саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген, шығармашыл, талантты да дарынды тұлғаларымыз баршылық. Олардың қатарында Халық әртісі Досжан Жанботаевтың, ҚР Еңбек сіңірген әртістері Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин мен Серік Бұлғақбаевтың, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаевтың, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Хамзиннің есімдерін ерекше атаймыз.

Атқарылған жұмыс та, атқаратын жұмыс та жетерлік. Демек, бөлімнің алдында зор міндеттер тұр. Мақсатымыз – осы міндеттерді абыроймен орындап, көпшіліктің талап-тілегі үдесінен шығу.

Қаламыздың, аймағымыздың мәдени-тарихи құндылықтарын қалыптастыру, дамыту мен сақтауда мәдениет және өнер қызметкерлері маңызды қызмет атқарады. 2013 жылдан бері Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі 21 мамырда аталып өтіп келеді. Міне, төл мерекеміз де келді. Мереке қарсаңында әріптестерімді, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жезқазған қаласының атын дәріптеп, даңқын арттырып, ұлттың өнерін, мәдениетін қалыптастыруға, рухани мұраны сақтауға қомақты үлес қосып келе жатқан әріптестерге денсаулық, ізденістерге қажетті қүш-қуат, шығармашылық табыстар тілеймін.

Гүлзада Шомаева,

Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

12:00
1071

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020