ҚҰТҚАРУШЫЛАР САҚТЫҚҚА ШАҚЫРДЫ

Күн ысыған сайын су жағасын жағалайтындардың да саны артатыны белгілі. Біздің қаламыздағы негізгі суға түсу аймағы – Кеңгір су қоймасы. Қазіргідей күн райы 30 градустан төмен түспей тұрған уақытта Кеңгір суына түсіп, жағалауында демалыс ұйымдастыратын тұрғындар да көбейе түседі. Дегенмен қауіпсіздік сақталмай суға түсудің соңы өлім жағдайына душар ететінінін естен шығармау қажет. Қала бойынша 2019 жылы 4 адамның, 2020 жылы 6 адамның ажалы судан болған. Былтыр суға түсіп қайтыс болғандардың 4-еуі мас күйінде суға түскен және рұхсат етілмеген аймаққа шомылған. Сондай-ақ, екі бала суға түсіп қайтыс болды. Биылғы суға шомылу маусымында қайғылы жағдайлардың алдын-алу және болдырмау мақсатында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасарлары, подпоковник Сұлтан Ахметов пен азаматтық қорғау майоры Дидар Құйқабаев брифинг өткізді. 

Осы жылы қалалық бюджеттен суға шомылу маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 560 мың теңге бөлінген. Карантинге байланысты Кеңгір жағалауында «Кенші» демалыс аймағынан бөлек орындар жұмыс істемейді. Судан құтқару шаралары үшін 7 металл қайық пен 3 үрлемелі қайық жұмылдырылған.

Брифинг барысында жаз маусымында аса сақтықты қажет ететін тақырып – дала өрті жайы да қозғалды.

– Былтыр 147 га көлемде дала өрті орын алды. Биыл Кеңгір елдімекені маңындағы 10 га жерді өрт шарпыды. Біздің өңірде өзге аймақтардағыдай орман көп болмағандықтан дала өрті аса көп орын ала бермейді. Есесіне жеке саяжайлардағы өрт саны азаймай тұр. Былтыр 21 саяжайды өрт шалса, биыл 9 саяжайда өрт оқиғасы тіркеліп үлгерді. Газ баллоны жарылуы нәтижесінде екі адам ауыр жарақат алды. Қаламыздағы 1230 саяжайға иелік ететін 3300-дей тұрғын бар. Олардың көбі электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбайды немесе мас күйінде өртке себепші болады. Көбіне өрт темекі тұқылын сөндірмей кеткеннен, электр құрылғылары салдарынан орын алады. Қазіргі таңда әкімдік қызметкерлері, полиция басқармасы мен төтенше жағдайлар басқармасының өкілдерінен құралған мобильді топ жұмыс істейді. Олар өрт жағдайы болуы мүмкін жағдайларды тексереді. Бүгінге дейін өрт қаупі бар 8 саяжай иесіне түсіндірме жүргізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды, – деген Дидар Құйқабаев әрбір саяжай иесі кем дегенде 200 литрге дейінгі су қорын сақтауы қажетін еске салды.

Төтенше жағдайлар басқармасына көмек ретінде 5 ерікті құрам жасақталған. Оның құрамында 30 адам мен 4 техника бар. Ерікті құрам Кеңгір су қоймасы мен ауылдық елді-мекендердегі төтенше жағдайларды, табиғаттың тылсым апаттарына қарсы тұрғындарға жәрдемдесетін болады. 30 құтқарушы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тартылып отыр.

Соңғы кездері балалардың терезеден құлап кету жағдайлары да жиілеген. Облыс бойынша 1 мен 8 жас аралығында 7 бала терезеден құлап кеткен. Олардың алтауы дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, жеңіл жарақат алуына байланысты аман қалған. Ал 21 мамыр күні Шахтинск қаласындағы екінші қабат терезесінен құлап түскен бала әлі ес-түссіз жатыр. Осындай оқыс жағдайдың орын алмауы үшін терезеге темір торлар орнатуды, балкон есіктерін ашық қалдырмау қажетін айтқан төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды тапсырды.

13:31
648

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020