​ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЖАҢА СПОРТ АКАДЕМИЯСЫ ҒИМАРАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Халықаралық балаларды қорғау күнінде жезқазғандық өрендерге « CK  Namys» қоғамдық қоры тамаша тарту жасады. Атап айтқанда « CK  Namys» спорттық-сауықтыру кешені жанынан « W orkout» тренажерлер алаңы ашылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт академиясының алғашқы кірпіші қаланды.

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаровтың қатысуымен өткен салтанатты шарада спорт нысанының шәкірттері мен жаттықтырушы-бапкерлері шағын шеберлік-сыныптарын көрсетті. Еліміздің көк байрағын әлемдік аренада тұғырға көтеретін болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жатқан Серік Керімбеков бастаған ұжымға алғысын білдірген шаһар басшысы республикалық турнирде жүзден жүйрік шыққан жас боксшылар Санжар Жақсылықты, Санжар Кожухов пен Сұлтан Балмұханбетті марапаттады.

Одан кейін Қайрат Бектайұлы мен Серік Сүйгенбайұлы «Киелі Сарыарқа даласында, мысты өңірде дені сау ұрпақ тәрбиеленуде, аймақта спорт саласының дамуына үлкен үлес қосатын осындай спорт нысандарының қатары көбейе беруіне тілектеспін. Дәл осы спорт академиясынан байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатар, әлемге әйгілі чемпиондар шығатынына сенімдімін!» деген мәтінде болашаққа хат жазылған капсуланы балалар мен жасөспірімдерге арналған «CK NAMYS» спорт академиясының іргетасына бірге қалады.

2022 жылы құрылысы аяқталатын «CK NAMYS» спорт академиясының ауданы 5 мың шаршы метрді құрамақ. Үш қабатты нысанда спорт залдары, 200 балаға шақталған интернат, асхана мен әкімшілік бөлмелері жасақталады.

Бүгінде «Жастар» саябағының аумағында орналасқан «CK NAMYS» спорттық-сауықтыру кешенінде спорттың 6 түрі бойынша 1000 жас тегін тәрбиеленуде.

Диана ОРАЗАЛИНА

10:45
689

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020