​ҚАЛАМГЕР РУХЫНА ҚҰРМЕТ

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Шапағат», «Талайды таңырқатқан жырау едім», «Сағымсары», «Сыр мен Арқа саздары»,«Жарық сәуле», «Жүрегімнің шуағы», «Қасиетті мекен», «Жүректегі ырғақтар» атты поэзиялық, «Сыр мен Қырдың перзенті», «Дария көңіл, тау мүсін», «Дария-ғұмыр», «Қарсақбайлық қайсар ұл» (Г. Мұсабековпен бірге), «Бекзат ғұмыр», «Арыстанбай батыр» атты прозалық, публицистикалық жинақтардың авторы, ақын, публицист Ибрагим Бекмаханұлы көзі тірі боғанда биыл жетпіске толар еді. Мерейтойына бір жыл қалғанда ажал құрығына іліккен қарымды журналист, ақтаңгер ақын торқалы тойын сүйікті мекені Жезқазғанда дүркіретіп думандатуды жоспарлаған екен. Жазмыштың жазғанынан оза алмаған аға арманын орындауды парызы санаған жары Мәкіш ана мысты шаһарға келіп көзі тірісінде Ибрагим ағамен аралас-құралас болған жора-жолдастарына ас беріп, еске алу кешін өткізді.

Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрында өткен «Жалғастырып Сыр мен Қырдың саласын» атты кеште ақын өлеңдері оқылып, әдеби-сазды көріністер қойылды. Сыршыл поэзия мен жалынды рухқа толы кеште көз көрген замандастары Ибрагим аға жайлы естеліктерін ортаға салды.

— Менің телеарна саласындағы ұстазым – Базарбай Әлеуханұлы болса, мерзімді басылымда жөн сілтеп, ақыл-кеңесін аямаған жан – Ибрагим Бекмаханұлы. Ол өте ақкөңіл, ақжүрек адам еді. Жезқазғанда басталған әріптестік Қарағанды да жалғасты. Оның сөздік қоры, журналистік қарымы, тіл байлығы тым ерекше еді. Маңғаз қалпы жүрген жерін жарықтандырып, айналасын нұрға бөлейтін. Ол өз ісін сүйіп істейтін. Ағамның Қарағанды да өткен алпыс жасын мен басқарған едім. Сонда риза болған ол жетпістегі тойын да маған тапсырмаққа ниеттенген. Ол күнге жете алмадық. Аға мен іні болып әзіліміз жарасушы еді. «Орталық Қазақстан» газетінде бірге қызметте болған кездері Алматыға көшкелі жатқанын естіген мен «Торғайды жауып, Жезқазғанға келдің. Жезқазғанды жауып Қарағандыға келдің. Енді Қарағандыдан Алматыға аттанбақсың. Алматыны да жауып тастап жүрме» деп әзілдеген едім. Сонда ағам: «Алматы менің бетімді жаппаса, менің жабуға шамам жете қоймас» деп еді. Сол сәт осы сөзінің шындыққа айналарын білдік пе?!-деп күрсінген қаламдас інісі Ерсін Мұсабеков ағаға деген сағынышымен бөлісті.

Келелі жиында сөз алған замандастары мен іні-бауырлары Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы Ибрагим Бекмаханұлы шығармашылығының драматургтік, Сыр сүлейлерін зерттеген ғалымдық, өлкетанушылық қырлары туралы да сөз етті.

Шара соңында сөз алған Ибрагим Бекмаханұлының жары еске алу кешін өткізуге атсалысқан жезқазғандық зиялы қауым өкілдеріне шапан жауып, алғысын білдірді.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

17:18
4359

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020