​АҚ ХАЛАТТЫЛАР АРДАҚТАЛДЫ

Медицинаның атасы атанған Ибн Сина: «Дәрігерде үш қару бар: сөз, өсімдік, пышақ» деп тән дауасымен қатар жан дауасына да шипа болған ақ халаттылардың орнын ежелден-ақ айқындап берген. Ия, қашан, қалай алып қарасақ та дәрігердің орны төрде екені сөзсіз. Себебі сәл ғана басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса көмек сұрайтын осынау жандардың толассыз ізденісі мен ерен еңбегінсіз тіршіліктің тамыры тереңге жайылды.

Маусым айының әр үшінші жексенбісі тойланатын медицина қызметкерлерінің мерекесінде қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова сала мамандарымен кездесіп, биыл үздік деп танылған дәрігерлерді марапаттады.

– Қаламыз бойынша 18 денсаулық сақтау мекемесінеде 1694 азамат еңбек етсе, олардың, ал 1303-і – медқызметкер, ал 391-і – дәрігерлер екен. Әлемді жайлаған пандемия кезінде барлық жезқазғандық ақ халаттылар алдыңғы шепте аянбай еңбек етті. Олардың қай-қайсы да жоғары марапатқа, шексіз құрметке лайық. Биыл 60 жерлесіміз мемлекеттік маңызды түрлі мадақтамалармен, төсбелгілермен марапатталды. Мереке қарсаңында аймағымызда, қаламызда күн-түн демей еңбек етіп, тұрғындар денсаулығын қамтамасыз етіп жүрген барша денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Бастысы – сіздердің денсаулықтарыңыз мықты болсын. Сіздер аман болсаңыздар барша халықтың дені сау болады, – деген Зина Жұманазарқызы марапат иелерін ортаға шақырды.

Алғашқы болып сый-құрметке бөленіп, кеудесі құшақ гүлге толған ардагер-дәрігер, Жезқазған қаласы жоғары медициналық колледжінің хирургия пәнінің оқытушысы Садықбек Қасенов болды. Ұзақ жылғы еңбегі және қызметтегі толайым табыстары үшін Садықбек Қасенұлына «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды.

Аталған саладағы жоғары дәрежелі марапат – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасын Жезқазған қаласы көпбейінді ауруханасының дәрігері Қанат Әбілғазиева иеленді.

Одан әрі «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иелері анықталды. Аталған төсбелгіні иеленген жезқазғандық білікті мамандар қатарында «Жезденсаулық» ЖШС-нің директоры Фатима Ахметова, «Бексейітова» ОДА-сының жалпы тәжірибе дәрігерлері Феруза Жанпейісова мен Гүлсім Сүлейменова бар. «Мейірім» төсбелгісі «Бексейітова» ОДА-сының аға медбикесі Назым шамкенова бұйырды.

Зина Жұманазарқызы «Кәсіби жетістіктері үшін» төсбелгісін «Әбілдинова» ОДА-сының директоры Әдиша Әбділда мен Жезқазған қаласы көпбейінді ауруханасының «Ана мен бала» орталығының басшысы Ақерке Есболатоваға, «Жезденсаулық» ЖШС-нің жалпы тәжірибе дәрігері Батима Бексауытова мен «Жүрек» ОДА-сының бас мейірбикесі Оксана Кудашоваға, «Тильман» ОДА-сының жалпы тәжірибе дәрігері Ардақ Исаева мен Жезқазған көпбейінді ауруханасының дәрігері Әбдіқадыр Сәрсенбай мен «Көшімбаева» ОДА-сының жалпы тәжірибе дәрігері Ирина Касимоваға және «Әсия» тіс емханасының тіс дәрігері Гауһар Битеноваға табыс етті.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН 

17:25
388

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020