«ЖЕЗҚАЗҒАН-ҰЛЫТАУ АЙМАҒЫ ӘЛІ ДЕ ЗЕРТТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ»

«Ұлт ұясы» атанған Ұлытау өңірі тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштерге өте бай. Бұл өңірдің құт пен қасиет дарыған тарихы кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінде: «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген  хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп,  ерекше құрметпен қараймыз!» деп, бұл аймақты туристік орталыққа айналдыру жұмыстарын жүзеге асыру міндетін  жүктеген болатын. Соған сай өңірдегі көне ескерткіштер қайта қалпына келтіріліп, бірқатар жаңа нысандар ашу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, «Ұлытау аймағындағы археологиялық зерттеу жұмыстары бәсеңдеп қалған жоқ па?» деген сұрақ көпті алаңдатыны сөзсіз. Осы мәселені нақтылау мақсатында археолог, PhD Айбар Қасенәлімен сұхбаттасқан едік.

– Айбар мырза, сөз басын қызығы мен шыжығы мол археолог кәсібін таңдауыңызға не түрткі болғанынан бастасақ. Археология саласына қалай келдіңіз?
– Бала күнімнен отбасымызбен әр түрлі өңірлерге барып, саяхат жасап, сол жерлердің табиғатымен танысқанды жақсы көретінбіз. Дегенмен, маған «Сен қалайда археолог болуың керек!» деген талап қойылмады. Мен Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-
интернатында білім алдым. Ондағы ұстаздарымның да әсері болар, тарих пәнін сүйіп оқыдым. Маған әлем тарихының түзілуін, адамзат өркениетінің бүгінге дейінгі қалыптасу кезеңін тереңірек білу ұнайтын. Содан 11-сыныпты аяқтаған соң Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің археология және этнология кафедрасына оқуға түстім. Бакалаврды 2008 жылы тәмамдап шықтым. Археология саласына кеңінен бойлай отырып, білімімді одан әрі де жетілдіруге шешім қабылдадым. Осылайша магистратураға түстім, одан кейін PhD ғылыми дәрежесін қорғап шықтым. Менің докторлық диссертациям Орталық Қазақстан өңіріндегі қола мен темір дәуіріндегі өтпелі кезең тарихына арналды. Осы арқылы Доңғал қорымы, Қаратал ескерткіштері, Тағыбай-бұлақ қонысы тағы да көптеген орталық өңірдегі тарихи-археологиялық орындарды зерттеуге мүмкіндік туды. 
Бұған дейін осындай жеке қарастыра зерттеген тақырып болмаған еді. Сол арқылы мен де Орталық Қазақстан жерінің тарихына тереңірек бойлай түстім. Ғылым жолында бас-көз болып, тура жөн сілтеген тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов пен тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Жәкен Таймағамбетов сынды ұстаздарыма айтар алғысым шексіз.
– 2019 жылы Жезқазған-Ұлытау аймағына арнайы атбасын бұрып, мұндағы тарихи орындармен танысқан едіңіз. Осы іс жалғасын тапты ма?
– Сол жолғы сапарымыз арқылы Ұлытау аймағындағы қола, темір, кейінгі орта ғасырлардағы ескерткіштер жайлы тың мағлұматтармен танысып, білімімізді толықтырдық. Сіздердің аймақтарыңызда қазақстандық тарихтың шоқтығы биік көне жәдігерлері саналатын Алаша хан, Жошы хан, Басқамыр, Аяққамыр, Домбауыл батыр сынды көне ескерткіштері бар. Осыған қарап-ақ Ұлытау өңірі кезіндегі саяси-экономикалық, идеологиялық аймақ болғанын байқаймыз. Бұл өңірді туристік нысанға айналдыру бастамасын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді. Соған сай зерттеу жұмыстары жүргізіле бермек. Ұлытау аймағының әлі де ашылмаған тарихы жетерлік деп ойлаймын.
– Болашақта нақты қандай зерттеу жұмыстары жүргізілмек?
– Бұған дейін сол өңірде өмір сүрген халықтардың дүниетанымы, мәдени-материалдық тұрмысы жан-жақты қарастырылған болатын. Ол әлі де жалғасын табуда. Алдағы уақытта Ұлытау аймағында жатқан тарихи тұлғалар сүйектеріне генетикалық талдау жүргізіп, олардың нақты кескін-келбетін, жасын анықтайтын боламыз. Осы мақсатта Назарбаев университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Ұлттық музей ұжымы Жапониядағы ұлттық генетикалық орталық және Ирландиядағы бірқатар маңдайалды университеттермен бірлесе жұмыс істейтін болады. Бізге дейін зерттеу жүргізген ғалымдар мұнда жатқан мүрделерге біршама сипаттама берген, жасына да болжау жасаған. Дегенмен, дамыған озық технологиялар көмегімен нақты деректерге қол жеткізу тиімді екені талассыз. Біз де генетикалық сараптама жасайтын лабораториялар жоқ. Сол үшін шетелдік лабороториялар зерттеуіне кезекке тұрамыз. Осындай лабораторияларды өз елімізде де ашса деген тілегіміз бар.
– Ұлытау өңіріндегі көне тарихпен жіті таныс кейбір ақсақалдар мен өлкетанушылар мұндағы орта ғасыр ескерткіштерге жасалып жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстары бұл жәдігерлердің сыртқы және ішкі бейнесі түпнұсқасынан алыстап кеткеніне қарсылығын білдірді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?
– «Біткен іске сыншы көп» демей ме?! Жергілікті тұрғындар арасынан кейбірінің қарсы пікір білдіруі қалыпты жағдай. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан іс алдын ала жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген шаруа екені сөзсіз. Туристер назарын аудару үшін оларға көрсетер жәдігерлер де эстетикалық талапқа сай болғаны жөн.
– Қазіргі қазақ археологиясының беталысы көңіліңізден шыға ма?
– Бізде білікті тарихшылар тап-
шы. Археолог мамандар жұмысы да жүйелілікті қажет етеді. Археолог болу – кез келген жерді барып, жөн-жосықсыз қаза беру емес. Біз нақты деректерге сүйене отырып жұмыс істейміз. Қазіргі қазақ археологиясына заман талабына сәйкес арнайы қосымша, яғни платформа қажет. Сол арқылы қай жерде қандай жәдігер жатқанын, олардың саны қанша екенін оңай бақылау мүмкіндігі туады. Осы мақсатта түрлі жобалар қолға алынуда. Қазіргі археология бұрынғыдай барлығын қазып зерттеуді емес, кішкентай бір жәдігер арқылы мол мағлұмат базасын қалыптастыруды мақсаты етіп отыр. Бұл дамыған елдердің археология ғылымы тәжірибесінде біраздан бері қалыптасқан. Бізде бірте-бірте осыған келе жатырмыз. Қазақ даласы әлем жұрты қызыға көз тастайтын адамзат үшін маңызды құнды деректерге бай. Дегенмен, біз оларды толық зерттеп бола алмай жатырмыз. Оның бір себебі – жел, жаңбыр сынды табиғат құбылыстарының әсерінен жәдігерлердің бастапқы қалпынан айрылып қалып жатқанымыз болса, екіншісі – антропогендік факторлар, яғни, адам қолымен жасалған факторлар. Кейбір құлқынның қамын күйттеген жандар тарихи орындарға арнайы техникаларымен барып, ол жердегі көне жәдігерлерді бас-көзсіз ақтарып, пайдалы, қымбат металл бұйымдарды қазып алып кетеді. Оны ашықтан-ашық саудалайтындары да жетерлік. Біз осылайша өз қамымызды ойлап, мыңдаған жылдық тарихымызды жоқ қылып жатырғанымызды ескермейміз. Осындай адамдарды көргенде ащы өкініш кернейді. Мұндай олқылықты болдырмау үшін заңды органдар тарапынан қадағалау күшейтілсе дұрыс болар еді.
– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет. Ісіңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан
Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН
18:15
1507

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020