«ҚАРА КАССА» ҚАРАБЕТ АТАНДЫРМАСЫН

Соңғы күндері әлеуметтік желіде желдей есіп, қалың жұртшылықтың есін алған «Черная касса», «Котел» ойындары туралы естіген боларсыз. Ойынның шарты да бір қарағанда өте қарапайым. Арнайы құрылған кесте бойынша 14 300 теңге жарна салып, артыңыздан екі адам әкелуіңіз керек. Әлгі екі адам да өз арттарынан тағы екі адам қосуға міндетті. Осылайша ойыншылар қосылған сайын алдыңғылары «басты сыйақы» 114 мыңға жақындай түседі. Артыңыздан жиналғандар саны 14 адамға жеткен соң сіз автоматты түрде уәде етілген ұтысқа ие боласыз да ойыннан шығасыз. Тағы пайдаға кенелгіңіз келсе ойынды басынан бастайсыз.

Міне, дәл осындай мәтіндегі хабарламалар неше күннен бері көп адамның телефонына тыныштық бермей жатыр. WhatsApp желісіндегі кез келген топта осы әңгіменің гуілі басылар емес, керісінше өршіп бара жатқандай. Әлгі 114 400 теңгеге шынымен қол жеткізген таныстарыңызды көргенде ойланып қалатыныңыз да жасырын емес. Аталмыш ойын тек біздің елімізде ғана емес, Орта Азия елдерінің көпшілігінде үлкен танымалдыққа ие болуда. Ел арасында ойын «Kaspi.kz» банкінің ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр деген қауесет те тарады. Бұл мәселе бойынша ресми жауап берген банк «Котел» ойынына еш қатысы жоғын және ешқашан қаржы пирамидаларына қолдау білдірмейтінін мәлімдеді.

Ойынның үгітшілері алаңдауға негіз жоғын айтып, «насихат» жұмыстарын жалғастыруда. Топпен ойналатын «котелде» ауызбіршілік пен «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қағида маңызды. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген қазақтың мақалы да қазір ойыншалар арасында өзекті болып отыр. Өйткені, ойынға келген адам соңынан адам жинамайтын болса, ойын тоқтап қалады.

Ал, ойынға қарсы екінші тарап өкілдері бұл да қаржылық пирамиданың бір түрі екенін айтып дабыл қағуда. Соған сай, еліміздің білікті экономистері де өз пікірлерін білдіріп, оңай олжа болмайтындығын айтып сақтыққа шақыруда. Мәселенің мән-жайын нақтылау мақсатында біз де қаламыздағы заңгер маман Орынбасар Тастанбаевқа хабарластық.

–Бұл ойынның да қаржылық пирамида екені анық. Еліміз бойынша 2018 жылы қаржылық пирамидаға ақша салып, жапа шеккендерден 103, 2019 жылы 23, 2020 жыл басталғалы 4 шағым түсіп, алаяқтық іс қозғалған екен. Алданғандар бұл цифрдағыдан да кһп болуы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда азаматтар өз қаржысын қайтара алмайтындығын ұғынып, заң органдарына жүгінбейді. Бұны күнделікті көріп те, естіп те жүрміз. Шындығында, қаржы пирамидасы іспеттес барлық ойындардың көздегені бір-ақ нәрсе, ол — өзіңе пайда келтіру. Ақша деген – жақсы дүние, әрине. Ақша көбейген сайын үсті-үстіне молайса екен дейміз. Дегенмен, бұндай қаржылық пирамидаларға ақша салып, бірнеше рет ұтқаннан кейін одан әрі құнығып, едәуір көлемдегі қаржысын салып жібергендер де аз емес. Сол көрсеқызарлық пен өз-өзін тоқтата алмаушылықтың салдарынан 5 миллионға дейін қаржысынан айрылғандар бар. Ойын шынайы қалыпта жүргізіліп жатыр дегеннің өзінде өз қалтасы қампайғаннан кейін өзінің ізінен ерген адамдарға күл болмасаң бүл бол дейтіндердің де бар екендігі рас. Міне, сол жағдайда пирамиданың басында тұрған адамға ғана уәде етілген мөлшердегі сома түседі. Ал одан кейінгі тіркелушілерге ше? Оларға обал болмай ма? Бір адам толығымен 14 адамды жинап, әлгі 114 400-ге қол жеткізді делік. Одан кейінгі, пирамиданың соңғы жағында тұрған жандар не істемек? Олардың бәрінің соңынан сеніп, қаржысын сала беретін адам ермейді ғой. Міне, бұл жағдайда қаржылық пирамиданың соңғы жағында тұрған қатысушылардың қатысу жарналары босқа күйіп кетеді. Сол себепті, осындай жағдайлардың орын алмауы үшін мен де басқа экономист, заңгер әріптестерімнің сөздерінің жаны бар екендігін растаймын. Одан да сол ойынға құйған ақшаңызды банкте сақтағаныңыз немесе басқа да игілікке жаратқаныңыз құба-құп болады, әрі бұл ең сенімді тәсіл, – деді.

Байқағаныңыздай бұл ойынның қаржылық пирамидадан еш айырмасы жоқ. Осы ретте, біз оқырман қауымға ақша пирамидасын құру заңмен қудаланатынын ескерткенді жөн көрдік. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» деп аталатын 217-бабы бойынша қаржылық пирамиданы құрған және ұйымдастырған адамға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылады. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.

Осынау «Черная касса» немесе «Котел» ойынымен кеңірек таныспақ мақсатта бізде аталған ойынға қатысушылар жинап жатқан WhatsApp чатындағы топқа тіркелдік. Топтағы жағдай көңіл қуантарлық дей алмаймыз. Бірінші болып ақша салған адам өзіне керекті соманы жинап алған соң топтан шығып кеткен. Ал оның сөзіне еріп соңынан ерген өзге ойыншылар өздері қажет адам санын толтыра алмай әлек болуда. Әлеуметтік желілер мен сайт беттерінде бұл ойынның қалтаңызға қауіп төндіретіндігін айғақтайтын журналистік зерттеулер көбеюі себепті көп адам әу бастағыдай емес, бұларға сеніп, ақша салудан бас тартқан. Сонымен, 114 400 таппақ түгілі, қалтасындағы 14 300 теңгесінен айрылған ойыншылар соңынан ерткен ағайын-туыс, дос-жаран мен таныс-тамыр алдында абыройсыз қалуда. Ойсыз ойынның соңы осындай абыройсыздыққа душар ететініне тағы бір көз жеткіздік. Қанша дегенмен табан ақы, маңдай термен табылған нан адал ғой. Басқасына бас қатырып қайтесіз.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

18:53
533

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020