ТЕЛЕАРНАНЫ ТӨРГЕ СҮЙРЕГЕН

Сауысқандай сақтық пен нақтылықты, күн сәулесіндей жылдамдық пен ұшқырлықты талап ететін ақпарат айдынында өндірісті өлкенің тіршілік тынысын айқындап, өмірі мен өнерінен, кәсібі мен нәсібінен хабар тарататын алпыс жылдық тарихты еңсерген «Дидар» телеарнасы жыл сайын жаңарып, жасарып келеді. Бұл – телеарнадағы кадр мәселесіне де қатысты.

Телеарна қызметі режиссерсіз бір қадам да ілгері баспасы анық. Эфирге дайындалған әрбір бейнематериалдың басты компоненттері саналатын дауыс, оқиғаның дыбыстық бейнесі, музыка, шу тағы да сан түрлі көркемдік элементтерді біріктіріп, үйлестіріп отыратын маман міндетін жергілікті телеарнада абыроймен атқарып жүрген режиссер – Нұрталап ШАРАПАДИН.

Эстетикалық кескін мен көрермен талғамын басты орынға қоятын ол бұл салаға тез үйрену, машықтанып, сіңісіп кету оңай емесін айтады. Ия, телехабар тарату ісін жітік меңгеріп, өзгелерден бөлек заманауи техникалармен шебер де икемді жұмыс ұйымдастыру, монтаждау тәсілдерін жітік меңгеру біршама уақытты талап етеді. Экран сыртындағы кез келген көрерменге видеоны түсірілген қалпы шала-жансар күйде ұсына салмай қажетсіз тұсын қиып, өңдеп, әрлеп, әдемілеп ұсыну керектігін тойшыл қазақтың кезекті бір тойында Марат есімді видеограф ағасынан көріп-білген Нұрталаптың осы салаға деген қызығушылығы арта түскен. Әуесқойлықпен видео монтажын жасауды меңгерген ол өз қарымын телеарнада байқап көргісі келеді. Осы тұста оған түскен ұсыныс та зор жауапкершілікті талап ететін міндетке ие болды. Ол 2008 жылдың тамыз айында Сәтбаев қаласында ашылған «СТА» телеарнасын ашуға үлесін қосты. Жаз басталысымен жаңадан ашылып жатқан телеарнаның негізгі жұмысын өз жауапкершілігіне алған ол бас режиссерлік қызметте ерінбей еңбек етті. Өзінен кейінгілерге де білгенін үйретуден аянып қалмады.

Ол республикалық телеарнада да бағын сынап көрді. 2012 жылдың басынан соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында тікелей эфирдің ресжиссері болған ол өзі жинаған тәжірибелерін іске асыру үшін туған жерге оралды.

Нұрталап Шарападиннің режиссерлік мансабында қара шаңырақ саналған «Дидар» телеарнасының орны айрықша. Ол өзіне жолбастау болып, жөн сілтеген сүйікті мекенінде 2013 жылдың қаңтарынан бастап іске кірісті. Телеарна саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтап қалған ол ағалар үзігін жалғай білді. Аталған телеарнада 2017 жылға дейін қызмет еткен ол өзін жаңа қырынан да сынап көруге бел байлайды. Өзі бітірген жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша да жұмыс істеп көруді жөн санаған ол «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалында бірнеше жыл еңбек етті. Дегенмен ешкімнің де жүрек қалауына қарсы шыға алмасы анық. Өзі ұнататын кәсібіне қайта оралуды жөн деп тапқан ол 2020 жылы ақпарат айнасына айналған «Дидарға» қайта оралды. Міне содан бері аймақ жұртына сапалы да сүбелі хабарлар мен бағдарламалар ұсынып келеді.

Ақпараттық тартыс майданында алдыңғы шепте жүретін ол, әрине — бейнеоператор. Телеарна жұмысын бейнеоператорсыз елестете алмайтынымыз ақиқат. Жас та болса, Жезқазған-Ұлытау жұртына өзінің ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен танылып, білікті маман ретінде зор әлеуетін дәлелдей білген жандардың бірі – Думан ОРАЗОВ. «Бейнеоператор болу деген – камераны ұстап алып, оңды-солды жан-жағыңды кадрға алып, түсіре беру емес. Ол – дәлдікті, терең ойлауды, жылдамдық пен жедел ойлануды талап етеді. Оператор әлемге өзгелерден бөлек қарауға, жалпы ерекше ойлап, көркем ой қорытуға дағдыланады» деген ол өз жұмысын ерекше сүйетінін айтты. Думан да операторлық жолға Нұрталап секілді Марат Қалиев ағасының жөн сілтеуімен келген. Алғашында той-думанды таспаға түсірген ол бара-бара шыңдала түседі. 2013 жылы «Дидар» телеарнасына келіп, жұмысқа орналасады. Мұнда да ақылман ағалардың арқасында алға озып, таудай талабымен көзге түседі. Міне содан бері аймақ арнасында талай-талай тарихи оқиғаларды таспаға жазып, талапшыл да талғамы биік көрерменге камераның сиқырлы күшін, қуатты қыр-сырын дәлелдеп келеді. Билік пен халық, көрермен мен шығармашылық топ арасындағы басты байланыстырушы құрал — камера. Сол камераны басқарып, тілін тапқан Думанның жұмысы қашан да мақтауға тұрарлық.

Думан қас-қағым сәтті камераға түсіретін осы өнерімен жеке кәсібін де дөңгелетіп отыр. Қала тұрғындарының көбіне белгілі «Diamond studio» орталығында операторлық қызметтен бастап, ғимарат маңдайшаларын әзірлеу, фото сынды қызметтер көрсетеді. Тәуелсіздігімізбен түйедей құрдас Думан осы жылы ордалы отызға аяқ баспақ. Бүгінде бір ұл, бір қыз дайындап отырған ол бағындырар белестер әлі де мол екені анық.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

13:44
485

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020