ОБЪЕКТИВ ШЕБЕРІ

«… Адам бір орында тұрмауы тиіс. Ұдайы ізденіп, бейтаныс көкжиектерді бағындыруы тиіс. Сонда ғана оның ғұмыры мәнді де сәнді болмақ» дегенді өмірлік ұстанымы еткен бүгінгі кейіпкеріміз – Виктор ШАВНЕВ. Өзін сан түрлі салада сынап көрген ол фотоаппаратты серік еткеніне де міне 14 жылдың жүзі болыпты.

Кәсіби фотограф ретінде еңбек жолын біздің газеттен бастап, кейін «Жезказганская правда» басылымында жалғап, қазіргі таңда Эльвира Алпанбаева басшылық ететін орыс тілді «Жезказганский вестник» газетінде тынбай еңбек етуде. Туған жері Жезқазғанның құрдасы Виктор Иванович алпыстың асқарынан асса да сүйікті ісінен алыстамақ емес.

Адамдармен араласудан, фотоаппараттың әр «шыртылынан» ләззат алатын ол еңбекке ерте араласты. Сегіз жылдық мектепті бітірген соң, бір жыл бойы №36 училищеде ағаш шебері мамандығын игеріп шыққан өрімдей жас әке жолын қуып, құрылысқа білек сыбана кірісті. Алаша хан даңғылындағы 2, Деев көшесіндегі 9 үйде Атасу кентіндегі 100 метрлік мұнара мен Жәйремдегі комбинатта Виктор Ивановичтің қолтаңбасы бар. Бүгінде ондаған отбасының құтты мекеніне айналған үйдің жанынан өткен сайын оның кеудесін мақтаныш кернейді. Еткен еңбегінің жемісі деген осы болар бәлкім?! Әскерге алынғанша өндірісте арматура жасап, теміржолшылар көлігін тізгіндеді. Борышын өтеп келген соң балығы тулаған Балтық теңізіне кетті. Ондағы мақсат — балықшаруашылығын араласу, ел мен жер тану. Жылдан аса уақытта Атлант мұхитына шығып, Англия, Канар аралы мен Анголаға барып, екі мәрте экваторды кесіп өтті. 1979 жылы туған жерге қайта оралып, педагогикалық институтты шет тілдер филологы мамандығы бойынша тәмамдаған Надежда Ивановнамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. Екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Татьяна Испания қаржы саласында еңбек етсе, ұлы Иван – Кемеровада жеке кәсіпкер.

— Кездескеннің бәрі ұлыңның жанына тарихи отаныңа қайтпайсың ба деп сұрайды. Мен оларға: «Менің үйім – Жезқазған» деп жауап беремін. Осында тудым, өстім, түледім. Маған оның әр тауы мен әр тасы ыстық, — деп ағынан жарылған Виктор Иванович өзінің өмірін Жезқазғаннан басқа жерде елестете алмайтынын айтады.

Ол болат құрылым басқармасында биіктегі жұмыстардың монтаждаушысы бола жүріп 1988 жылы Чернобыль атом электр стансасындағы алапат апатты жоюға алынды. Алты ай бойы күніне төрт минут апат орын алған 4 блокка түсіп, тазалау жұмыстарын жүргізген ол полк фотографын іріктеген конкурсқа қатысып, жүздің ішінен суырылып шықты. Сөйтіп бала күннен ермек еткен ісіне төселе бастады.

— Ең алғаш фотоаппаратты анам 1963 жылы әперді. Сол жылы картоптың мол өнімін алдық. Соны сатып, 12 рубльға «Весна»-ны алдық, — деп өткен шағын сағынышпен еске алған Виктор Иванович кейінгі жылдары «Смена», «Зинит», «Киев» сынды пленкалы аппаратпен түсіріп жүрді.

Үйінің бір бөлмесін фотолабораторияға айналдырып алған ол пленкадағы суретті қағазға басып шығарудың машақаты көп болғанын айтады. Сол заманда түсірілген фотоны шығару кемінде екі күнді қажет етеді екен. 2005 жылы цифрлы «Кэнон Про-1» фотоаппаратына қол жеткізген соң фото жасау көп уақыт пен күшті талап етпейтін болды. Мүмкіндіктері де молайды.

Күні бүгінге дейін өңірдің жылт еткен жаңалық пен жақсылығы оның фотообъективінің нысанасынан тыс қалмай, газет бетінеде жарияланған хабар не мақаланың мәнін келтіруде. 2007 жылдан бері қарай мысты өлкенің тыныс-тіршілігін арқау еткен фотолары Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорында сақтаулы.

Өлкенің фотошежіресін жасаған Виктор Шавнев газетке келгенге дейін мыс қорыту зауытының электролит цехында абыроймен жұмыс жасады. Табиғатты, қаланың көрікті жерерін түсіруді ұнататын фотограф – портрет жанрының да шебері. Ол фотосуретіне жан бітіріп, кейіпкерінің келбетін ғана емес ішкі жан дүниесін де оқырманға жеткізе алады.

Ортасында сыйлы, әріптестері арасында таптырмас маман Виктор Шавневтің еселі еңбегі әр жылдары облыс, қала әкімдерінің Құрмет грамотасымен еленді. Чернобыльдегі ерлігі мен фотожурналистикадағы шеберлігі үшін кеудесіне бір емес бірнеше мерекелік медаль да тақты.

Диана ОРАЗАЛИНА

13:52
463

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020