​ЭТНОАУЫЛ АШЫЛДЫ

«Заманына қарай адамы» десек те, салтын сақтаған қалпын сақтайтыны сөзсіз. Бұл сөзімізге ұлт көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан, халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды» деген пікірі де тұздық болары анық. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын кеңінен насихаттауда Жезқазған тарихи-археологиялық музейі көптеген іргелі істерге ұйытқы болып келеді. Соның бір парасы – «Білеуті» этноауылының ашуылуы. Аталған бағдарламаның «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында жүзеге асқан этноауыл музей ұжымы және «Көбес-Өтеу» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат еткен шараның тұсаукесер рәсімінде еңбек ардагерлері Есенкелді Саринов, Күнтуған Тақанұлы, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова сөз алып, шараның ұйымдастырылу мақсат, міндетімен таныстырды.

– Біз ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде де дәріптей аламыз. Біздің киген киімімізден, ішкен тамағымызға, қолданған әрбр бұйымымызға дүниежүзі халықтары таңданыспен қызыға көз тастайды. Данышпан ата-бабаларымыз оларға кейін жеткен тұрмыстық заттарды ерте кезден-ақ ойлап шығарып, қолданысына енгізген. Атқа мінуді ойлап тапқан көшпелілер мәдениеті, оның ішінде қазақ халқының өмір сүру дағдысы, табиғатпен үндесе тіршілік кешуі, барлық пайдалыны ертеден-ақ білуі, тұтынуы, үлкенді Құдайдай сыйлап құрметтеуі, кішіге барынша ізетті болып, қамқор болуы көпке үлгі болары даусыз. Біз, музей ұжымы, осындай мол мұрамызды дәріптер айтулы шараға тамшыдай болса да үлесімізді қосқанымызды мақтан етеміз, – деді шарада сөз алған Раушан Қапарова ақсақалдармен бірге тұсаукесер рәсімінің лентасын қиды.

Ақын, жыршы Мұханбет Бекмағанбетұлы арнау өлеңін оқып, көпшілікті қара сөзде шеберлігімен сүйсінтті.

Шараға қатысқан шеберлер жиылған жұртшылыққа этнографиялық жәдігерлер көрмесін таныстырып, «Ши тоқу», «Киіз басу», «Құрақ көрпе құрау», «Бауырсақ пісіру», «Құрт жаю» шеберлік сабақтарын көрсетті.

Одан әрі көрермендерге ұлттық ойындарымыз таныстырылып, асық ату бойынша музей қызметкері Бейсенбай Ержігітов, садақ ату жөнінде бапкер Мейірімхан Ералиев шеберлік сабақтарын көрсетіп, толық мағлұмат берді. Шара «Ауыл кеші көңілді» атты мерекелік концертпен қорытыланды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:13
413

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020