​БАР ҮМІТ – ВАКЦИНАЦИЯДА

Бір жылдан аса уақыттан бері әлем жұртын абдыратып, сергелдеңге салған қауіпті індет коронавирус әлі де толық тізгінделмей келеді. Маусым айының соңғы күніндегі статистика бойынша CОVID-19 вирусымен дүниежүзінің 182 млн-нан астамы жуық халқы ауырып үлгерген. Оның ішінде 3 млн 953 мыңы өлімге душар болды. 167 млн-ы дертті жеңе білген. Біздің елімізде 57 мыңнан астам тұрғын коронавирусты жұқтырса, оның 423 мыңнан астамы жазылып шыққан. Өкінішке орай, 3 жарым мыңға жуық қазақстандық індет салдарынан көз жұмған.

Тарих қойнауына сүңгір болсақ, адамзат үшін аса қауіпті болған барлық аурулар мен жұқпалы дерттер екпенің көмегімен азайып, жойылып отырған. CОVID-19-дың да емі екпеге тікелей байланысты. Бүгінде еліміз бойынша екпе алғандар саны жалпы халықтың 10,3 пайызын ғана құрап отыр. Дегенмен міндетті екпе салдыруға қатысты қаулыға сәйкес алдағы уақытта аталған көрсеткіш мөлшері өсетіні анық. Ұжымдық иммунитеттің 60 пайызы вакцина алғанда ғана қалыпты өмір дағдысына қайта оралу мүмкіндігі туындамақ. Қазіргі таңда әлем жұрты жаппай екпе алуға көшті. Бүгінде өз еркімен екпе көмегіне жүгініп, өзінің және қоршаған ортаның қауіпсіздігін ойлағандар қатарында Ұлыбритания алғашқы орында тұр. Аталған мемлекеттің тең жартысы, яғни 50 пайызы екпе салдырған. Одан кейінгі орындарға АҚШ, Германия, Испания, Франция жайғасқан.

ДДСҰ CОVID-19 вирусының мүлде жоғалып кетпейтінін айта келе, оның жаңа мутациялары а пайда болатынын ескерткен еді. Айтса айтқандай-ақ, көп күттірмей жаңа вирустар тарала бастады. Олардың қатарында ең қауіптілері ретінде үнділік, британдық, бразилиялық және оңтүстік африкалық штамдарды айтуға болады.

SARS-Cov-2-нің дельта штаммы деген ғыыми атауға ие болған үнді штаммы алғаш рет биылғы наурыз айында Үндістанда анықталған болатын. Оның негізгі ерекшелігі басқа штамдарға қарағанда таралу, жұғу қаупі 60 пайызға жоғары. Вирус бір адамнан 5-6 адамға дейін таралып үлгереді. Бүгінде әлемнің 90 елінде анықталып отырған аурудың инкубациялық кезеңі – 7 күн. Оның антиденелерге төзімділігі тым жоғары. Сол себепті екпе салдырсаңыз да жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Оның негізгі белгілеріне буынның сырқырауы, іштің ауыруы, жүрек айнуы мен құсу, тамақтың ауыруы, іш өту, мұрын бітелуі және бас ауруы жатады.

Қайтадан «қызыл» аймаққа енген елімізде ауырғандар саны күрт өсті. Бұздан шығудың жалғыз жолы – әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адам көп жерлерге бармау, той-томалақтан бас тарту, әрдайым маскалық режімді сақтап, қолды жуу және екпе алу екенін естен шығармағанымыз абзал.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

08:33
414

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020