​НҰР-СҰЛТАН – ЖАСАМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҚАЛАСЫ

"ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігінің «Тәуелсіздік туралы  100 әңгіме » жобасынан.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, Мемлекеттік және саяси қайраткер, саяси ғылымдардың докторы

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астананы көшіру туралы өз идеясын ойында үкілеп, жүрегінде тербетіп жүрген кезеңде мен тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Үкіметінің құрамында Баспасөз және ақпарат министрі, вице-премьер, ҚР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқардым. Әрине, мен Президент республиканың өмірі мен болашағы туралы өз ойларымен және түбегейлі жоспарларымен бөлісетін әр түрлі жұмыс жиналыстарына және бейресми әңгімелерге қатысатынмын. Дегенмен, шынымды айтсам, ол астананы көшіру туралы өзінің жүрек түбіндегі қастерлі идеясын алғаш айтқан кезде, мен үшін бұл айтарлықтай күтпеген жағдай болды.

Сонымен бірге біз, Үкімет мүшелері және Тұңғыш Президенттің пікірлестері, алдағы елорданы көшіруге байланысты жауапкершілік сезімі мен оның өлшемін негізінен түсіндік және ұғындық.

Жаңа астананың 1998 жылғы 10 маусымдағы салтанатты тұсаукесерін, Президенттің әсерлі сөзін, Есілдің жағалауына Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңбаның келуін, Әнұранның орындалуын және, әрине, тұрғындардың шат-шадыман көңіл-күйін ерекше тебіреніспен еске аламын. Ол кезде бәрі де жаңаша болды, қала өзгеріп сала берді: көшелер жанданды, қоғамдық ғимараттар пайда болды, дауыл, боран және ауа-райының басқа да тосын сыйларына қарамастан, қысқа мерзімде тұрғын үйлер кешендері тұрғызылды.

Келген мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар алғашқы жылдардағы барлық коммуналдық қолайсыздықтарды, суық қонақ үйлерді, мұздап қалған котлеттер мен ыстық шайды – бәрін де түсіністікпен қабылдады және әзіл-қалжыңға айналдыратынеді. Бірақ табиғат біртіндеп жұмсарып, Нұр-Сұлтан өмір сүру үшін барынша қолайлы, әлемдік маңызы бар қалаға айналды.

Президент астананы көшіру туралы ресми Жарлыққа қол қойғаннан кейін, менің өз басым осынау үлкен жобаның сәтті болғанына еш күмәнданған емеспін. Мен әрқашан елордамыздның болашағына сендім және сене беремін. Ақорда, «Бәйтерек» монументі, Ұлттық академиялық кітапхана мен мұрағат ғимараттары, Министрліктер үйі, Нұржол бульвары, «Қазақстан» киноконцерт залы, керемет «Астана-Опера» театры, «Астана-Арена», «Хан-Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, ЭКСПО-2017 павильондары және тағы басқа да сол жағалауға көрік берген бірегей ғимараттар көз алдымызда бой көтерсе, қалай сенбейсің?

Бүгінде Нұр-Сұлтанның заманауи келбетті әрі шабыт шақыратын энергетикасы бар қала ретінде қалыптасқаны сөзсіз. Біздің жаңа астанамызды әлем жұртшылығы мойындады және соңғы 10-15 жылда оны нақты түрде еуразиялық кеңістіктің өңірлік орталығы деп атайды. Елбасының бастамасы бойынша әлемдік қауіпсіздіктің ең күрделі проблемалары бойынша аса маңызды халықаралық саммиттер, мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының кездесулері нақ біздің елордамызда болып өткені кездейсоқ емес.

Бұл бітімгершілік істердің қатарында 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ Саммиті оқшау тұр, онда 57 мемлекет, үкімет және халықаралық ұйымдардың басшылары тарихи Астана декларациясына қол қойды. Қазақстанның бас қаласында әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін де атамай өтуге болмайды. Осындай бітімгершілік шараның арқасында мұнда Сириядағы ауқымды соғысты тоқтату бойынша маңызды келіссөздер өтті.

Көптеген мемлекеттердің көшбасшылары, шетелдік сарапшылардың көпшілігі біздің жаңа астанамызға келгенде, НұрСұлтанның өңірлік саяси, экономикалық, бітімгершілік орталық ретіндегі зор әлеуетін әлденеше рет атап өткен болатын. Бұл биік белесті сақтау, қалай аяқталатынын болжау мүмкін еместігіне қарамастан, халықаралық процестерге белсенді қатысудың маңызы зор.

Елордамыздың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетістіктерін нығайтып, тиімді даму моделін жүзеге асыруды жалғастыра беруінің маңызы аса зор. Өйткені Нұр-Сұлтан тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде бейбітшілік, келісім мен прогрестің негізгі идеяларын жүзеге асыра отырып, барлық қазақстандықтарға үлкен пайда әкелетін жасампаздық пен жаңашылдық қаласына айналды.

12:22
475

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020