ШЕРТПЕ КҮЙДІ ТӨРГЕ ШЫҒАРҒАН

4 шілде – Ұлттық домбыра күні 

ШЕРТПЕ КҮЙДІ ТӨРГЕ ШЫҒАРҒАН

Күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбаймен сыр-сұхбат

Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайдың өмір жолының өрнектері Жезқазған өңірімен де тығыз байланысты. Ол Жезқазған музыка училищесінің түлегі. Бұдан әрі Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген соң өзі түлеп ұшқан училищеде оқытушы болып еңбек етті. Күйші, өнертанушы ретінде ол халқымыздың асыл мұрасын жаңғыртып, насихаттауда орасан зор еңбек сіңіруде. Жанғалидың орындауындағы халық күйлері «Мәңгілік сарын», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты және басқа да антологияларға енген. Радионың алтын қорына жазылғандары да аз емес. Дәстүрлі музыка саласында танымал болған көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Онға тарта күй жинақтарын, бірнеше методикалық оқу құралдарын жазды. Мәселен, оның 2007 жылы жарық көрген «Қазақтың шертпе күйлері» хрестоматиясынан бастап, күй өнерін зерттеп, зерделеген оннан аса оқу құралдары бүгінде өнер саласындағы білім ордаларында кеңінен қолданылуда. «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Ұлы даланың көне сарындары» секілді көптеген отандық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысқан. ҚР «Мәдениет қайраткері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің, ҚР Мемлекеттік стипендиясының бірнеше жылғы иегері. Қазақстан Конституциясына 25 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл мерекелік медальдарымен марапатталған. Өнер қайраткері биыл 60 жастың асуына шығып отыр. Ұлттық домбыра күні қарсаңында Жанғали Әлімханұлымен халқымыздың дәстүрлі күй өнері мен оның ерекшеліктері, күйшінің осы салаға қосқан үлестері, қазақтың қасиетті домбырасының құдіреті төңірегінде әңгіме өрбітудің сәті түскен еді.

— Жанғали Әлімханұлы, өзіңнің Қаратау қойнауындағы Созақта туып-өсіп Сүгір, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров секілді даңғайыр күйшілерден тәлім алғаныңа біршама қанықпыз. Сонымен қатар, өз әулеттеріңе де күй өнері қонған көрінеді. Әңгімені осыдан бастап, домбыраға қол созып, күй иіріміне алғаш бойлаған балалық шақтағы еліктеу мен талпыныстарды еске алып өтсек?

— Қадірлі Әужеке, біріншіден, өзіме ежелден таныс «Сарыарқа» газеті атынан мені елеп-ескеріп, сұхбаттасуға ниет білдіргендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Кейде ішкі дайындық болмаған соң сұхбаттан қашқақтайтын кездерім болады, енді оның әрқандай себептері бар. Ал, енді сіздің қолқалауыңыздың жөні мүлде бөлек. Жезқазғанның зиялы қауым ортасының жылуын көп көрдік, сол жылуды бойымызға жинақтап шығармашылық жолға сапар шектік. Сапарымыз жеміссіз емес.

Сауалыңызға байланысты айтар болсам, менің туып-өскен өлкем — Бетпақтың шөлі, сол бетпақты қақ жарып ағып жатқан Шу өзені, Қаратаудың теріскей беті. Бұл ел қобызшы Ықыластың, дала дәулескерлері — Сайдалы сары Тоқа мен Сармантай Дайрабайдың, Тама Сатыбалды мен Қоңырат Оңлыбайдың отаны. Осынау классиктердің өсіп-өнген, өнер көрсеткен, Арқа қазағының «жаз жайлаған, қыс қыстаған» киелі жері. Солардың тәлімін алған Сүгір Әліұлы еді. Ал, Сүгірдің шәкірттері Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров. Файзолла-төре Үрмізов секілді дәулескерлер де осы аймақтың тумалары. Мен жастайымнан осы кісілердің күйлерін жаныма жазып өстім. Жезқазған менің анамның, әжемнің елі. Батыр бабамыз Қоңыр Жиембеттің сүйегі Ортау-Қызылтауда жатыр. Сондықтан Арқа мен Бетпақтың арасын жол қылып жиырма жасымда Жезқазғанға келуім көлденең көк аттының жолаушылап келуі емес еді. Мектепті бітіріп, әскерге барып келген соң Жезқазған музыка училищесіне оқуға түстім. Жасымнан әуес болған домбыраның, музыканың сырына кәсіби тұрғыда одан әрі бойлай түсуіме осыдан бастап жақсы мүмкіндік туды.

— Иә, жігерге толы жастық шақтың біраз жылы Жезқазған жерінде өтті. Жезқазған музыкалық училищесінде оқытушы болып жүрген кездерің де есімізде. Шәкірт тәрбиелеумен қоса кенді өңірде өнердің өріс алуына да айтарлықтай үлес қостың. Күйші Алпысбай Тұрсынбеков, режиссер, өнер зерттеуші Қарасай сынды таланттармен қатар жүріп, бірге еңбек еттің. Олар туралы да айтарларың бар шығар? Сол уақытта, ұмытпасам 1989 жылы болуы керек, Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан алғашқы күйтабағыңның шығуы елеулі оқиға болып, өнер төңірегінде жүргендердің назарын айрықша аударғаны анық. Содан бергі жетістіктеріңе сырттай қанықпыз десекте, бәрін бірдей жете білмеуіміз де мүмкін. Елордаға қоныс аударғаннан кейінгі өсу жолдарың мен жеткен жетістіктеріңді өз аузыңнан естігенді жөн көріп отырмыз?

— Жезқазғанға жолым түсе қалса, әуелі араласқан ағайынға, туыс-тумаға, үлкендерге сәлем беретін әдетім бар. Кейінгі уақыттарда көзкөрген жақсылардың саны сиреп бара жатқанын жиірек ойлайтын боп жүрмін. Былтырғы пандемияның сұрапылы да қаншама жақсыларды алып кетті. Өзіңіз айтқан күйші-педагогтар — Алпысбай Тұрсынбеков және Аманғали Ербозов өмірден тым ерте өтті. Кенжебек Назарқұлов пен Виталий Ким де бүгінде арамызда жоқ. Осы тұстастардан – Сағат Қошанов, Марат Шоқтаев, Азат Құрсабаев, Қарасай Сайжановтардың кенді өлке үшін сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Біз солардың шәкірттеріміз. Кейін әріптес болып, тәлімдерін алдық. Егер біздің тарапымыздан өнердегі мысқалдай бір жетістік болса, осы кісілердің арқасы екенін айту парызым. Арада біраз жылдар өтіпті, көзкөргендер болмаса Жезқазғандағы кейінгі жастар аудиториясы мені тани қоймайтын шығар. Сондықтан соларға да ақпарат болсын, өзім тарапынан жасалған бірер жұмысымды тізбелесем оқырман сөге қоймас.

Музыкалық училище бітірген соң 1985 жылы жолдамамен Жезқазған облыстық қуыршақ театрында үш жыл еңбек еттім. М.А.Койфман, Ш.Ұзақов, Д.В.Бурман сияқты білікті режиссерлардың спектакльдерін музыкамен көркемдеу жұмыстарына араластым. Мөрлібек Мұратбаев ағаның қолдауымен Т.Қалмағамбетов атындағы облыстық филармония жанынан тұңғыш рет фольклорлық ансамбль ашудың сәті маған түсті. Ансамбль солистері Жезқазғанның бұлбұлдары — Мара Есмұханова мен Дүйсен Кенжеев болды. Ансамбль репертуарына Тәттімбет, Тоқа күйлерімен қатар Ұлытау өңірінің байырғы күйшілері – Найман Байжігіт, Жұртшы Тайлақбай, Уәйіс сияқты күйшілердің сирек орындалатын туындылары кірген еді. Қазақстанның көптеген жеріне үлкен концерттерге шығып тұрдық. Жезді ауданынан құрылған «Көкейкесті» атты аспапты ұжымға көркемдік жетекші болдым. Ол Қазақстанның егемендігінің бір жылдық форумына, Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқауына қатысып «Халық ансамблі» атағын жеңіп алды. Мәдениет қайраткері Бәкір Қазығұлов ағаның басқаруымен Қожабай ақынның, Болман ақынның мерейтойларында ансамбль тамаша өнер көрсетіп, жақсылардың көзіне түсті. Әйгілі режиссер Жанат Хаджиевтің кезінде С.Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрына бірнеше спектакльге музыка жаздым. Оның ішіндегі республикалық фестивальдардың арнайы жүлделеріне ие болғандары — М.Ахмановтың «Кетбұға», К.Ахметовтің «Ерте ояндым ойландым, жете алмадым» және «Лоторея немесе бақыттың бәсі қанша?» қойылымдары. Өзіңіз айтқандай күйтабақ жаздым, ол кезде Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан грампластинка шығару өте қиын болатын, бізге Алла сәтін салды. Жақсыкелді Сейілов, Ілия Жақанов, Марат Түсіпбеков, Қайырбек Садуақасов, Жағыпар Әлімханов, Ахмедия Есмұханов, Бота Ноғаева әндерін халық аспаптары оркестріне өңдеген кездерім болды.

Арнайы шақырту алған соң 2003 жылы Елордаға көштім. Содан бері Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытушылық қызметте жүрмін. Күй өнерін зерттеп, бірталай еңбектер жаздым. Оқу құралы ретінде «Шертпе күйдің төрт мектебі», «Шертпе күй хрестоматиясының» екі жинағын, Генерал Асқаровтың күйлеріне арналған «Назқоңыр», Кетбұға бидің күй мұрасын қамтыған «Ақсақ құлан», Аққыз Ахметқызының күй мұрасына арналған «Мұңды қыз», Төлеген Момбековтің туындыларын зерделеген «Толғау», Орал Исатайұлы орындаған күйлерге байланысты «Мұң Қосбасар», Сүгір күйлерінің жинағын қамтып «Теріскей толғаулары» деген және басқа да кітаптарым жарық көрді. Бірталай өнер туындыларына редактор болдым. Осы биылғы жылы «Сауап» қоғамдық қорының демеушілігімен шыққан менің редакторлығыммен «Аманат» атты қазақ күйлерінің антологиясы жұртшылық қолына тиді. Антологияға қазақтың 500 күйі енді. Орындауымдағы күйлердің күйтабақтары әр жылдары шығып, өнер сүйер қауымның игілігіне айналғанына да ризамын.

— Өнер салалары мен этнография туралы қалам тербеп, зерделі туындылар қалдырған қаламгер-ғалым Ақселеу ағамыздың «Күй-шежіре», «Қазақтың күй өнері» атты еңбектерінен кейінгі осы саладағы ауқымды зерттеулерді өзің талмай жалғастырып келесің. Жаңағы айтқан «Шертпе күйдің төрт мектебі» деген кітабыңның көтерер жүгінің аса салмақты екенін де сезгендейміз. Осы зерттеу еңбегіңде келтірген негізгі түйіндемелеріңе қысқаша тоқтала кетсең қайтеді?

— Астанаға келген соң Кәкімбек Салықов, Ақселеу Сейдімбек ағаларыммен араластым. «Шертпе күйдің төрт мектебі» деген кітабымның жазылуына Ақселеу аға көп көмектесті. Шертпенің Арқа, Жетісу, Алтай, Қаратау деп аймақтарға жіктелетінін талдадым, оның ішінде күйшілік мектептердің аттары және олардың басында тұрған классиктердің шығармашылық бейнелерін зерделедім. Қысқасы бұл еңбек өз уақытында оқыту тәжірибесіне дөп келген әдебиет болды. Жазудағы мақсат – өзім көрген күйшілердің мұрасын кейінгіге жалғастыру, күйшілік қонған аймақтардың төлтума әуезін күйшіл қауымға баян ету болды. Бұл салада бірнеше хрестоматия және педагогикалық репертуарлар жазғам. Оқыту тәжірибесінде қолданыста бар. Сондай-ақ, отандық ғылыми журналдарда, мерзімдік баспасөздерде танымдық зерттеулерім мен өнер тұлғалары жайлы мақалаларым жарияланды.

— Бүгінде Жанғали Жүзбайдың күйшілік мектебі бар деп айтуымызға бола ма? Бұл пікірді Сүгір Әліұлының көзін көрген белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің өзің туралы: «Мен Жанғалидың күй тартқанын көргенде, Сүгірді көргендей боламын. Сүгір де, Төлеген де кеудесімен тартатын еді. Домбыраны қолымен шертеді, кеудесімен сөйлеуші еді. Жанғали да осындай құдіретті күйші» деп үлкен баға беруіне байланысты айтып отырмын.

— Менің күйшілік мәнерім, өз сарыным бар екені рас. Шәкірттерімнің де өнер саласындағы табыстары аз емес. Ал, енді «Жанғалидың күйшілік мектебі» деген сөз күпірлік болар. Мен тәлімін алған кешегі Мағауия Хамзин, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Исатаевтарды, бүгінгі Мұхаметжан Тілеухановты «өзіндік мектеп қалыптастырған күйшілер» деп айтуға болады. Ал, енді мен туралы жақсы пікірлер, маған арналған әдемі өлеңдер бар, кейде соған мейманамыз тасып қуанып жүретінім рас. Атақты ақындарымыз — Ғазиз Ештанаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Иманғазы Нұрахметұлы, Қалқаман Сариндердің қаламына іліккен домбырашымын деп мақтанатыным бар кейде, оңашада, кешкі шай үстінде.

— Жәке, Кетбұға бидің күй мұрасын зерттеу шығармашылығыңа соны серпін берсе керек. «Кетбұға» күйі өмірге келген екен. Тағы басқа да авторлық шығармаларың бар шығар?

— Сөз орайы келгесін айта кетейін, Кетбұға күйші туралы аңыздар мен күйлерді біріктіріп «Ақсақ құлан, Кетбұға бидің күй мұрасы»» деген кітап жазғам. Оның тұсаукесері Жезқазғанда өткенін өзіңіз білесіз. Артынан осы жинаққа енген күйлердің негізінде халықаралық күй конкурсы да дүркіреп өтті. Елордада, Жезқазғанда, Қызылордада Кетбұға мұрасына арналған ғылыми конференциялар болды. Осы игі шаралардың басында «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің президенті, этнограф Төлеген Бүкіров ағамыз жүрді, барша бастамаға жетекшілік етті. Ал, енді «Кетбұға» атты менің шығармам үш ішекті домбыраға арнайы жазылған. Кезінде режиссер М.Ахмановтың осы аттас спектакліне лейтмотив ретінде ұсынған едім. Ел құлағына әсерлі мелодия болса керек, кейін халық арасында тез тарап кетті. Оркестр орындады, конкурстарда орындала бастады. Менің тағы да басқа бірнеше авторлық күйлерім бар: Олар да радиодан ара-тұра естіліп жүр.

— Домбыра үйренуге қатысты, күйшілікке байланысты оқулық құралдарын жазды деп естіген едік. Осы күні өзі білім ұяларында домбыра үйрену сабақтары жүре ме? Жалпы, әңгімемізді түйіндей келе, қазақтың қара домбырасының қасиеті, болашағы туралы тағы ортаға салар қандай ойларың бар?

— Иә, жалпы білім беретін орта мектептің бағдарына сай домбыра оқулығын жаздым. Ол Халықаралық Түркі академиясының жобасы аясында жазылды және идея авторы академия президенті Дархан Қыдырәлі мырза болды. Бұйыртса мектеп жүктемесіне де енетін шығар деп үміттенеміз. Қазір жалпы домбыра аспабына елдің ықыласы алабөтен ерекше. Өнер сапарында жас толқындармен етене аралас жүремін. Дарынды жастар өте көп. Әрине, кейде күй тілін түсіну, күй табиғатын сақтау мәселелеріне келгенде іштей кейіңкіреп қалатыным бар. Ондайда: «Өмір бір орнында тұра ма? Өнер болған соң прогресс болуы заңдылық емес пе? Замана өткелінде құндылықтарымызға деген көзқарасымыз өзгереріне шара бар ма? Технократия дәуірінде қырық буын қосбасардың гөй-гөйін сақтау жастарға оңай соғады дейсіз бе? Зерделі, зейінді ұрпақ ата аманатына қиянат ете қоймас, мәңгілік сарынның болашақ иесі осылар ғой, әйтеуір ұлы өнер жандарына серік болсыншы» деп өзімді-өзім жұбатып та қоямын. Домбыраның эстрадаға қосылғанын қалай бермейтін мінезім сол қалпы, өзгерген жоқ. Өзгерте алмадым, енді өзгере де қоймас-ау. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Тәттімбет», «Мәди» деректі фильмдеріне сұхбатшы болғанда, немесе Париж, Брюссель қалаларындағы ұлттық өнер кештеріне қатысқанымда да халқымыздың осы төл өнерінің қадір-қасиетін жоғары ұстап, насихаттай білуді мақсат тұттым. Қазақ жүрген жерде – қасиетті қара домбыра бар. Ол ұлттық өнеріміздің ұлықтаушысы болып халқымызбен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз.

Қасиетті Ұлытау-Жезқазған жұртшылығын және барша оқырманды «Домбыра күні» атты мемлекеттік мерекемізбен құттықтаймын. Ханның қазасын домбырамен, перзенттің назасын қобыз тілімен естірткен ел аман болсын!

— Қадірменді Жанғали Әлімханұлы, алтындай уақытыңды бөліп, сыр сабақтап, келелі әңгіме өрбіткеніңе көп рахмет. Асқаралы алпысың құтты болсын! Өнерің өрлей берсін бауырым!

Амандық РАХҰЛЫ

23:57
524

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020