​«БҰЛ ҚАЙДАН КЕЛГЕН ӘКІМ?» ДЕГЕН СҰРАҚ ЕНДІ ҚОЙЫЛМАЙТЫН БОЛАДЫ

Елімізде ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей сайлау мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Халық бұған әбден дайын деп айтуға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа­ жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» Жолдауында қоғам­дық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқы­лы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отырғандығын, енді бұл мәселені ке­йінге қалдыруға болмайтынын және 2021 жылы ауыл әкімдерін тіке­лей сайлауды өткізуге бола­тындығын айтты.

Осыған байланысты сайлау туралы заңнамаға жуырда ен­гі­зілген өзгерістерге сәйкес енді ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар тікелей сайлай­тын болды. Олардың саны елі­міз бойынша – 2 345. Қазақ­станда халықтың 40%-дан астамы ауылдық жерде тұратынын ескер­сек, бұл сайлаудың орны ерекше. Биыл өкілеттілігі аяқ­талатын 836 әкім сайланады. Осы әкімдерді сайлауға 1 млн 250 мыңнан аастам адам қатысады.

25 шілдеге жоспарланған жер­гілікті сайлау науқанының назар аударатын бірнеше қызықты жағы бар.

Біріншіден, әкімдерді сай­лау­дың кезең-кезеңмен өтуі. Бірінші болып өкілеттілігі аяқталатын әкім­дер сайланады. Содан кейін біртіндеп өкілеттіліктері аяқта­луына байланысты келер жыл­дарда қалғандарын халық таңдайды. Белгілі бір ауылдарда экс­пе­римент үшін өткізілген сайлау­ларды есептемегенде, бұл деңгейде өткізілетін алғашқы тікелей сайлау болғандықтан, кемшіліктер білінсе, оларды алдағы кезде реттеп отыруға мүмкіндік туады.

Екіншіден, ауыл әкімдігіне кандидаттарды ұсынудың жаңа тәртібі. Бұрын үміткерлерді аудан әкімі ұсынатын. Мәсли­хат­тардың мардымсыз мәртебесін ескере отырып, бұл іс жүзінде тағайындау болғанын мойындауымыз керек. Ал енді кандидат­тарды ұсынудың бірнеше жолы бар. Талаптарға сәйкес келетін үміткерлер өзін өзі ұсына алады немесе оларды партия ұсынады. Өзін өзі ұсынатындар қолдаушылар қолын жинауы қажет. Ал партияларды ауылға жақын­датудың қадамы – осы ауыл әкімдерінің сайлауы. Ауыл­дағы әкім сайлауына партиялар үміткерді алыстан емес, осы ауыл­дан іздейтіні анық. Бұл партиялар ауылдардағы беделді тұлға­ларға арқа сүйейді деген сөз. Тір­келген партиялар ауылда тұра­тын 40 пайыз электоратпен қоян-қолтық жұмыс істеу мүмкін­дігін қолдан шығармайды деп ой­лаймын.

Аудан әкімдерінің жергілікті халықпен кеңесе отырып, үміт­кер ұсынуының бір-ақ жолы қалдырылды: ол сайлауда балама болмаған жағдайда.

Үшіншіден, географиялық детерминизм. Бұл – саяси үрдістерге географиялық факторлардың әсері. Оңтүстіктегі тұрғындары көп және тығыз орналасқан ауыл мен жартылай бос солтүстіктегі ауылдың жағдайы әртүрлі екенін білеміз. Еліміздегі әрбір ауылдың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол – экономикалық дамудың түрлі деңгейі, орталыққа алыс немесе жақын орналасуы, халық құрамы, сан түрлі менталитет және т.б. көптеген фактор. Фран­цуз ғалымы Монтескье айт­қан географиялық детерминизм алдымызда тұрған сайлау нау­қа­нына ықпалы болады деп айтуға болады.

Төртіншіден, сайлау бюл­ле­теніне «Барлығына қарсымын» деген бағанның енгізілуі. Мем­лекет басшысының бастамасы­мен енгізілген сайлау заңна­ма­сындағы бұл өзгеріс азамат­тардың сайлау құқығын кеңей­туге бағытталған. «Барлығына қар­сымын» деген таңдаудың болуы әр қоғамда кездесетін наразы пікірді ескереді. Егер тұрғын шынымен лайықты үміткер жоқ деп тапса, сайлауды жоққа шығармай, өз еркін білдіруге мүмкіндігі бо­лады. Бұл сайлаудың легитим­ділігін жоғарылатып, ел ішіндегі наразы көңіл күйді бәсеңсітуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Бесіншіден, жергілікті сайлау­алды технологиялар. Әкім боламын деген үміткер сайлаушының назарын аударатын бағдарлама әзірлеп, мүмкіндігінше PR жа­сауға тырысатыны белгілі. Пар­тиялар ұсынған кандидаттар кең көлемдегі ақпараттық қол­дауға иек артатыны сөзсіз. Де­генмен де үміткерлер ақпа-
­раттық технологиялардың мүм­кіндіктерімен бірге, жергі­лікті тұрғындармен tet-a-tet кез­десулердің мүмкіндіктерін кеңі­нен қолданады деп ойлаймын. Халықтың таңдауына бетпе-бет кездесулердің тікелей әсері болмақ. Әрине, карантиндік талап­тарды ескере отырып. Жалпы, ауыл әкімі сайлауында үміт­керді халық көп жағдайда жақсы білетіндіктен, жеңіске ше­шуші ықпал ететін фактор – саяси жарнама емес, оның халық алдындағы беделі мен осыған дейін қол жеткізген табыстары деп болжам жасауға болады.

Әкімдерді тікелей сайлау­дың артықшылықтары қан­дай? Бұл үрдістің бірнеше артық­шы­лықтарын атап өтуге болады:

Біріншіден, сайланатын әкім­дердің халық алдындағы жауап­кершілігі артатын болады. Халық сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғарыда тұрған билік органдарына емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни халықтың жергілікті би­лік­ті қалыптастыруға ықпалы күше­йеді. Ал әкім халықтың қолдауына ие болғандықтан, оның билігі ен­дігі кезекте легитимді болады. Халықтың көпшілігі дауыс беріп сайлағандықтан, «Бұл қай­дан келген әкім?» деген сұрақ қо­йылмайтын болады. Әкімнің қыз­метіне бағаны сайлау арқылы тұр­ғындар беретіндіктен, алдағы уа­­қытта әкімдердің қызметі жан­­да­нып, мұның өзі ауылдың жағ­да­йын жақсартуға септігін ти­гізбек.

Екіншіден, тұрғындардың сай­лау мәдениеті одан әрі көте­ріле түседі. Халық өзі тікелей дауыс беретіндіктен, жергілікті бас­қару үдерісіне қатысу белсен­ділігі артатын болады деп ойлай­мын. Біз бұған дейін ауыл әкімін мемлекеттік биліктің атқа­рушы тармағының өкілі деп қарас­ты­рып келсек, енді жергілікті өзін өзі басқарудың өкілі, яғни халықтың өкілі деп қарастыратын боламыз. Қазір Президент тапсырмасымен әзірленіп жатқан «2030 жылға дейінгі Жергілікті өзін өзін басқаруды дамыту тұжырымдамасының» жобасына сәйкес 2024 жылға қарай аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жос­парланып отыр. Сол кезде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі өте қажет болады.

Елдос ЖҰМАҒҰЛОВ,

саясаттанушы

Дереккөз:  egemen.kz

13:41
365

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020