​БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЛАСЫ

Шіліңгір шілде айы мерейлі мереке астана күнімен ерекше. Бәлкім, бұл Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын ерекше жақсы көретінімнен болар. Ел астанасына қызықпайтын жан кемде-кем. Оның сұлулығына тіпті шетелдіктерде қайран қалады. Ал мен үшін Нұр-Сұлтан қаласының жөні тіптен бөлек. Себебі мен бұл қалада болашақ кәсібімді игеріп жатырмын.

Мен мамандық таңдаудан айтарлықтай қиналғаным жоқ. Бала күнімнен суретке салуға бейімді болдым. Сол қызығушылығым өсе келе арманға ұласты. Осылайша менде өзге қатарластарым секілді дизайнер болуды, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының біріне түсуді және өз маманджығым бойынша топ жаруды мақсатым еттім. 11-сыныпты бітірген соң арманымды жүзеге асыру мақсатында елордасындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне құжаттарымды тапсырып, аталған оқу орнының студенті атандым.

Қазіргі таңда дизайн мамандығындығы бойынша сәулет-құрылыс факультетінің 4-курсын тәмамдадым. Алда әлі бір жыл бар. Осы 4 жылда студенттік өмірім қызықты әрі жарқын сәттерге толы болды. Жаңа ортада жаңа достарға кезіктім. Оқу барысында дизайн саласындағы заманауи компьютерлік бағдарламаларды меңгердім. Көрмелерге, түрлі деңгейдегі жарыстарға және ғылыми жобаларға қатысу арқылы өз қарым-қабілетімді сынауға мүмкіндік алдым. Университет қабырғасында өтетін іс-шараларда бой көрсетіп, белсенді студенттер қатарынан орын алдым. Еуразия ұлттық университетімді менің бұған дейін ашылмаған жаңа қырларымды ашуыма, өзімді танытуыма мол мүмкіндік тудырып, дұрыс бағыт-бағдар сілтеді.

Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы – әлемдегі жас қалалардың бірі. Дегенмен оның құрылысы, сәулет өнері жүзжылдықты еңсерген көптеген қаладан алда. Қаланың мәдени өмірі қанық және қызықты. Оның байсалды әрі жылы атмосферасы кез-келген адамды баурап алады.

Нұр-Сұлтан қаласында менің сүйікті орындарым жетерлік. Ел астанасы – сарқылмас шабыттың ордасы. Ондағы әрбір ескерткіш, ғимараттар еңсеңді көтеріп, жаңа идеялар туындатады. Менің ең сүйікті орындарымның бірі – Хан-Шатырдан Президенттің резиденциясы «Ақ Ордаға» дейін созылған желекжол. Мен бұл жерде жаяу серуендегенді ұнатамын. Осы жерден қызықты қалалық пейзаждарды қағаз бетіне түсіруге болады. Мен достарммен бірге осы желекжол бойынша отырып, үй тапсырмаларын орындағанды, жаңа сызбалар ойлап тапқанды жақсы көреміз.

Қазақстан астанасының мәдени тұмарына айналып үлгерген қайталанбас сәулет туындысы – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры. Аталған өнер өнер ордасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылды. Шығармашылық адамдарының барлығы дерлік классикалық музыкаға етене жақын болады. Содан болар мен бұл жерге келіп, ғажайып күйге енемін. Маған бұл театрдың ерекше сәулет өнері, дизайны қатты ұнайды.Әлемдегі сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлерін ескере отырып салынған театр архитектурасынан ұлттық нақышты анық байқауға болады. Сондай-ақ, театр әлемдік стандарттарға сай толықтай соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған. «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының бас сахнасының көлемі 935 шаршы метрді құрайды. Ал ені – 21 метр, тереңдігі – 59 метр. Театрдың қосымша екі бүйірлік сахнасы бар. Театр сленгінде «қалта» деп аталатын бұл сахналар қажет болғанда дайын декорациялармен жылжып отырады. Осы сахналар арқасында қойылымдар арасындағы үзіліс қысқа әрі ең күрделі деген спектакльдерді сахналауға мүмкіндік бар. Сахнадан 12 метр тереңдікте «төменгі деңгей» деп аталатын автоматты басқару жүйесі бар машинарий орналасқан. Ал оркестр шұңқырына 120 музыкант сыяды 1 250 көрерменге шақталған залдың 450 орны партерге тиесілі. Басты зал аттың тағасына ұқсатылып жасалған. Мұндайә құрылыс «Ла Скала» сияқты әлемнің үздік опера театрларының залында ғана кездеседі. Театрда 8 қосымша зал, 11 дайындық орны, 250 орынға есептелген камералық музыка мен баспасөз залдары бар. Батыстық ежелгі сәулет өнері мен қазақтың ұлттық нақышты безендірулерін бір салаға тоғыстырған театрға кіргеннен бөлек әлемге тап боласың. Мен онда достарыммен, ұстаздарыммен барып «Травиата» , «Кармен» қойылымдарын тамашаладық. Әр қойылым сайын мол рухани байлыққа кенеліп қайтқандай күй кешемін.

Өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі Жастар театрына да жиі барып тұрамын. Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы 5 шілдеде құрылды. Өнер ордасы өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен түрген. Жыл сайын түрлі театр байқауларында бас жүлдені қанжығасына байлап жататын бұл театр өзге театрлардан шығармашылық ізденісімен ерекшеленеді деп ойлаймын. Астанадағы ерекше атмосфераға толы орындардың бірі – ботаникалық бақ. 87 гектар аймақты қамтитын бұл бақта 2 балалар ойын алаңы, 20 тренажер, 2 футбол алаңы, 4 теннис алаңы, 4 волейбол және 2 баскетбол алаңы, 14,2 шақырымдық веложол, 11,8 жүгіру жолы, демалысқа арналған 4 алаң, 8 үлкен жарық және 18 кіші аэродинамикалық фонтан, одан басқа мұнда WI-FI үшін орнатылған орындықтар бар. 312 мың ағаш отырғызылған ботаникалық бақта музыканттарды, қол ұстасқан ғашық жандарды, отбасымен серуендеген қарттарды жиі кездестіруге болады. Нұр-Сұлтандықтар ботаникалық баққа келіп демалғанды ұнатады.

Айта берсек, Нұр-Сұлтан қаласында қарасаң көзің тоймайтын әдемі орындар жетерлік. Мен үшін Нұр-Сұлтан – болашақтың қаласы. Мен де келешекте осы қаланың тұрақты тұрғынына айналғым келеді. Өз арманыма қол жеткізу үшін талмай еңбектенетін, ізденетін боламын. Нұр-Сұлтандағыдай биік әрі сәнді ғимараттар туған жерім Жезқазғанда да болғанын қалар едім.

Көрікті келбетімен, мол мүмкіндігімен баурап алатын елордам, сүйікті Нұр-Сұлтан, туған күнің құтты болсын! Тамсандырудан, таңғалдырудан, таңдай қақтырып, тәнті етуден шаршама!

Аяжан ТІЛЕК,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

10:13
404

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020