​Жаңабек Жаңабайұлы: АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ – ЕЛ БАСҚАРУДАҒЫ ТЫҢ ҚАДАМ

Ауыл әкімдерін сайлау қоғамға не береді, одан халық ұта ма? Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, тарихшы-ғалым Жаңабек Жаңабайұлы  ҚазАқпарат  тілшісіне өз ой-толғамын айтып берді.

Оның пайымдауынша, ел басқару ісі қай заманда да, қай қоғамда да оңай болған емес. Кеше де, бүгін де, ертең де солай.

Атам қазақтағы: «Әкім бол, халқыңа жақын бол», «Ұлық болсаң, кішік бол», деп келетін қанатты сөздері жайдан-жай айтыла салмаған. Өз халқының жүрегінен мәңгілік орын тепкен Мақаштай (халқы Мақаш деп атаған Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов, 1804-1904, Бөкей ордасында елу жылдай ел басқарған қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым) әкімдердің санаулы екені — осының анық дәлелі. Қадыр Мырза Әлидің өзінің сұхбатында әкімді мақтаған жанды халқымыздың онша ұната қоймайтынын айтқаны бар. Шыныменен ұлы шайырдың неге бұлай толғанып, тереңнен сыр суыртпақтағаны айрықша назар аударарлық.

— Ендеше, Жаңабек Жаңабайұлы, қазақ қоғамындағы қараша халықтың «бек-мырзалар» мен «би-шораларға» салқын қарауының сыры неде деп ойлайсыз?

— Иә, неліктен билік пен бұқара үнемі баррикаданың екі жағында екендігіне барынша толық жауап беруге тура келеді. Шынында да «Бөліп ал да билей бер» деп, қоғамды жік-жік қылып, тарихымызды таптық тұрғыдан түсіндірген бодау заманның артта қалғаны рас. Әйтсе де бұл мәселе — сан қырынан саралап, әлі де талдап-тарқатуды қажет ететін өзекті тақырып. Соның негізгілерінің бірі — соңғы ғасырларда қазақтың өз билігінің өз қолында болмауы. Уақытында хакім Абай мұны жеріне жеткізе жазып кеткен-ді. Сөйтіп жергілікті атқарушы билік Ресей тұсында Петербор сарайының, кеңес кезеңінде Кремльдің озбыр отаршылдық саясатын жүргізуге мәжбүр болды. Туған халқының талап-тілегінен бұрын империяның ұлы державалық өктемдігін алдыңғы орынға шығарған әділетсіз билікті қалың бұқараның құрметтеп, мадақтауы мүмкін бе?!


Тақырып осы мәселеге ойысқанда, қазақтың «Елге бай құт емес, би құт», деген нақылы ойға оралады. Бүгінгі өмірмен байланыстыра сараласақ, қазіргі байларымыз — кәсіпкерлер, қаржы алпауыттары, ірі меншік иелері, ал билеріміз — ел тізгінін ұстаған жандар, нақты айтсақ, әр түрлі деңгейдегі әкімдер мен шен-шекпенділер.

— Тарихшы ретінде дәстүрлі қазақ қоғамында билердің халық арасындағы ықпалы мен беделі қалай болды деген сауалға жауап бере кетсеңіз?

— Бұл ретте Халел Досмұхамедұлының «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты терең мағыналы еңбегінен мынадай қызық ойды кездестіреміз: «Қазақ халқы көшпелі салтта ақсақал дәуірінде болды. Қара бұқараның билігі ру бастықтары билердің қолында болды. Руды билеген билердің өз руынан басқа айрықша тілегі болмады. Қара шаруа мал бағуға лайық шарттар тіледі. Қоныс жайлы болса, ел бейбітшілік болса, малға, адамға түсетін салық аз болса, талас шыққанда әділ билік айтатын ақсақалдары болса, қара халықтың көңілі тыныш болды. Ел билеген ақсақалдар да елдің тілегін тілеп, елдің жоқшысы болды. Ақсақал болу, би болудың өзі елдің сайлауынан болғандықтан, бұлар елден бөлініп кете алмайтын еді».

Осы үзіндіде отарлау дәуіріне дейінгі дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси билік жүйесінің төменгі әкімшілік буынының жәйі өте дәл баяндалған. Өкінішке қарай, бодандық дәуір соның быт-шытын шығарды. Хандық билік һәм дәстүрлі билер институтының жойылуымен бірге қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық-демократиялық жөн-жоралғылар да құрдымға кетті. Қазақ халқы бұған жанталаса қарсыласып, ұлт-азаттық көтеріліске шықты. Артындағы қалың қарашасының мүддесін қорғаған талай рубасы, би-батырларымыз ат үстінде шәйіт кетті, дарға асылып, итжеккенге айдалды.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, «Ендігі уақытта би мен билік әкімшілікке толық тәуелді буынға айналды, бидің сөзі мен шешімі бұрынғы бедел, қуатынан айырылды, бұрынғы бидің әділ билігі мен салмақты сөзінің орнын пара мен парықсыздық басты».

— Ұлы Абайдың 1889 жылы Күлембайға арнаған «Болыс болдым, мінеки, Бар малымды шығындап...» деп басталатын атақты өлеңі бар ғой?

— Айтатыны жоқ, зерттеуші-ғалым Мекемтас Мырзахметовтің дерегінше, қазақтың арасында парақорлықтың дендей енген тұсы — осы Абай заманы. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Партия қуған өңкей қырт, Жазылмайтын ол қылқұрт. Мен тартам ел қайғысын Әкімі — залым, биі — әңгүрт» деп күйзелуі Абай өлеңін толықтыра түседі.


Қазақ даласындағы ауылнай, болыс сайлауларын көріп-біліп отырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов та өз заманында Қазақ даласына әділ Англия билігін өнеге қылып, «Таласпен болған биде не қасиет, не әділдік болады» — деп налыған еді.

— Содан бері қаншама уақыт өткенмен, біз сол кемшіліктерімізден арылып болдық деп айта аламыз ба?

— Мәселеге тереңірек үңілсек, Абай айтқан шындықтан көп ұзап кетпегеніміз байқалады. Олай дейтініміз, әлі күнге дейін билік сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп жатыр. Ащы да болса ақиқат — қоғамды жегі құрттай жайлаған жемқорлық бұқараның ресми билікке деген сеніміне селкеу түсіріп отыр. Мұның ел болашағына аса зор қауіп екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та түрлі жиындарда бірнеше мәрте қаққан қазықтай қып қадап айтты. Қалай десек те, бүгінгі біз қозғап отырған мәселе тәуелсіздік тұсында басқа саяси бешпент оранған күйінде қайта жаңғырды. Қазіргі ел билігінің «халық сайламай, әкім алға баспайды» деген тоқтамға келіп, тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жаңа саяси тәжірибеге жүгінуі тегін емес.

— Олай болса, бұл реформадан не күтесіз?

— Әрине, бұл саяси науқан барысында жергілікті жерлерде әр ру немесе әр топ «өз баласын» билікке сүйреп әкеліп, баяғы болыс сайлауындай екі жаққа дай-дай боп бөлініп кетпесе екен деген алаңдаушылық та жоқ емес. Тағы бір назар аударар жайт, ширек ғасырдан астам уақыттан бергі ауылдағы қордаланған барлық әлеуметтік мәселе — ауыл әкімінің халықшыл, мемлекетшіл, елшіл ниетінің қарымтасы ретінде бірден шешіле салмасы анық. Ендігі жерде округ әкімдері бұрынғыдай аудан басшысы мен аудандық мәслихатқа тікелей тәуелді емес, өзін сайлаған халыққа ғана есеп беретін өкілет иесі болғанымен, оның «көсілетін көрпесі» қысқалау емес пе?! Ауыл әкімінің сол жердегі тұрғылықты әлеуметтің әлеуетін дүр сілкіндіретіндей пәрмені бар ма? «Түбі тесік» жергілікті бюджеттің жай-күйі онысыз да белгілі емес пе?! Қазіргі ауыл әкімдері кешегі кеңес заманында «жарты құдай» болған кеңшар директорларының ширегіне де келмей қалғанын кімнен жасырамыз?! Соның кішкене бір дәлелі — қазіргі ауыл әкімдері алатын мардымсыз жалақы. Демек, халық сайлаған ауыл әкімдерінің «бақытын баянды ету» үшін Үкімет жергілікті төртінші деңгейдегі бюджет мәселесін дер кезінде шешуі керек. Әйтпесе бұл да осыған дейін ауыл һәм аудан әкімдеріне байланысты талай жүзеге асырылған көптеген эксперименттердің бірі болып қала берері анық. Бұдан кейін тап осы жолмен аудан, облыс басшыларының да сайланатыны айтылды. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Түптеп келгенде, еліміз бойынша алғаш жүзеге асырылып жатқан бұл қадам алғыр, іскер, жаңашыл жергілікті әкімдердің қалыптасуына оң ықпал етіп, кадр саясатына тың серпін береді деген үміттеміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

15:29
223

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020