​МЕРЕКЕДЕ МАРАПАТ АЛДЫ

Еліміздің жүрегінде орналасқан бас қаламыздың Сарыарқа төсінде еңсесін тіктеп, Тәуелсіз Қазақстанның басты нышанына айналғанына биыл — 23 жыл. Осы уақыт аралығында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы жаһан жұрты қызыға көз тастап, әлем мойындаған жас қалалар мен астаналар қатарынан ойып орын алып үлгерді.

Мерейлі мерекеде жезқазғандық алтын құрсақты аналар мен өз кәсібінде біліктілігімен көзге түскен мамандар марапат биігінен көрінді.

— Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің тірегі, басты мақтанышымыз. Егемендігіміз бен еркіндігіміздің, тұтастығымыз бен тұрақтылығымыздың, экономикалық өсуіміздің символы. Салыстырмалы қысқа мерзімде еліміздің саяси және мәдени орталығына айналған астанамыз әрбір қазақстандық үшін айрықша қымбат әрі қадірлі. Елордамыз ең озық, ең батыл сәулеттік шешімдер шындыққа айналған мекен, — деген қала әкімі Қайрат Әбсаттаров барша қазақстандықтарды Нұр-Сұлтан қаласының туған күнімен құттықтады.

Мерейлі мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің №531 Жарлығына сәйкес жезқазғандық бес ана «Күміс алқа» төсбелгісін иеленген болатын. Отбасы құндылығын жоғары бағалап, ел болашағы саналар балдырғандар санын көбейтіп жүрген «Күміс алқалы» аналар қатары биыл Гүлдана Мықтыбекова, Динара Ербатырова, Жадыра Байдалинова, Айгүл Сәрсенова және Майра Ахметжановамен толықты. Аталған аналарға төсбелгілері мен шоқгүлдер табыстаған қала әкімі еліміздің алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре берулеріне тілектестігін білдірді.

Қайрат Бектайұлы келесі кезекте Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбегі және шығармашылық үлестері үшін Жезқазған қаласының Құрмет грамотасына лайық деп танылған бір топ үздіктерді марапаттады. Олардың қатарында Жезқазған бизнес және көлік колледжінің оқытушысы Қания Тұрсынбаева, Жезқазған қаласының жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Найля Нысанбаева, "Қазпошта" АҚ Жезқазған қалалық филиалының өңдеу және жеткізу бөлімінің сұрыптаушысы Татьяна Толецкая, "Әбілдинова" ОДА-сының учаскелік медбикесі Қарашаш Даниярова және Жезқазған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Ардақ Жанатова, қалалық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Нұргүл Шайкөзіва, «Көшімбаева» ОДА-сының скрининг кабинетінің медбикесі Қарлығаш Өтегенова, № 24 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ботакөз Мұхиден бар.

— Еліміздің жандануы мен көркем келбетіне айналған Нұр-Сұлтан қаласы мен Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегі тығыз байланысты. Қысқа мерзім ішінде сырт көз сүйсіне көз тастайтын ғажайып қала тұрғызылғаны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі екеніне ешкімнің де шүбәсі жоқ. Астанамыз арқылы Қазақстанды танитындар саны артты. Осынау жарқын мереке қарсаңында баршаңыздың бастарыңызға саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деген Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Әбдрахман Досанов қалалық депуттар корпусы атынан ақжарма лебізін білдірді. Мәслихат хатшысы қолынан Жезқазған қаласының Құрмет грамотасын Жезқазған мыс қорыту зауытының бас энергетигі Нұрбек Жұмабаев, Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорынының бас инжинерінің орынбасары Алмасбек Текебаев, Талап ауылдық № 14 жалпы білім беретін мектебінің директоры Қалдеш Түлеубаев, Жезқазған индустралдық-гуманитарлық колледжінің оқу бөлумінің меңгерушісі Асыл Сәдуақасова, «Kazakhmys Energy» жылу электр орталығы өндіріс жөніндегі бас инжинерінің орынбасары Ермек Жұмакенов, Жезқазған мыс қорыту зауыты күкірт қышқылы цехының бастығы Әбдіғали Қарақожаев, Жезқазған байыту фабрикасы №2 ұнтақтау корпусының техникалық жетекшісі Рахат Ысқақов иеленді.

— Мерекелік шара Айзада Әбдіхалықованың орындауындағы «Астана» әнімен қорытыланды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:49
1910

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020