ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ – ЖЕЗҚАЗҒАНДА

Парламенттің жетінші шақырылымының бірінші сессиясы аяқталғаннан кейін депутаттар өңірлерді аралап, аймақ ахуалымен кеңірек танысуды қолға алды. Мысты шаһарға алғашқылардың бірі болып атбасын тіреген Cенат депутаты Сергей Ершов пен Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов қала әкімі Қайрат Әбсаттаров және мәслихат депутаттарымен кездесті.

Аталған жиында алдымен сөз алған Қайрат Бектайұлы Парламент депутаттарына қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы қысқаша баяндап берді.

– Ағымдағы жылдың 5 айында экономикалық ахуал тұрақты динамикасын сақтап отыр .Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 386,1 млрд теңгені құрады. Өңдеу өнркәсібінің көлемі – 368,2 млрд теңге. Қаламызда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде оның көлемі 2,9 млрд теңгені құрап отыр. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Жыл басынан бері 12,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаланы дамытуда индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басты басымдық беріліп отыр. Қарағанды облысы бойынша 2015-2019 жылдардағы кәсіпкерлікті қолдау жобасына сәйкес құны 13,9 млрд теңгені құрайтын 7 жоба негізінде 500 жаңа жұмыс орнын ашу қолға алынған болатын. Оның бесеуі – инвестициялық жобалар, – деген ол қала тұрғындарын, соның ішінде кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмыстарына да кеңірек тоқталып, аталған салада құқықбұзушылықтар кездеспегенін әрі бұл іс әрдайым қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Қала тазалығы мен абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының бір ретке келіп, көз қуанарлықтай өзгергеніне ризашылығын білдірген Сергей Ершов бүгінгі азық-түлік нарығындағы баға ахуалына алаңдатушылығын білдірді.

– Азық-түлік өндірісінің өсуіне, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар көлемінің ұлғаюына да қарамастан баға өсуі тоқтамай отыр. Бұл туралы сенат отырысында өзге әріптестерімізбен бірге бірнеше рет жауапты министрлерге сауал жолдадық. Бағаның бұлайша шарықтауының себебін сұрадық. Дегенмен нақты жауап ала алмай отырмыз. Бұдан шығудың бірден-бір амалы – өзімізден шығатын өнімді көбейту, –деген сенатор Жезқазған аймағы бойынша аталған мәселені шешу бойынша қандай жұмыстар легі атқарылып жатқанын сұрады.

Бүгінде қала маңында көкөніс өсіруге қолайлы бос жерлері мол ауылдық елді мекендер бар болғанымен, нақты осы шаруаға білек сыбана кіріскісі келетін кәсіпкерлер табылмай отырғанын жеткізген қала әкімі ауылшаруашылығына тиесілі өнімдердің көбісі көрші облыстардан келетінін және жол-көлік қатынасының да қиын екенін айта келе, мұның бәрі бағаның өсуіне әсер ететінін алға тартты. Оның сөзінше, биыл жарияланған тендерге сәйкес 25 гектар жер ғана кәсіпкерлер игілігіне берілген. Сондай-ақ қала маңындағы елдімекендерде мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің саны молдығына қарамастан, ет тапшылығы туындап отыр. Қалаға келетін мал етінің басым үлесі Қостанай жақтан әкелінеді. Ал өзіміздің ет тек жыл соңында соғым сою маусымы ашылғанда да ғана айналымға енетін көрінеді.

Жақында ғана «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңға сәйкес Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болып сайланған мәжілісмен Арман Қожахметов карантиндік шектеулерге байланысты депутаттар корпусының өңірлерді аралауы уақытша тоқтатылғанымен, әлеуметтік желілер арқылы облыс, оның ішінде Жезқазған-Ұлытау аймағындағы барлық түйткілді мәселелерден хабардар болып отырғанын жеткізді.

– Біз көптеп кісі шығынына ұшыратқан пандемияға байланысты Қарағанды облысындағы денсаулық сақтау саласына жиі көңіл бөлуге тырыстық. Таяуда облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуіміз барысында ол өңірдегі медицинаның жағдайы біршама жақсарғанын айта келе, ендігі кезекте ауызсу мәселесін шешуге көмек көрсетумізді сұрады. Біз алдағы уақытта бұл мәселені міндетті түрде көтеретін боламыз. Осы тұста сіздерден де нақты ұсыныстар күтетін боламыз, – дей келе Заңға өзгерістер енгізуге қатысты нақты ұсыныстар болса, ортаға салуларын өтініп, мәжілісте айтылған мәселелердің барлығының шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласындағы жауапты бөлім құзыреті, пәтер иелерінің орнын басатын меншік иелері бірлестігінің жұмысы және тұрғындар шағымдары бойынша да бірқатар мәселелер көтеріліп, шешу жолдары қарастырылды.

Ақниет ТАҒЫБЕРГЕН

19:55
1681

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020