​КАНДИДАТТАРДЫ ҰСЫНУ ТӘРТІБІ, КЕЗЕҢДЕРІ ЖӘНЕ КОМИССИЯ ӨКІЛЕТТЕРІ

Биыл 25 шілдеде еліміздің бірқатар өңірінде ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтеді. Осы сайлауда халық 730 елдімекеннің жаңа басшысын таңдамақ. Қалған әкімдердің өкілеттік мерзімдері аяқталғаннан кейін сайланатын болады. Осы тұста, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды реформалау қандай стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталғаны, кандидаттарды ұсыну тәртібі, сонымен бірге сайлау комиссияларының өкілеттіктерін нақтылау жөнінде  шолу  материал дайындауды жөн көрдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомаpт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы 1 қыpкүйекте «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: iс-қимыл кезеңi» атты Жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлау арқылы өткізу туралы тапсырма берді. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын толыққанды іске асыруға мүмкіндік береді.

Жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды реформалау бірқатар стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталады:

1. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауды ашық мемлекеттік басқару қағидаты ретінде енгізу және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру;

2. Азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейту;

3. Атқарушы және заңнамалық өкілеттіктерді төменгі деңгейге кезең-кезеңімен беру;

4. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезінде партиялардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы саяси бәсекелестікті дамыту;

ҚР Үкіметі Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 139 және 140-тармақтары бойынша аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жөніндегі заң жобаларын әзірледі.

Сондай-ақ, 24 мамырда Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу мәселелері жөніндегі «Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобаларынын жаңартылған нұсқаларына қол қойды:

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңға Парламент Мәжілісін сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7% – дан 5% – ға дейін төмендету, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына «Бәріне қарсымын» бағанын енгізу жөніндегі ережелер енгізілді. Аталған норма алдағы өтетін ауыл әкімдерін сайлау науқанында алғаш рет іске асырылатын болады.

Қанша әкім сайланады

Ағымдағы жылдың 25 шілдесіне Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің 730 әкімін сайлау тағайындалған. Елімізде Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылдық елді мекеннің тұрғыны ретінде тіркелген. Яғни ауылдық аумақтарды басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру ісіне Қазақстан азаматтарының 40%-дан астамы тартылатын болады.

Алдағы тікелей сайлау ауылдық аумақтардың 2 346 әкімі тікелей сайлау арқылы анықталатын болады. Жаңа нормалар енгізілгеннен кейін олардың бәрі бұрын ұсынылған қолданыстағы өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін тікелей дауыс беру арқылы сайланады. 2021 жылдың соңына дейін 775 әкімді сайлау жоспарланған.

Кандидант ұсыну тәртібі:

1. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдігіне кандидаттар ұсынуы:

– саяси партиялар өз мүшелері арасынан үміткер ұсына алады;

– тиісті сайлау округінде тұратын сайлаушылардың кемінде 1%-ының қолын жинаған адам өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға түсе алады;

– егер ұсыну мерзімінің соңына екіден кем кандидат ұсынылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі үміткер ұсына алады.

2. Сайлау науқанының мерзімдері мен кезеңдері

– сайлау науқанының мерзімі 30 күнді құрайды.

Тағайындау мерзімі:

– сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға дейін 10 күн бұрын өтуі тиіс;

– сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады;

– жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркеп, содан кейін ол өз өкілеттігіне кіріседі;

– әкімнің өкілеттігі тоқтаған жағдайда сайлау әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап бір ай ішінде тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап 30 күн ішінде өтуі тиіс. Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланғаннан кейінгі келесі күні басталып, сайлау күнінен 15 күн бұрын аяқталады. Яғни, тағайындау мерзімінің ұзақтығы 14 күнге жетуі мүмкін. Осы уақыт аралығында кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады. Кандидаттарды тіркеу сайлау күнінен 10 күн бұрын аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді. Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндігінде үгіт-насихат іс-шаралары және сайлаудың өзіне дайындық жүзеге асырылады. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

Алдағы сайлауға қатысты сайлау комиссияларының өкілеттіктерін нақтылау

Сайлауды тағайындауға, кандидаттарды ұсынуға және тіркеуге байланысты негізгі сайлау іс-шараларын аудандық (қалалық) аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Дауыс беру күніне байланысты сайлау рәсімдерін учаскелік сайлау комиссиялары іске асырады. Облыстық аумақтық сайлау комиссияларына заңдылықтың сақталуын бақылау, сондай-ақ, қаржылық, материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері жүктелген.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасының біркелкі қолданылуын, аумақтық сайлау комисисялары қызметінің «Сайлау туралы» заңнама талаптарына сәйкестігін бақылауды, сондай-ақ науқанды жалпы әдіснамалық сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Кандидат төлейтін сайлау жарнасының мөлшері ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде тең – 42 500 теңге.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/202 «бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемін бекіту туралы» қаулысына сәйкес БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін үміткерге қаражат бөлу көзделген:

– теледидарда – 15 минут, радиода – 10 минут, мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда екі мақаласын жариялау үшін – 0,1 баспа парағынан артық болмауы тиіс.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабының 2-1-тармағына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен:

– бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу;

– кандидаттардың сайлау алдындағы көпшілік іс-шараларын өткізу және кандидаттардың үгіт материалдарын шығару;

– кандидаттардың көлік шығыстары;

Айта кетейік, ауылдық деңгейдегі әкімдікке кандидаттарға бөлінетін шығыстардың мөлшерін тиісті облыстық сайлау комиссиясы айқындайды.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады.

Бұл ретте 2021-2022 жылдарға арналған сайлауды қаржыландыру Орталық сайлау комиссиясы арқылы республикалық бюджеттен нысаналы трансферттермен жүзеге асырылатын болады. Кейіннен, 2023 жылдан бастап бұл шығыстар жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына енгізілетін және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілетін болады.

Ағымдағы жылдың II жартыжылдығында тікелей сайлауды енгізуге 4,8 млрд. теңге қажет болады (2021-2025 жылдары – 17,6 млрд.теңге).

2021 жылғы 25 маусымда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚК 113-1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы негізінде аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссиялары ағымдағы жылғы 25 шілдеге 730 ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауды тағайындады.

Венера ЖОЛАМАНҚЫЗЫ

16:20
458

«Сарыарқа газеті редакциясы» ЖШС
Қазақстан, Жезқазған қ., Есенберлин 63/3
Телефон: 8 (7102) 20-19-88

Яндекс.Метрика

ТОО «Редакция газеты Сарыарка» © 2020